Пікір

Қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдырамыз!

Зульфия НАБИУЛИНА,
«Ассамблея жастары» РҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясына онлайн-форматта қатыстым.
Қазақстанның бірнеше өңірін әбігерге салған табиғи апат отырыста айтылған басты тақырыптардың бірі болды. Президент ел аумағында су тасқыны салдарын еңсеру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды іс-шараларға тоқталып, бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының да белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. «Біз үшін ең бастысы — халықтың амандығы», — деген Қасым-Жомарт Кемелұлы тасқыннан зардап шеккен әр отандасымызға қолдау мен көмек берілетінін айтты.
Мемлекет басшысы күндіз-түні ел тұрғындарының игілігі үшін қызмет етіп жүрген волонтерлер мен Ассамблея жастарының еңбегі туралы айтқанда, өзіміздің тура әрі дұрыс жолда жүргенімізге тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Сессия отырысында Президент қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімді екенін жеткізді. Олай деуге себеп бар. Бүгінде Ақтөбе өңірінің өзінде мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне насихаттау бағытында бірнеше тегін курстар мен клубтар жұмыс істейді. Ең қуантатыны — сол сабақтарға баратын адам саны күн сайын көбейіп келеді. «Ассамблея жастарының» Ақтөбе облыстық филиалында 30-ға жуық этнос өкілі бар. Біз әрбір кездесуді қазақ тілінде өткіземіз. Өйткені мемлекеттік тіл қандай жағдайда да бірінші орында тұруға тиіс.
Сессия отырысында бұдан өзге бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Әрқайсысының еліміз үшін, онда тұрып жатқан әрбір азамат үшін маңызы зор.
«Бәріміз — бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз — бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз — бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз — Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл — Әділетті Қазақстанды құру», — деген Мемлекет басшысы жиын соңында алдағы жоспарларға тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
Біздің міндет — сол тапсырмалардың дер кезінде жүзеге асуына өз үлесімізді қосу.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button