Ауыл

Қарымды да қайырымды кооператив

Шалқар ауданының Шетырғыз ауылдық округінің орталығы Қаратоғай ауылында 1996 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «МТС-Қаратоғай» деп аталатын өндірістік кооперативі бар. Жағыпар Салекин басқаратын бұл шаруашылықта бүгінде Мырзағали Төлегенов, Сайлау Дүйсебаев, Кеңесбай Есжанов, Сембай Құлниязов, Орынтай Кеуекбаев, Алмас Рүстем, Мырзабек Нұрпейісов, Берік Дүйсебаев, Руслан Абдуллин, Алтынбек Көмекбаев, Ерлан Ырғызбаев, Асқар Мейірханов сынды азаматтар еңбек етеді. Олардың қай қайсысы да техниканың тілін жақсы біледі, өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Жалақылары да уақытылы беріледі екен.

Кооператив басшысына жолығып, әңгімеге тарттық.

Негізгі мамандығым — электрик. Кезінде «Шетырғыз» кеңшарында электрик, инженер-электрик болып жұмыс істедім. Кеңшар тараған уақытта осында еңбек еткен бір топ азаматтармен ақылдасып, «МТС-Қаратоғай» өндірістік кооперативін құрдық. Бастапқы уақытта Әйтеке би ауданының Құмқұдық деген жеріне барып, бірнеше жыл қатарынан егіс ектік. Одан соң бау-бақша егумен айналыстық. Кейін шөп шабу жұмысын қолға алдық. Алғашында бір комбайн, бір трактор,  «ГАЗ-53», «ГАЗ-66» автокөліктері болды. Кейін тағы бір  комбайн, бір трактор, бір «ЗИЛ» көлігін сатып алдым. Сондай-ақ, 2012 жылы «Казагрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы лизингке «МТЗ-82», 2014 жылы «МТЗ-80» тракторларын алдым. Соңғы алынған техниканың лизингтік пайызы жоғары болды. Бұл біз сияқты қарапайым шаруа адамының қалтасына қиындау соғатыны белгілі. Осы мәселе ескерілсе екен дейміз. Жанар-жағармай бағасы да қымбат. Қазір шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Кооператив шөп шабуға арналған және оны таситын техникалармен қамтамасыз етілген. Шабындық жеріміз ауыл орталығынан 33 шақырым қашықтықта Қопа деген суы мол жерде орын тепкен. Биыл шөп бітік шықты. Шөпті 250 теңгеден сатамыз. Өзім шаруашылық жағын, ал зайыбым Тиыштық Елеукенова есеп-қисап жұмыстарын жүргізеді, — дейді Жағыпар Мұқанұлы.

Аталған кооператив ауылдағы аз қамтылған отбасыларына тегін шөп түсіріп береді. Сонымен қатар техникаларымен ауылдың тазалығына да ұйымшылдықпен атсалысады. Кооператив жұмысын жүйелі жүргізіп отырған Жағыпар Салекиннің еңбегі де ескеріліп, 2011 жылы Шалқар ауданының «Жыл адамы» атанды.

Осы ауызбіршілігі мол шаруашылық ұжымынан абыроймен құрметті еңбек демалысына шыққандар да бар екен. Олар: Мырзағали Төлегенов, Сайлау Дүйсебаев, Кеңесбай Есжанов. Бұл азаматтар зейнеткерлікке шықса да кооператив жұмысынан қол үзбепті.

 Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button