Білім

Аттестация: біліктілік пен кәсіби шеберлікке сын

Аттестациядан өтетін педагогтерге талап күшейтілді. Мерзімінен бұрын аттестациядан өтуге ниетті педагогтер алдымен ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген тесттерді тапсырады. Сыннан өткен педагогтер ғана келесі кезеңге жолдама алады.

 

Кәсіби шеберлік қалай анықталады? 

 

Қазір осыған байланысты облыс педагогтерінің «Педагог қызметкер» деректер базасы құрылып жатыр. Мерзімінен бұрын аттестациядан өтетін мұғалімдер қарашаның 8-іне дейін ұлттық тестілеу орталығының ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілетін пункттеріне өтініштерін тапсыруы керек.

Ережеге сәйкес, педагогтер бес жылда бір рет аттестациядан өтуі тиіс. Дегенмен, үздік педагогтер, аудан, қала, облыс, республика деңгейінде жоғары жетістікке жеткен мұғалімдер мерзімінен бұрын аттестациядан өтуіне болады, — дейді облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай.

Тестілеу қарашаның 19-21-інде өтеді. Сынақ облыстағы 12 тестілеу өтетін пунктке қарасты мектептерде ұйымдастырылады.

Аттестация педагогтің біліктілігін, кәсіби шеберлігін анықтайды. Сол себепті аттестациядан өтудің педагог үшін пайдасы көп. Санаты жоғарылайды. Жалақысына қосымша ақша қосылады.

 

Тестілеу мен талап

 

Мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер педагог қызметкерлер екі кезеңде аттестаттаудан өтеді.

Бірінші кезең — біліктілік тестілеу. Екінші кезең — қызмет қорытындыларын талдамалық жинақтау, — дейді бөлім басшысы.

Тест сауалдарын  ұлттық тестілеу орталығы әзірлейді. Тестілеу сұрақтарының саны — 60.

Еліміздің заңнамалары, педагогика және психология негіздері, пәндік білім негіздерінің әрқайсысынан 20 сауалдан болады. Тестілеу тапсыру үшін 150 минут беріледі.

Тестілеу нәтижесі туралы айтсақ, негізгі пән бойынша  кемінде — 70, педагогика және психология негіздерінен — 50,  еліміздің заңнамаларынан —  50 пайыздан жауап беруі тиіс. Сонда ғана  педагог тестілеуден өтеді, — дейді Шамшат Жұбай.

Сынақ қорытындысы қалай анықталады?  Бұл туралы Шамшат Оңайқызы былай дейді:

Тест нәтижелерін ұлттық тестілеу орталығы бағалайды. Қорытындыны білу үшін облыс бойынша тестілеудің қашан аяқталатынын күтудің қажеті жоқ. Әр мұғалім тестілеуде қанша балл алғанын сол күні-ақ біле алады. Яғни ұлттық тестілеу орталығының филиал қызметкері орталыққа деректерді жібергеннен кейін тест нәтижесі сол күні кешкілік белгілі болады. Қорытынды ұлттық тестілеу орталығының http://online.ncgsot.kz/anketa сайтына жарияланады. Айта кету керек, педагог web-нәтижесін алу үшін сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірі мен тестілеуге берілген рұқсат қағаздағы құпия сөзді енгізеді. 

Тестілеуге дәлелді себептермен қатыспаған мұғалімге тестілеу өткеннен кейін екі айдан кешіктірілмей тест тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Мұғалім ұзақ уақыт бойы ауырып қалса (2 айдан аспайтын), жүктілік және бала күту демалысында болса, шетелде іссапарда болса, тест тапсыра алады, — дейді Шамшат Жұбай.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button