Әлеумет

Бұқара

  • Түтін

Жүректегі жауһар

Мұзбалақ ақын Мұқағалидың «Сен де кеттің, мен кеттім, ол да кетті ауылдан, осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан» дегеніндей, әрбір адамның дәм-тұз тартып өзі өскен өлкеден басқа жаққа қарай қоныс аударуына тура келеді. Бұл — өмірдің жазылмаған заңы. Жұмыр басты пенде болғасын көші-қоннан қашып құтыла алмайсың.

Алайда қай жердің суын ішіп, дәмін татсаң да атамекеніңді жадыңнан бір сәт шығармайсың. Ата-анасын сағынған сәбидей көңіліңде туған жеріңе деген сағыныш, қимастық сезім оянады. Аулына деген құштар көңілін ақындар жырмен жеткізсе, әншілер ән арнайды. Бай-қуаттылар демеушілік жасап, кішкене отанының шаңырағы биік, түтіні түзу ұшуы үшін өз үлестерін қосады. Өйткені бәрінде де бір ой — өз аулым өзге ауылдан кем түспесе екен. Міне, әр адамға керегі осындай жақұт мақсат, жауһар тілек.

Өзінің тек балалығым ғана емес, жастығымның нағыз жалынды шағы қалған Жайсаңбай аулы — Ырғыз аймағының ең қашықтағы нүктесі. Қалың құмның қоршауында тұрса да табиғаттың бар байлығын бір бойына жинап берген. Бұл жөнінде ұмытпасам, белгілі жазушы Серік Байхонов «Сал үстіндегі маусым» деген кітабында тамсана әңгімелесе, Америкада ғылыми еңбегімен талайларды таң қалдырған қазақтың ғалым қызы (аты-жөнін ұмыттым) Жайсаңбай өзенін жаяу жағалап моллюска іздеп, оны республикалық газетте паш етті. Мұхтар Әуезовтің ұлы Ернар біздің аймақтан реликті шағала тапқанын өз еңбегіне арқау қылды. Қызылқаздар да біздің өзен-көлдерді мекендейді. Жайсаңбай аймағында кездесетін емдік шөптер мен аң, құстардың атын тізбелесек,сөзіміз ұзаққа кетеді.

Өзіме мектепте дәріс беріп, сынып жетекшім болған  бұрынғы ұстазым Елеп ағамыз хабарласып, ел жаққа інісінің жылдық садақасына баратынын, мүмкіндігім болса, бірге ала кетпегін айтқан. Онсыз да атамекеніме бір баруды ойлап жүргенде бұл іздегенге сұраған еді. Сөйтіп жолға шықтық.

«Түзу, түзу тілінген таспадайын» (Мұқағали) тас жолда шетелдік көлік төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпала түседі. Лезде Ұлғайсынға дейін жеттік Шамалы жүргеннен кейін жаңа салынып жатқан жолға келдік. Тас жолдың ортасынан бір ғана көлік өтетіндей етіп жол қалдырған да, қалған жеріне құм үйіп қойған. Күзет қызметкерінің формасын киген екі жігіт жаңа жолмен жүруге болмайтынын айтып, шаңы өзді-өзінен бұрқырап тұрған жер жолға салып жіберді. Баяғы Қобыландының Тайбурылы шабысынан қалған ордай ойдым-ойдым шоқалақтар жүйкені жүндей түтті. Шыдадық. «Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» деп шүкіршілік еттік. Батыс Қытай – Батыс Европа жолы Ырғыз аумағымен өтеді. Әлемдік маңызы бар жолдың тарихы мол ауданға тигізер шарапаты мол болып тұр. Көліктер бұрынғыдай жиі бұзылмайды. Амандық болса, жолаушылар да діттеген жеріне шаршамай жетеді. Туристер де ат басын бұл аймаққа бұрып тұратыны сөзсіз. Сауда да қыза түсер еді. «Кеме келсе, қайық жолдан шығады» дегендей, шетелдік үлкен автобустар маршрутқа шықса, «Пазиктер» сапарын доғаруы мүмкін. Олардың иелері де жұмыссыз қалмас.

Талай дана ұлдарын дүниеге келтірген Ырғыз өңіріне көмегімізді тигізе алмасақ та, жылы лебізімізді білдіріп отырамыз. Біздің Әйтеке би ауданына қарағанда Ырғызға ұялы байланыс көп ертерек келді. Газ беретін станса да бізден бір жыл бұрын салынды. Ол жақта жағымды істер алдымен қолға алынады. Бұл жергілікті азаматтардың бірлігі, аулына деген ерекше құрметі болар. Нұра аулында 100 адамдық мешітті сыныптастар салдырды. Ешкімге алақан жаймады.  Ешкімді үгіттемеді. Сонымен бірге, аудан орталығындағы мектепті бітіргендер әр онжылдықта есте қалатын ескерткіш жасайды.  Мектепті бітіргендеріне 20 жыл болған сыныптастар Ырғыздың Шалқар жақ бағытынан кіре беріске арка жасатқан. Бұл көп қаржыны қажет етеді. Кезінде өздері ақша шығарып, стадионды жөндеді, мектептерге де демеушілік жасады. Жастар басшылықтың үндеу жасауын күтіп отырмайды. Болмаса, байларға бас иіп бармайды. Аудан орталығындағы ардагерлер үйін, мешітті салған — жалғыз кәсіпкер. Біздің ауданда үлкен серіктестіктер болса да, ауданда із қалдыратын ештеңе жасай қоймады. Тек А.Дабылов пен С.Кішкенебаев қана жұртшылыққа қажет құрылыстар жүргізуде. Қалғанында қозғалыс жоқ. Қашанғы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мен зейнеткерлердің аз ғана ақшасына көз сүзіп отырамыз. Олар да үнсіз қалмас. Серіктестіктерді қайта осындай іргелі істерге тарту керек-ақ.

Жайсаңбай селолық округінің бас маманы Ғалымбек Байтақов ауылдағы соңғы өзгерістерді айтып келеді. Жаңа стадионның ашылғанын, кітапханашылардың аудандық семинары осында өткенін, жиынға қатысушыларға Дүйсенбі мешітінде қонақасы берілгенін тілге тиек етті.  Ауылда киіктің көптігін айтып, ауыз жиғанша, бір бөлек дала еркелері машинамыздың алдын кесіп өтті.

Өзім оқыған мектепте болдым, ауылдас аға-апаларыммен сәлемдестім. Қатарларыммен өткен-кеткенді еске түсірістік. Дағдарыс келсе де, ауылдағы ағайынымның еңсесі түспепті. Бәрі де уайым соқпай, баяғы сый-құрметінен жазбапты. Мен осыған риза болдым. Өз-өзімен тіршілік етіп жатқан ырысты Ырғыз өңірінің жұлдызы енді жарқырап келеді. Таяуда Ақтөбе қаласында Ырғыз ауданының күні болады. Бұл — ұйымшыл да, намысшыл, ортақ мүдде жолында жан беруге даяр ырғыздықтарға деген құрмет. Олардың көп нәрсеге қолдары жетпей жүр. Бірақ оларда бір ғана нәрсе бар, ол — шүкіршілік. Өзімнің өлкем — Ырғыз жұртының кешегі ауыртпалығы бір күнгідей болмай өте шығары сөзсіз.

Менің қуанғаным — аулымның түтіні түзу ұшады екен.

Егенберлі ӘБДІРАЕВ,

Әйтеке би ауданы.

  • Тәрбие

Салт-дәстүр санадан өшпегей

Қай ұлттың болмасын  өзіне тән, ғасырлар бойы жалғасқан салт-дәстүрі болады. Қазақ халқының  да ата-бабадан мирас болған салт-дәстүрі бар. Мысалы, Наурыздың тойлануын алайық. Осы айдың 22-інші жұлдызында адамдар бір-бірімен төс қағыстырып амандасады, яғни өткен жылдағы өкпе-ренішті ұмытайық дегені. Қазан көтеріп, жеті түрлі тағам салып асқан Наурыз көже дайындайды.

Түрлі ұлттық ойындар: бәйге, теңге алу, ақсүйек лақтыру,  асық ату, қыз қуу, көкпар тартуды тамашалаған. Алтыбақан теуіп, бір жігіт,  бір қыз болып ән салған. Ал бақанның алты болуында  да үлкен мағына бар. Қазақта: «Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді», — деген мақал бар. Оның мәнісін қазақтың  маңдайы жарқыраған батыр, билері болған Мөңке мен Сырым арасындағы мына сөзден білуге болады.

Бірде Мөңке ағасының қыз ұзату тойына келген Сырым:

— Аға, алтауыңыз түгел, құтты болсын! — дейді

Оған Мөңке:

— Әумин, айтсын, айтсын, — деп жауап берген екен.

Сырымның нөкерлері  тойдан қайтар жолда Сырымға «Сіз неге  алтауыңыз түгел болсын» дедіңіз?» — деп сұрайды. Сонда Сырым батыр сәл езу тартып:

— Әй, қарақтарым-ай, ұзатылып жатқан қыздың  да, күйеу жігіттің де, міне, енді үш жұрты түгенделді, олар — өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты емес пе, екі жақтың үш жұртын қосса, алтау болмай не болады? — деген екен. Осы алты жұрт ауызбірлікте, тату болсын деген батыр тілегін би ағасы бірден түсінген.

Балабақша ауласында тұрған, орысша «качели» деп жүрген әткеншекті алтыбақан деп атаса, бала санасына қазақы ұлттық салт-дәстүріміз сіңіріле берер еді.

Қазақтың сәлемдесуі де тұнып тұрған философия деуге болады. Үлкен кісіге сәлем бергенде қос қолыңды ұсынып «Ассалаумағалейкум!», — деп жайдары сәлемдесу керек, сонда ол да «Уағалейкумссалам!» қос қолын береді.

Бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың алар орны ерекше. Мысалы, асық ойыны баланың көз, қол мергендігін жетілдіріп, ойлау қабілетін дамытады.

Енді бір айтпаса болмайтын жағдай бар. Келін түсіп, беташар рәсімі жасалып жатқанда, кейбір ата-аналар кішкентай балаларды қолына ақша беріп, арнайы қойылған ыдысқа салуға жұмсайды. Бұл — теріс тәрбие. Бұрынғы өткен ата-бабамыз беташарға ақша салмаған. Берсе, жырауға ат-тон жоралғысын жасаған. Олар ақша араласқан жерге жын-шайтан үйір деп есептеген. Ал сол беташардың қамшысын ұстайтын ер баланы күні бұрын дайындаса да айыбы жоқ.  Бұл «Мен де болашақ қамшыұстармын» дегенді білдіреді.

Қазақта «Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді», — деген де мақал бар.  Ал кішкентай бала сорғыш сияқты,  көрген  жақсы-жаманын бойына сіңіре береді.

Кейде біз салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ара жігін ажыратпай, бірін екіншісімен шатыстырып жатамыз.  Әдет-ғұрып дегеніміз —  түрлі наным-тыйымдар. Мысалы: жаңа түскен келіннің босағаны оң аяқпен аттауы, бос бесікті тербетпеу, әйел адамның шашын бос жіберіп жүрмеуі (өйткені ертеде тек адамы өліп, қаралы болған әйел шашын бос жіберіп жоқтаған), отты су құйып өшірмеу, т.с.с. болып кете береді.

Мына жаппай жаһандану заманында тек бір ұлттың шеңберінде тұйықталу мүмкін зиян да болар,  дегенмен жас өскін  ата-бабасы тамыр тартқан ұлттық негізін  санасына құйып өскені жақсы болар еді.

Мариям КЕНЖЕБАЙ,

№19 «Бұлақ» балабақшасының тәрбиешісі.

  • Пікір

Енемнің ерсі тәрбиесі

Менің бұл отбасына келін болып  түскеніме 7 жылдай уақыт болыпты. Құдайға шүкір, екі ұлдың анасымын, жанымды түсінетін жарым, үлкендігін айтып отыратын енем бар. Сонымен қоса «отырып қалған» екі қайын апам, күйеуден қайтқан бір қайын сіңлім бар. Менің айтпағым — енемнің қыздарына беріп отырған ерсі тәрбиесі жайлы.

Мен келгенде екі қайын апам да нағыз күйеуге шығатын жаста еді. Біреуі 26-да, екіншісі 28-де болатын.  Екеуінің де алған тәрбиелері өте жақсы. Өздері — қалаған мамандықтарының иелері. Қылтың-сылтыңмен шаруалары жоқ. Үйдің шаруаларын да келіннің міндеті, қыздың жұмысы демей, атқара салады. Айыптары — болашақ үй болудың қамын ойламайтындықтары. Жастары келіп отырса да, күйеуге шығу ойларына кіріп те шықпайтын тәрізді. Бір-екі рет кіші қайын апаммен сырласып көргенімде: «Мамама кезінде кімді айтсам да жақтырмады. Қазір үйлене салатын жігіт те жоқ», — деді.

Рас, енемнің әрбір сөзінен қыздарына қатаң тәрбие бергендігі аңғарылып тұрады. Естуімше, оларды жоғары оқу орнында оқып жүрген уақыттарында да кештерге, отырыстарға жібермейді екен. Ал үйдің кішісі 24 жасында күйеуге шықты да, бір жылдан кейін ішіндегі баламен төркінге қайтып келді. Оның ажырасуына да енемнің кесірі тиді десем болады. Таң атқаннан қызына телефон шалып, кешке дейінгі шаруасының «планын» сызып береді. «Күйеуіңді басыңа шығарма, ол қайда кетті, қыдырып жүрген шығар, ертең үйге келіп кет, қарның ашып жүрген жоқ па?» деген сияқты сөздерін күнде естимін. Сосын өз шаңырағында тек жылулық пен ерекше ықыласты көріп қалған қыз өзгенің тәрбиесіне, қайын жұрттың оны-мұнысына қайдан көнсін? Енем өйтті-бүйтті, әйтеуір қызын қасына әкеп алды. Қазір үш қызы үш жағында. Өзі — қаннен-қаперсіз. Соған қарағанда менің енем қыздарының болашағын ойламайды. Әр қыздың бірінші мұраты кету екенін тіптен естен шығарған. Маған қыздардың да, енемнің де аса зияны тиіп жатқан жоқ. Қайта балаларымды төбелеріне қоятын тәтелерінің, әжесінің болғанына қуанамын. Дегенмен, мен де анамын ғой, үйдегі қыздардың келешегіне кәдімгідей алаңдаймын. Бұл ойымды енеме де, жолдасыма да айтқан болатынмын. «Тағдыр көрсетеді» дейді де қарап отырады. Бірақ қыздарын ешкімге, ешқайда жібергісі жоқ. «Бақытты болатын қыз өз шаңырағында отырып та бақытты болады» дейді бірде.

Бірақ енем қыздарының бақытына балта шауып отырғанын тіпті де ойламайды. Бүгінде үлкен қайын бикем 35-те. Енді екі-үш жылдан соң оның бала туу қабілеті де қалмайды. Ол — табиғи заңдылық. Қазір шешелеріне арқа сүйегендерімен, ертең қу тізелерін құшақтап қалатындығын неге қыздардың өздері ойламайды?

Мамандығым мұғалім болғандықтан, осының барлығы менің жаныма қатты батады. Мен олардан еш нәрсені, үйімді, тамағымды қызғанып отырғам жоқ. Тек өз бақыттарын тапса деймін. Ал енем олардан гөрі өзін көбірек ойлайтын сияқты.

Тамара ТЫМБАУЛИЕВА,

Ақтөбе қаласы.

  • Тағылым

Бірлесіп берген тәрбиенің жемісі

Тәрбие табалдырықтан басталатыны анық. Бүгінде мектеп оқушысының, балабақша тәрбиеленушісінің кішкене кемшілігін аңғарған ата-ана бүкіл кінәні мұғалімдер мен тәрбиешілерге бұра салатынды шығарды. Ал мектеп мұғалімдері бұл олқылықты ата-анасынан немесе жүрген ортасынан көреді.

Бала тәрбиесін бір-біріне ысыра салушылықтың түбі жақсылыққа апара бермейтінін кейбіріміз ұғына бермейміз. Ұлы Абай ақын бала тәрбиесінің үш ортаға байланысты екенін ашып айтып кеткен. Алғашқысы — ата-анасы, екіншісі — ұстазы болса, соңғысы оның өскен ортасы болмақ. Осы үш ортаның ауызбіршілігі мықты болып,  баланың негізін бірлесіп қаласа, келешек ол жеткіншектен ұлағатты тұлға шығатыны айқын.

Бала тәрбиесі бүгінгі күні бір ғана отбасының немесе мектептің жеке ісі емес, ол бүкіл қоғам шұғылданатын істің тұтас бөлігіне айналып отыр. Ұлттық педагогиканың «Бас мүлгісе, аяқ сүрінеді» деген қағидасы баланы бетімен жібермеуге, жамандықтан жирендіруге шақырады. Қазақ мектептерін ұлтымыздың айнасына айналдырып, оқу тәрбие жұмыстарын әлемдік деңгейге көтеру үшін тек мұғалімдер ғана емес, қалың жұртшылық болып, бірлесе күш салу керек деп ойлаймын.

Мемлекетіміз рухы таза, санасы биік, білімді де білікті ұрпағымен мың жасайды, жаңа буын жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтерілмек. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне жеңіл қарау ұлт тағдырына, қоғам мен мемлекет болашағына жауапсыздық таныту болмақ. Балаға бірлесіп берген тәрбиенің жемісі де тәтті,  сәтті болмақ.

Айна ИДИРИСОВА,

№3 мектеп-гимназияның мұғалімі,

Қандыағаш қаласы.

  • Зар

Ұлымды іздеп жүрмін

Жасым 73-тегі кейуанамын. Алты баланың анасымын, тәубе, немере де сүйіп отырмын. Өзегім өртеніп, өздеріңізге жазғалы отырған бұл мақаламды баласын сағынған ананың мұңы, оқырманнан сұраған өтініші, «үмітсіз шайтанның» тірлігі деп оқырсыздар.

Мен — туған баламнан тірілей көз жазып қалған анамын. 1965 жылы туған ұлым Үбайдулла (жолдастары Уалихан деп те атайды) келініміз Гүлсанмен қосылып, бөлек отау тікті. Өзінен кейін інілері болған соң, бөлек тұрғаны да жөн дегенбіз. Алғашқыда Ақтөбе қаласында аз уақыт мекендеп, кейін Мәртөкке барып орналасты. Екі балалы боп, ел қатарлы өмір сүріп жатқан. Балам техниканың тілін жақсы меңгерген еді. Теледидар, телефон дегендерді оңдауды шемішкедей шағатын.

Бір жылдары басына қатты салқын тиіп, оған ота жасаттық. Кейіннен денсаулығы жақсарып, қатарларына қосылып, сүйікті кәсібіне қайта оралды.

2008 жылдың 11 наурызы күні кешкілік балдызымен шахмат ойнап отырған Убайдулла сыртқа шығып келмек болған. Байғұс бала сол шыққаннан қайта оралмаған. Ал біздер сол күннен бері әлі үмітімізді үзбей, іздеудеміз. Мәртөктің ішкі істер бөлімінен бастап, Ресейдің «Күт мені» бағдарламасы мен өзіміздің «Бармысың, бауырымға» дейін хат жаздық. «Бармысың, бауырым?» бағдарламасынан бір рет аты аталып, суреті көрсетіліп, іздеу салынды. Осыдан кейін біздер телефон безілдесе, ұлымыздан хабар келетіндей, елеңдеп жүрдік. Бірақ әлі де «көрдім, білдім» деген ешкім кезікпей отыр. Адамның ойы сан-саққа жүгіреді екен. Бір мезгілде басы ауыратын ұлды біреулер зорлықпен күш көрсетіп, жұмсап отыр ма екен деген ой да келеді. Пешенеңе не жазса да, көнбесіңе амал жоқ. Бүгінде екі жылдан бері ізім-қайым жоғалған Үбайдулланың ең болмаса, мәйіті табылса екен дейтін болдық. Сүйікті газетімізге айналған «Ақтөбеге» де көрген, білгендер үн қатса екен деген тілекпен жазып отырмын мұңымды. Ұлымның суретіне үңіліп қараңызшы, мүмкін, сіз ол туралы білетін боларсыз. Сіздерден де хабарды асыға күтем.

Мадина ЕСЕКЕНОВА,

Үбайдулланың анасы.

Шалқар қаласы, Резанов көшесі,11 үй,

Телефоны: 23-6-70

  • Күңкіл

Атамыз қайда?

Алға қаласында кеңес кезінде салынған үш үй бар. Неге екені белгісіз, барлық үй көшеге қарап тұрса, бұл үш үй көлденең тұр. Содан ба екен, халық, осы үш үйді «Три богатыря» деп атап кетіпті.

Осыдан үш жыл бұрын  осы үш үйге қазақтың үш биі — Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің портреттері ілінді. «Кімнің идеясы болса да, жақсы ой екен» деп, біз, ақсақалдар, мәз болдық.

Өткен жылы Астананың он жылдық тойы кезінде Әйтеке атамыздың суреті түсіп қалды. Кемшілікті көре қалғыш аудандық газет «Атамыз Астана тойына неге қатыспады?» деп аттандап жазды. Аздан соң атамыздың суреті қайта ілінді. Аудандық газетке алғысымызды жаудырып біз қалдық.

Бірақ ерте қуанған екенбіз. Атамыздың суреті көп уақыт өтпей-ақ тағы түсіп қалды.

Ұзынқұлақтың білмейтіні бар ма, «ой, пәлен ақша бөлінген екен, содан жымқырып қалған ғой, әйтпесе сапалы қылып жасатпай ма?» деген өсек сөзді де құлағымыз шалып қалады. Не болса да, атамыздың суреті сол түскеннен қайтып орнына келген жоқ. Тіпті ізі де қалмады. Сонымен атамыздың орны үңірейіп тұрғанына біраз айдың жүзі болды, тырс етіп бірдеңе жасап жатқан адам көрмедік.

Ауыл ақсақалдары атамыздың орнын жоқтап, өзара күңкілдескенімізге де көп болды.

Қазақта «өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалайды» деген қарғысқа тең сөз бар. Ел басқарған азаматтардың намысын іздейміз бе, әлде атамыздың басын іздейміз бе, соны біле алмай «Бұқараға» хат жолдап отырмыз.

Оңғарбай КҮСЕПОВ,

зейнеткер, Алға қаласы.

  • Ілтипат

Туған өлкеге тартқан ұл

Туған өңіріміздің қатпар-қатпар тарихының тереңіне бойлай түссең, оның ұшы-қиыры жоқ сияқты болып көрінеді. Туып-өскен мекеннің арғы-бергі тарихында есімі елге белгілі азаматтар аз болмаған. Ырғыздың киелі топырағында дүниеге келген перзенттер арасынан бұрын беймәлімдеу мамандықты, кәсіпті игергендер де кездеседі. Мәселен, қазақтың тұңғыш теміржолшысы Төлепберген Серғалиев Ырғызда туған.

Ал бүгінде Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын «Қазақстанға еңбегі сіңген кенші», дербес зейнеткер Әлсабыр Дәрменбайұлының Ырғызда дүниеге келіп, мектеп бітіріп, бұл өңірге тосындау мамандықты игергенін былайғы жұрт біле бермесі анық. Өз басым ол кісіні жете танымасам да өмірбаян жолдарындағы «1933 жылы Ырғыз ауданының 25-ші аулында, қазіргі «Нұра» кеңшарының ізі —Қызылкөл мен Шолақкөлдің сағасында дүниеге келген» деген мәліметтерді жаныма тым жақын тұтамын. Білмейтініміз көп екен-ау. Бір топырақта туып, өмірдің өз ырғағымен, қызмет жолымен жырақта жүрген жерлесіңді білмеу бір жағынан кешірімді де болып көрінеді.

Елдің елдігін, бірлігін танытатын мерейлі бір шаралар болады. Кешегі өтпелі кезең аталып жүрген шақта 1996 жылы Ырғыздың 150 жылдық мерекесі осы өңір азаматтарына айрықша бір серпіліс әкелгені шындық. Ауданның сол кездегі әкімі Жеткерген Оралмағамбетов елдің рухын көтеру үшін қаржы қиындығына қарамастан, көпшілік көңіл аударатындай шараларға тәуекел жасады. Сондай бір тұста Ырғыздың бір жарым ғасырлық тойының дүбірі облыс көлемінен асып, жан-жақтағы туған жер деп еміренген азаматтарды да бейжай қалдырмаған еді. Сол жылы «Ақтөбе» газетінде Ырғыздың 150 жылдығына байланысты мақалалар жиі жарияланды. Солардың қатарында Рудный қаласында тұратын Одақтық дәрежедегі рационализатор (өнертапқыш), дербес зейнеткер Әлсабыр Дәрменбайұлының «Жоқ-жұқа кезде ер жеткен ел мен жер сағындырады» деген тақырыптағы жариялаған мақаласынан сағыныш лебі айрықша аңғарылды. «Осы өңірдің перзенті ретінде менің де делебем қозып, өткен өмір жолдарым, көрген қиындығым мен қызығым еске түсіп, қолыма қалам алуға итермеледі. Әлі есімде, сонау 1951 жылы Сталин атындағы Ырғыз орта мектебін 56 жас жігіттер мен қыздар бітіріп, өмірге жолдама алған едік», — деп еске алады Әлсабыр аға.

Әр адамның өткен өмір жолына көз жіберсең, киноның лентасындағы бейнелердей елестейді. Жастық шағы Нұра өңіріндегі бұрынғы «Жаңа дәуір» колхозында өткен Әлсабыр сондағы бастауыш мектепте хат танып, одан әрі Жабасақтағы жеті жылдық білім ұясында жалғастырды. Әкесі Дәрменбай Еспенбетұлы заманында Ырғыздың белгілі азаматы болған кісі екен. 1937 жылы «Халық жауы» атанып сотталып, содан қайтып оралмаған. Әлсабыр жас та болса соғыс кезінде анасымен бірге колхозда шаруашылықтың әр саласында еңбек атқарып, өмірін өткізді. Талай азаматтарды қияға ұшырған Ырғыздағы Алтынсарин негізін қалаған Сталин атындағы орта мектеп интернатында (сол кездегі атауы) төрт жыл оқып, 1951 жылы оныншы сыныпты үздік бітіреді.

Ырғыздың сайын даласынан үлкен өмір жолына қанат қаққан ол Алматы қаласындағы Қазақтың тау-кен институтына түсіп, 1956 жылы оқу орнын үздік дипломмен тамамдайды. Шалғай өңірдегі қазақтың кең сахарасында туып, орыс тілін шорқақ меңгерген Әлсабырға және оның тұстастарына сабағы таза орыс тілінде өтетін аталмыш оқу орнын бітіру оңайға түспегені анық. Таудай талап пен қайраған намыс босаңсуға мүмкіндік бермепті.

Мәселе өмірбаянда, қызмет жолдарында тұрған жоқ. Бүгінде жасы жетпіс алтыдан асқан ақсақалдың өмір жолынан үлгі етер өнегелі тұстардың мол екені аңғарылады. Облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарық көрген «Ел қадірлеген азамат» деген тақырыптағы мақала еріксіз назар аудартады. «Ардагер аға зейнеткер болып үйде отырған жоқ. Ол Қытаймен біріккен кәсіпорынды басқарып, оны да жүйелі іске қосты. Содан бірлестік президентінің кеңесшісі болып, өзінің өндірістегі бай тәжірибесін жастармен бөлісіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ.

Қазір Әлсабыр Дәрменбайұлының ССКӨБ-те ақсақалдар кеңесін басқарады. Қазіргі қиын заманда зейнеткерлердің жағдайын, проблемаларын шешуге көмектесуге белсене ат салысып жүрген ақсақалдардың бірі. Сонымен бірге ол облыстық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі. Абыройлы ақсақалымыз қалада (Рудный қаласында) мешіт ашу ісін де өзі бастап, өзі аяқтап шықты. Жалпы Әлекең қай жерде жұмыс істесе де абыроймен, құрметпен істеп шығады. Өйткені ол өмірге деген құлшынысы зор, еңбекқор жан», — деп жазыпты газет.

Азаматтың осындай абыройға бөленуінде, отбасының берекесі мен бірлігіне ұйытқы болған зайыбы Роза Ілиясқызының да үлесі мол. Бұл күнде бұл кісілер — балаларын өсіріп, ұрпақтарының игілігін көріп отырған бақытты жандар.

Ырғыздың топырағында қасиетті нәр бар десек, бұл асыра айтқандық болмас.

Келісті, кең пейілді Ырғыздың бір азаматы Әлсабыр Дәрменбайұлы ағамыздың сырт жерде жүрсе де  Ырғызға, қарыштап дамып келе жатқан Ақтөбеге деген ыстық пейілі әрдайым жоғары. Мен сонау Қостанай өңірінде тұратын Әлсабыр ағаның мейірбандығын, азаматтық ұстанымын Ырғыздың дарқан даласына ұқсатамын.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button