Тарих

Жалғызсырағанда — жақтас, ойсырағанда — одақтас

Жалаңтөс Сейітқұлұлының туғанына — 440 жыл

 «…Түрік дүниесінің бағзыдан баянды абырой-беделі мен намысына түгел жоқшы, түгел сақшы да сол болыпты. Сүйтіп жүріп қыр жайлап, қиян кезіп, құйын қуған көшпенді елдің іргелі мемлекет, ірі ел болуына да жан-тәнімен қолғабыс етіпті. Қазақ хандықтарына жалғызсырағанда жақтас, ойсырағанда одақтас бола біліпті. Жалаңтөстің тұсында қазақтың еш жерде бағы кеміп, сағы сынып көрмепті. Ойға да, қырға қожа бола білген ондай перен оған дейін де, одан кейін де көп бола қоймапты».

Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев Бегімбай Ұзабаевтың «Жалаңтөс баһадүр» романының алғы сөзінде осылай дейді.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының туғанына биыл 440 жыл толады.

Ол Қызылорда облысының Қазалы ауданы аумағында, Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасына жақын жерде дүниеге келген. Қазіргі күні туған жері Жалаңтөс ауылы аталады. Осы атақоныстан әкесі Сейітқұл би қуаңшылыққа, ашаршылыққа тап болған қырық мың үйлі жұртты бастап, Бұқара шаһарына жақын Нұрата өңіріндегі Қызкеткен тауының етегіндегі жайлауға көшкенде, Жалаңтөс баһадүр бес жаста екен. Жәдікұлы Шығай хан Сейітқұл қажыға ұлан-ғайыр шұрайлы алқапты тарту етеді. Шығай мен Сейітқұл бала кезден достар екен.

Сейітқұл екі әйел алған. Бәйбішесінен — Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша, тоқалынан Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян атты ұлдар өмірге келеді.

Жалаңтөс жас кезінде медреседе оқыған. Әкесінің жанында жүріп, ел басқару тәжірибесін санасына түйіп, талай би, шешендердің, ел басқарған азаматтардың сөздерін, ақындардың толғаулары мен айтыстарын тыңдап өскен. Бала жасынан-ақ ерекше зеректігімен, ақыл-парасатымен, табандылығымен көзге түскен оны әкесі 12 жасында Тамды мен Қызылқұм қазақтарының билеушісі Дінмұхаммедтің қарамағына беріп, қызметке баулиды.

Кейін Бұқарадағы әскери мамандар даярлайтын мектепте оқыған.

Жалаңтөс өмір сүрген заман — Алтын Орда, Әмір Темір империялары ыдырап, қыпшақ сахарасындағы халықтардың бөлініп, ұлттық ордалар тігіп жатқан тұсы. Хорасан, Иран мемлекеттерінің билеушілері Ұлы Далаға қызығып, көз аларта бастаған. Мына жағында — Қытай, ана жағында орыс және бар. Жоңғария да осы өлкеге қауіп төндіріп тұр. Қауіп-қатерге толы заманда әскери қабілеті, батырлығымен аты шыққан Жалаңтөс сынды тұлғалардың орны бөлек болары түсінікті. Жалаңтөсті Бұқара ханы Имамқұл өз қасына алады. Имамқұлдың тұсында (1611—1642 жж. билік құрған)  Жалаңтөс батыр Самарқан аймағының әмірі әрі әскербасы, яғни бас қолбасшы да болған. Жалаңтөс баһадүр қазақ даласына, әсіресе, Орбұлақ шайқасы кезіндегі ерлігі арқылы әйгілі болды. Жоңғардың Батур қонтайшысы бастаған қалың қол 1643 жылы қазақ даласын бетке алды. Қонтайшының қол астындағы сарбаздардың саны жөнінде «50 мың қол еді» деген дерек айтылады. Қазақтың Салқам Жәңгір ханы аз күшпен қалмақтарды жеңе алмасын біліп, Самарқандағы Жалаңтөс баһадүрге хабар жібереді. Өзі аз ғана қолмен «сасықтеке түтіні», улы жебелер арқылы қалмақтардың жолын бөгеп, естерін шығарғаны тарихтан белгілі. 20 мың қолмен Жалаңтөс келгеннен кейін, қазақтар біржола жеңіске жетті. Орбұлақ шатқалындағы жеңіс — бабаларымыздың бірлігі арқасында келген жеңіс еді.

Батур қонтайшы жеңілгенін мойындап, Жалаңтөс баһадүрге өзінің Қанза атты сұлу қызын береді. Жалаңтөс Самарқанға оралғанда, бұл қызды алдынан шыққан туған ағасы, Қоқан әмірі Ақшаға тарту етеді. Қазақтар оны Кәніспек атап кетеді. Бұл анамыздан Айдарбек, Ақылбек, Қалқаман, Елсемен деген ұлдар дүниеге келеді.

Ақша бірде жорыққа кетіп, елге оралғанда: «Бұл қай ауыл?» — деп сұрайды. Сұраған адамы: «Кәніспектің ауылы» — деп жауап береді. Сонда Ақша атамыз: «Мен атымды шығарамын деп дүние кезіп жүргенімде, мына жақта менен бұрын әйелімнің аты шығыпты ғой» — депті. Төртқара руының Кәніспек тармағы осылай шыққан деседі.

Пәкістан, Ауғанстан, Үндістанды уысында ұстаған Ұлы Моғол империясы билеушілері 1644 жылы Бұқараға соғыс ашады. Олардың мақсаты — арғы аталары Ақсақ Темір билеген өңірді қайта басып алу. Осы соғыста  Жалаңтөс баһадүрге Салқам Жәңгір хан көмекке келеді. Екеуі бұл жолы да жеңіске жетеді. Осы жеңістен соң Жалаңтөске  «Абдкерим» деген атақ беріледі. Бұл Алла жолына, дінге еңбегі сіңген тұлғаларға берілетін атақ екен.

Жалаңтөс баһадүр — атақты қолбасшы ғана емес, қол астындағы Самарқан қаласының көркейіп-гүлденуіне ерекше үлес қосқан басшы. Ол атақты Регистан кешеніндегі «Ширдор» («Арыстан») және «Тилла Кари» («Алтынмен  апталған») медреселерін салдырған. Бүгінгі күні бұл кешен дүниежүзілік маңызы бар ескерткіш ретінде ЮНЕСКО тізіміне алынып отыр. Жалаңтөс баһадүр самарқандық білімді жастарды  Бағдаттағы оқу орындарына, Мысырға жіберіп, қамқорлық жасап отырған.

Жалаңтөс баһадүр Самарқанда  43  жыл  әмірін жүргізген. 80 жасында дүниеден өтіп, Самарқанда жерленген. Қыздары — Мәлика, Ихлима бану, Айбибі және ұлы Сұлтанбек те Жалаңтөс баһадүрмен бір қорымда жатыр.

Тарих ғылымдарының докторы, академик  Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» кітабында: «Жалаңтөс — Әмір Темір, Ұлықбек, Бабыр, Жәңгір, Бейбарыс, Абылай, Қалден Серен сияқты ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері. Оның қайраткерлік аясы — Орталық  Азия, Тұран көлемі, биік деңгей… Ұлы  сәулет өнерінің  қамқоршысы. Самарқанды Тұран  елінің  астанасына айналдырған, жасампаз жан» —  дейді.

Ұлы тұлғаны мәңгі есте сақтап, ұрпағына үлгі-өнеге етуде қазақ жерінде нәтижелі жұмыстар істеліп жатыр. Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Арал, Қазалы қалаларында көшелерге, Қызылорда облысында дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына, Арал қаласындағы  стадионға, Қазалы ауданындағы бұрынғы «Қызыл Ту» кеңшары орталығына Жалаңтөс баһадүр есімі берілді. Қызылорда қаласында Жалаңтөс баһадүрдің  зәулім ескерткіші орнатылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты драмасы республикалық және облыстық драма театрларында қойылды.

Жалаңтөс баһадүрдің туғанына 425 және  430 жыл толу құрметіне республикалық және  халықаралық дәрежеде ғылыми-практикалық конференциялар  ұйымдастырылды. Жалаңтөс баһадүрдің өнегелі өмір жолы мен атқарған істері төңірегінде тың мәліметтер табылып отыр.

Ержүрек бабамыздың 440 жылдық  мерейтойына орай лайықты құрмет көрсету мақсатында маңызды шаралар жоспарланған. Бағдарламада «Батыр бабаның жасампаз ерлігі — ұрпаққа ұран» деген атпен республикалық ақындар айтысы, Қазалы ауданындағы Жалаңтөс баһадүр ауылын абаттандыру, ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстар, Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс баһадүр ескерткіші аллеясын  көріктендіру, «Жалаңтөс баһадүр — түріктес халықтардың қолбасшысы әрі даңқты тұлғасы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция және басқа да шаралар бар.

Біздіңше, Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлына  Астана мен Алматы қаласында ескерткіш орнатса да артық емес. Бұл оның халқымыздың бірлігі, болашағы жолындағы баға жетпес өлшеусіз еңбегі мен ерлігіне көрсетілген зор құрмет болар еді.

 Нажмадин МҰСАБАЕВ,

«Жалаңтөс баһадүр» атындағы

республикалық қордың президенті. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button