Тағдыр тәлкегі немесе сарғайған хат сыры
Архив
Тоталитарлық жүйенің салқыны қанша адамды жақынынан, туған жерінен айырды. Соның салдарынан мыңдаған ұлт пен ұлыстың тағдыры өзгерді. Бір түнде «жау» деп танылып, Қазақстан мен Орта Азияның шалғай аудандарына күштеп көшіріле бастаған отбасылардың қатарында шешен әдебиетінің негізін салушылардың бірі Әбди Дудаевтың да отбасы болатын. Біздің бұл мақаламыз соның ұлы РСФСР-дің халық артисі Мұса Дудаевтың ҚобданыңАлексеевка ауылына жолдаған хаты негізінде жазылды.
1984 жылы 24 наурызда Грозный қаласынан жолданған хат 4 беттік, орыс тілінде жазылған. Бүгінде аудандық музей қорында сақталулы тұр.
Хат «…Сәлеметсіз бе, Құрметті мектеп директоры!», — деп басталады.
«Сізді алаңдатқан, сізге бейтаныс, бірақ сізге сенімге берілген мектептің түлегі Дудаев Мұса. Мен осы мектептің төрт сыныбын сонау 1951 жылы бітіріп, Кавказға кеттім. Бүгінде шешен-ингуш АКСР-нің халық артисімін.
Новая-Москва (қазіргі Алексеевка ауылы – ред.) деген ғажайып ауылда менің сонау бақытты балалық шағымның куәгерлері достарым мен қызықты естеліктерім қалды. Тағдырым тартқан «балалық» атты тәп-тәті кезеңдерім сол жерде өтті. Қазақстанға тағдыр айдауымен келіп, қазақ халқының кеңпейілділігінің арқасында қиын кезеңдерді артта қалдырдық. Қазақ халқының ең мейірімді, нағыз жанашыр екеніне куә болдым. Барымен бөліскен, қиын-қыстау кезде пана болған қазақ халқына алғысым шексіз!
Әкем депортацияға (айдауға) ұшырап, менің балалық шағым, мектеп жылдарым Қазақстанда өткен. Өзім жайлы айтар болсам, осы жылға дейін оннан астам киноға түстім. 1970 жылы «Шөлдің ақ күні» (Рахимов), 1974 жылы «Жеке мәселелер бойынша қабылдау күні» (Виктор), 1975 жылы «Горянка» (Абас), 1979 жылы «Қарабайырдың ізімен» (ТВ, Тау), 1980 жылы «Тегеран-43» ,1980 жылы «Қарт шейхтің сақинасы» (ТД, Рахман Бекбоев), 1981 жылы «Әйелсіз ерлер» (Аннаның жігіті), 1983 жылы «Махаббаттың оғаштығы туралы» (Ахох), 1983 жылы «Қасқыр апаны» атты мен түскен фильмдер кинотеатрларда және орталық теледидарда қайта-қайта көрсетілді. Бұны сізге өзімді жоғарылату үшін не мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Тек сіз менің өтінішімді орындасаңыз болғаны.
Қаншалықты жардағы ілулі күнтізбені парақтап алға ашқан сайын, артта қалған уақыт соншалықты ыстық болады екен. Сол жылдары біз бірнеше класс бір бөлмеде ғана оқитынбыз. Түске дейін 1-3 класс оқыса, түстен кейін 2-4 кластар сабаққа келеді. Мен алғашқы ұстазымды да ұмытқаным жоқ. Андрей Трофимович майдангер болатын. Қандай тамаша уақыт еді. Көл жағасына жүзуге және балық аулауға баратынбыз. Бұл —менің балалық шағыма, елге деген сағынышым.Сізден сол балалық шағымның куәгерлерін — достарымды тауып, байланысуға көмек беруіңізді сұраймын», — деп өзінің мекенжайын көрсеткен.
Бұл хаттың авторы кеңес және шешен актері, Шешен-Ингуш АССР халықының және Ингушетия Республикасының халық артисі Мұса Дудаев 1938 жылы 16 ақпанда Элестанджи селосында дүниеге келген.
1937 жылы 24 желтоқсанда шешен-ингушетияның көптеген жазушы-ақындарымен бірге Абди Дудаев та тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. Осы қайғылы оқиғадан соң тура бір ай он тоғыз күн өткен соң, Дудаевтар отбасында Мұса есімді бала дүниеге келеді. Ол отбасындағы жетінші бала болатын. Сол тұста асыраушысынан айырылып, қан жұтып отырған Дудаевтар отбасы үшін бұл үлкен қуаныш болды деу қиын. Өйткені бұл отбасын алда әлі талай қиындықтар күтіп тұр еді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, кейін шешендер мен ингуштар жер аударылды.
Дудаевтар отбасы Қазақ КСР Ақтөбе облысы Қобда ауданы Новоалексеевка ауылына қоныстанғанда Мұса небәрі алты жаста еді. Осы жерде ол мектепке барды. Бірақ оныншы сыныпты тарихи отаны Веденода аяқтаған. Өйткені1956 жылы барлық вайнахтарға тарихи отанына оралуға рұқсат берілген еді.
Отбасының сынаққа толы өмірі мен тұтас бір халықтың қиын тағдыры туралы Мұса Дудаев өзінің «Тұр, кішкентай жануар!» атты кітабында жазады.
Мектеп бітірген соң 1957 жылы Мұса шешен-ингуш мемлекеттік педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, әкесі секілді ауыл мұғалімі болғысы келді. Бірақ оған дайындап қойған тағдырдың өзіндік сыйы бар еді.
Дәл сол жылдың күзінде Грозныйда А.Островский атындағы Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтына қабылдау жүріп жатады. Мұсаның дарыны мен ерекше қабілеті барын білетін достары оны конкурсқа қатысуға көндіреді. Сөйтіп, ол еш қиындықсыз барлық іріктеу турларынан өтіп,Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кинематография институтының студенті болып шыға келеді. Білім ордасының актерлік факультетін бітіріп,1962 жылы Грозный театрына жұмысқа тұрады.
1968 жылдардан бастап фильмдерге түсе бастайды. Оның киноактерлік мансабы «Белое солнце пустыни» фильмінен басталды. Ол КСРО-ның әртүрлі студияларында барлығы 26 фильмге түскен.
Жасы 75-ке таяғанда ол өзінің сол бір кездегі арманына қол жеткізеді.Шешен мемлекеттік педагогикалық институтына оқытушы болып қызметке тұрады.
Ол тек актер ғана емес, ақын, сондай-ақ шебер аудармашы болатын. А.Пушкиннің шығармаларын шешен тіліне аударған.
Кейін Мәскеуде тұрып, Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер институты жанындағы студияда жұмыс жасап, Ресей Федерациясы Президентінің Солтүстік Кавказ федералды округіндегі Өкілетті өкілі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі болды. 2014 жылы 6 тамызда дүниеден өтті.
Қаншама естеліктер жазылған, жыртылуға аз-ақ қалған музей қорындағы бір хаттың тарихы осындай…
Жанаргүл АЙТҚАЛИҚЫЗЫ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің Қобда бөлімінің
әдіскері.