Пікір

Біртұтас ұлт мұраты

Бибігүл БИМАНОВА,
«Aqtobe» телеарнасының шеф-редакторы
1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Президент ең алдымен еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
Ең басты назар аударғаны — ұлттық құндылықтар мәселесі болды. Біз ұлттық құндылықтарсыз ілгері баса алмаймыз. Өйткені ұлттық құндылықтарымызды қазіргі үрдістермен үйлестіре білуіміз керек. Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру үшін бірлік, әділдік, тілектестік, сенім, жауапкершілік керек. Біздің қоғамымыз еңбекқор болған уақытта адал азаматтар өмірге келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады:
— Тарих тоғыстырған тағдырымыз — бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз — бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз — Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз — айқын, бұл — Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, — деді Президент. Сонымен қатар ол ендігі міндет — әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу екендігін алға тартты.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Ол жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button