Жаңалықтар

Тасқын салдарын жоюға қосымша қаражат қарастырылды

Сессия

Тасқын судың салдарын жою үшін қалалық бюджет резервінен 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс он алтыншы сессиясында 2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджетке енгізілген өзгерістер депутаттар назарына ұсынылды.

Қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанованың төрағалығымен өткен сессия отырысына Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысты.

Сессияның күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. 2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджетке енгізілген өзгерістер жайында Ақтөбе қалалық  экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Үрістемова баяндады.

— Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін жергілікті атқарушы органның резервінен 6,8 миллиард теңге бөлінді, — деді ол.

Оның айтуынша, тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік төлем төлеуге 738 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ қосымша қарастырылған қаражаттың бір бөлігі тасқын кезінде су шайған жолдарды қалпына келтіру, қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына бағытталмақ. Сонымен қатар қаланың Батыс-2, Есет батыр сияқты аудандарында арық салу, су өткізгіш құбырларын орнату, су бұру жүйелерін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға жұмсалады деп жоспарлануда.

Сессияда депутаттар ұсынысына сәйкес «Халық қатысатын бюджет» қаражаты екі аудан бойынша азайтылмай, іске асырылатыны айтылды.

Қазіргі күні су тасқынының салдарын жою бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Сіздердің қолдауларыңызбен бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де бірлесіп атқарамыз деген сенімдемін, — деген қала әкімі Азамат Бекет «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша қарастырылған қаражат сомасының нақтыланып, биыл толық жүзеге асырылатынын атап өтті.

Күн тәртібінде қаралған мәселеге қатысты депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button