Әлеумет

Бар қадірді жоғалтатын — алкоголь


29 қазан —  дүиежүзілік алкогольден бас тарту күні болып жарияланғаны белгілі.  Қазақстан мен бүкіл әлемге қауіп төндіріп, жүйке-неврологиялық және басқа да инфекциялық аурулардың өршуіне әкеліп соқтыратын, бауыр циррозы, қатерлі ісіктің әр түрлері мен мезгілсіз, ерте өлімнің негізгі себебі боп табылатын «ащы суға» тәуелділіктің алдын алу мақсатында атап өтіліп жүрген даталы күн барын біреу білсе, біреу білмейді.  Елімізде жылда тіркелетін кісі өлімінің 11 пайызы осы ішімдіктің әсерінен болатындығын айтып отырған мамандар адамды ақылынан алжастыратын «әзәзілге» қарсы қоғам болып күресуге шақырады.

Арақ арқалататын азап

Алкогольдің өсер ұрпақ үшін  зор зияны бар екендігі ертеден-ақ белгілі болған. Ерте ғасырдағы Рим заңдарында алкоголь ішімдіктерін 30 жасқа толмаған жастарға ішуге рұқсат берілмегендігі бекер емес, себебі бұл уақытта жастардың дүниеге ұрпақ әкелу құбылысының қарқынды жүретін уақыты. Көне Грекияда да 18 жасқа дейінгілерге «ащы су» ішуге тосқауыл қойған. Ресейдегі ертеден келе жатқан құжаттарда жаңадан отау тіккен жастарға ішімдік ішуге тыйым салынған. Франция елінде арақ ішкіш ата-аналардан туған әлсіз балаларға арналған «жексенбі күнгі балалар» немесе «көңілді кештің баласы» деген кекесінді атау бар.

Бір сәттік құлқынның қызығы үшін  көмейге қылғытатын арақтың басты қасіреті – адам денсаулығын күйретуі. Зерттеулер көрсеткендей, кең көлемде жүргізілген насихатқа қарамастан, жұрттың басым бөлігінің алкогольге тәуелділіктің қалыптасу заңдылықтары жөнінде нақты түсінігі болмай шыққан. Өкінішке орай, жұртшылықта «көпшілік орындарда алкогольді аздап, «мәдениетті» пайдалану маскүнемдік дертіне шалдықтырмайды, бұл өз мүмкіндігін және арақ іше білмейтін адамдардың үлесіндегі жағдай»— деген жалған түсінік қалыптасқан.

Спирт — ерігіш болғандықтан ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт нерв клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылып, рухани ауыр халге ұшырайды. Отбасындағы зорлық- зомбылық оқиғаларының үштен екісі және  балалардағы қатігездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігіне байланысты болып келеді екен. Бақытсыз жағдайлардың, адам өлтірудің, өзіне қол жұмсаудың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайтыны да бесенеден белгілі.

Ішімдік ісіңді ілгерілетпейді

1915 жылы Пироговтық съезде орыстың атақты дәрігерлері «Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді» деген пікірге тоқтаған. Арақ ішуге әуестік ерте ме, кеш пе, әйтеуір «алқаштық» ауруға душар етпей қоймайды. Ішкіштік кеселге тап болған маскүнем ата-аналардан туған балалардың денсаулықтарында зор кінәраттардың болатынын  көптеген дәрігерлер өз зерттеулерінде дәлелдеп келеді.  Мысалы, француз дәрігері  Доньсе 10 маскүнемдікке салынған отбасының 57 сәбиіне зерттеу жүргізгенде, олардың 25-і қызыл шақа кездерінде шетінеп кеткен, 5 бала тырысқақ ауруымен ауырады екен. Тағы бесеуінде ауыр ми ісіктері кездессе, 12 баланың он екі мүшесінде кемістік байқалғаны дәлелденген.

Ислам дінінде де, күнделікті адам өмірінде де тек зияны ғана тиетін спирттік ішімдіктерді көптеген өндірістерде еріткіш зат ретінде қолданады. Химиялық өнеркәсіпте оларды сан алуан синтездер үшін пайдаланады. Спиртті тотықтырып, тағамға қажетті сірке қышқылын алады. Оны хлорсутекпен өзара әрекеттестіру арқылы ота жасалатын жерді жансыздандыратын хлорэтан дайындайды. Айта берсең, адам тұтынатын заттар жасауда пайдасы бар алкоголь өнімін көбірек ішкен жанның бүйірі шығып байығанын, жасарғанын, жетістіктерге қол жеткізгенін көрген ешкім жоқ. Керісінше, ішкіштердің үнемі ісі ілгерілемей, ібілістің үніне ілесіп, талай жан түршігерлік жағдайларға тап болып жатқандығын көз көріп жүр.

Бүгін дүние жүзі болып алкогольдік өнімдерден бас тартатын күн, яғни атаулы күн.  Мерекені арақ-шарапсыз атап өтуіңізге болады.

Лаура ПАЛМАН.

Орталықта олар он мыңнан асады

Маскүнемдік — өз алдына ауру емес, бірақ бара-бара түрлі ұсақ мүгедектік пен қатерлі ауруларды туғызатын қауіпті қасірет. Облыстық наркологиялық диспансердің нарколог-дәрігері Сәуле Бекетованың айтуынша, орталықта 10 мыңнан аса адам тіркеуде тұр.

Бұлардың ішінде нашақорлар, маскүнемдер, таксикомандар бар. Мұндағы маскүнемдер бірте-бірте араққа үйір болып жүріп, кейін оны пайдаланбаса тұра алмайтын халге жеткендер. Орталықтағы 8 мыңға жуық жан — алкоголь ішімдігіне бейімділер. Олардың бес мыңдайы нағыз айықпайтын «алқаштар». Диспансерде ем алушылардың өз өтініштері бойынша есімдері құпия сақталады. Ерікті түрде өздері емделгісі келмеген жағдайда туыстарының көмегімен еріксіз емдеуімізге тура келеді.

Алкоголизм — созылмалы ауру. Ұдайы алкоголь ішімдігін пайдаланатын адамның денсаулығы ешу ақытта жақсы болмайды. Себебі, арақ бүкіл ағзаны улайды.

Көшеде мас күйінде ұсталып, өңіріміздегі айықтырғыш орындарына түсетіндердің саны соңғы  9 айда 9159 адамға жеткен. Олардың 15-і — нәзік жандылар.

Облыстық ішкі істер басқармасының айықтырғыш бөлімінің бастығы, майор Руслан Қаскеевтің айтуынша, бұл жерге 1 айда 1000-нан аса жерлесіміз «қонақ» боп қайтатын көрінеді.

Айықтырғыш — аты айтып тұрғандай, көп мөлшерде алкоголь ішімдігін ішіп, қолға түскендерді сауыққандарынша ұстайтын орын. Мұнда көбіне жастардан гөрі 30-40 жасты алқымдаған егде жандар түседі. Бүгінде тәртіп қатаң қадағалануда. Тәртіпке көнбей, бұзақылық жасағандар 15 тәулікке дейін қамалады. Орталыққа түскендерге мешіт имамдары арнайы келіп, имандылық сабақтарын жүргізіп жүр.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің  бас имамы Бауыржан Есмахан ислам дінінде жат әрекет болып табылатын ішімдікке әуестілік кісіні рақымшылық, мейірімділік қасиеттерден жұрдай қылатынын айтады.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ассамблеясының қарарында маскүнемдіктің адамзат денсаулығына әсері әлемдік түйінді мәселелердің қатарында екені айтылған. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас дәрігері Райхан Ыбыраева темір торға түскен жандардың 80-90 пайызы арақ ішіп, қылмыс жасағандар деп пайымдайды.

Зерттеулерге жүгінсек, дүние жүзінде болып жатқан қылмыстарға алкогольдің әсері орасан. Медицина  арақтың зияндылығын ғылыммен дәлелдеуден кенде емес. Десек те, елімізде арақтан бас тартушылардың саны артпай отыр. Ішімдіктің ең қатерлісі — әйел мен еркек бойындағы ұрыққа зиянды әсері болып табылмақ. Дүниеге дені сау, салауатты өмір салтына бейім бала келуі үшін алкогольмен күресті қоғам болып жүргізуіміз керек,— дейді ол.

Бүгінде кез келген дүкенде арақ пен шараптың неше «атасы» самсап тұр. Шөлмекке сыйып тұрған «әзәзіл»  әрің мен әніңді кетірмесін десең, сол «пәлекеттерге» жоламағаның жөн.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының баспасөз қызметкері.

Дерек

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы нашақорлық, психиатрия және психотерапияның Республикалық ғылыми тәжірибелік орталығының мәліметтеріне жүгінсек, бүгінде еліміздегі нашақорлықты емдеу ұйымдарының диспансерлік және кеңестік есебінде 245 716 адам тіркеуде тұр екен. Ал Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының көрсеткіштері спиртті ішімдік тәуелділігінен әлемде жыл сайын 2,3 миллион адам көз жұматынын көрсетіп отыр.

***

Араққа қатысты әзіл

Күн құрғатпай арақ ішетін екі достың бірі екіншісіне:

— Осылай «алқаш» атанармыз. Бүгін ішпей-ақ қояйықшы,— дейтін көрінеді.

Екіншісі:

—Олай болса, мен мына шөлмекті екі қолымның біріне ұстап, артқа жасырайын. Сен тапсаң ішеміз, таппасаң, ішілмейді,— депті. Қолындағы бөтелкені екі қолына кезек ауыстырып, «қай қолымда» деп тұра қапты.

—Оң қолыңда,— депті досы.

Сөйтсе, әлі де ішуге ықыласы ауып тұрған екіншісі:

— Сәл ойланып көрсең қайтеді,— деген екен.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

    1. Өйткені, ішімдіктер мен шылым Қазақстан саудасында бірден-бір басты тауар өнімі болып табылады,олардың бағасын көтергенімен, оны халық тұтынуын қоймайды. Өкінішті-ақ әрине. Бірақта, ШЫНДЫҚ осы!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button