Жаңалықтар

150 айлық есептік көрсеткішке дейін қосымша өтемақы төленеді

Қолдау

Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын судан зардап шеккендер үшін 100 айлық есептік көрсеткішке қосымша тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленетінін айтты.

Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер енгізілді. Мен тиісті қаулыға қол қойдым. 100 айлық есептік көрсеткішке қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы төленетін болады. Оған адамдар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады, — деді Премьер-Министр.

Облыста тасқыннан зардап шеккендер үшін тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінде біржолғы әлеуметтік көмекті 2181 отбасы алды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлназ Сисенованың айтуынша, 24 сәуірдегі жағдай бойынша біржолғы әлеуметтік төлемге аймақта 2383 құжат қабылданып, оларға 784 515,2мың теңге тағайындалды. Оның ішінде 2181 отбасына 709 936,8мың теңге төлем жүргізілді. Қалғандарының құжаттары тексеріліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыста су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін барлық іс-шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде біржолғы әлеуметтік төлемдер жүргізу  ісі белсенді түрде жалғасуда. Азаматтар төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгінуі қажет, — деді Гүлназ Сисенова.

Жергілікті өкілетті органдардың шешімі негізінде су тасқынынан зардап шегіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері —  Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би ауданында 300 мың теңге,  қалған аудандарда 100 айлық есептік көрсеткішке (369 200 теңге) тең.

 Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button