Білім

Зерттеу мен зерделеу

«PISA — ұлттық білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіші». «Ақтөбе-Өрлеу» кәсіби даму институтының ұйытқы болуымен осындай тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға ғалымдар, сарапшылар, педагогтер, оқушылар қатысты. Жиын барысында PISA халықаралық зерттеуіне оқушыларды дайындау мәселелері талқыланды.

Конференция мақсаты — PISA халықаралық зерттеуіне қатысу аясында ел педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру.

2000 жылдан бастап ұйымдастырылып жатқан PISA зерттеуіне біздің ел 2009 жылдан бері қатысып жатыр.  PISA — білім беру ұйымдарындағы 15 жастағы оқушылардың білім жетістіктерін анықтайды. Зерттеудің бұл түрі әр 3 жыл сайын өткізіледі. PISA-ның мақсаты — халықаралық деңгейде орта білімің көрсеткішін анықтау. «Зерттеуге неге 15 жастағы оқушылар ғана қатысады?» деген сауал туындайтыны анық. Себебі 15 жастағы балалар орта білімді меңгеруге тиіс. Ал олардың қалай меңгергені осы сынақ барысында анықталады. Зерттеу үш пән байынша өткізіледі. Олар — оқу сауаттылығы, математика және жаратылыстану. Білім сапасы осы үш пәннен6 көрсеткіш бойынша бағаланады. 6 көрсеткіштің өзі үш деңгейге бөлінеді. Зерттеу тек білім мен дағдыларды бағалауға ғана емес, сондай-ақелдегі және әлемдегі басқа мектептермен салыстырғанда оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін факторларды анықтауға бағытталған, — деді «Ақтөбе-Өрлеу» кәсіби даму институты, педагогика және пәндер әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Каплиева.

PISA зерттеуін ұйымдастырушы — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ). Зерттеудің бұл түріне аталған ұйымға мүше де, мүше емес те жалпы саны 81 елдегі 15 жастағы оқушылар мен студенттер қатысып, бақ сынайды.
PISA-ның қорытындысы әлемдік кеңістікте қай елдің сауатты екенін анықтайды. Сол себепті де сынаққа қатысушы елдердің үкіметтерінің бәрі де зерттеу қорытындысын асыға күтеді. Яғни әлемнің барлық елі PISA-ны мектептегі білімге шынайы сараптама жасайды деп қабылдайды.
Соңғы ұйымдастырылған PISA-2022 нәтижесі бойынша Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-орынға ие болды. 2018 жылы 54-орында болған едік. Ал жаратылыстану пәні бойынша 49-орынға көтерілдік. 2018 жылғы көрсеткіш бойынша 69-орында болған едік. Оқу сауаттылығынан бұған дейін 69-орынды қанағат тұтсақ, соңғы зерттеу нәтижесі бойынша 61-орынды иелендік. Соның арқасында еліміз ТОП 50 елдің қатарына кірді. Еліміз бойынша біздің облыс аталған зерттеу бойынша математикадан үздік бестікке кірді. Батыс аймақ бойынша Ақтөбе математика мен жаратылыстанудан көш бастап тұр. Бұл зерттеуге кездейсоқ таңдаумен өңіріміздегі 32 білім беру ұйымы қатысты: 26 мектеп пен 6 колледж. 26 мектептің 10-ы (38,5 пайыз) — ауыл мектептері.

Конференцияда педагогика ғылымдарының докторы, профессор (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті) Әспет Қағазбаева «PISA Халықаралық салыстырмалы зерттеуі — жастардың функционалды математикалық сауаттылықтарының сенімді көрсеткіші» тақырыбында баяндама жасады.

Білімге құйылатын инвистициялардың табыстылығын есептеу үшін эксперттер көбіне оқу жетістіктерін бағалау бойынша Халықаралық Қауымдастық —  IEA (International Association for the Evaluation of Educational Achievement), TIMSS, PIRLS, Халықаралық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы — OECD (Organization for EconomicCooperation and Development),

PISA секілді ірі көлемді халықаралық салыстырмалы зерттеулер нәтижелеріне жүгінеді.

2022 жылы өткен зерттеуде Қазақстан математикадан — 46 (2018 ж. 54-орын), жаратылыстанудан — 49 (2018 ж. 69), оқу сауаттылығынан 61-орынды (2018 ж. 69) иеленді.

Қазақстан оқушыларының көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жасау мынадай қорытындылар шығаруға мүмкіндік беріп отыр:

Біріншісі, Қазақстанда функционалды сауаттылықтың минималды деңгейіне қол жеткізе алатын оқышылар саны азайып бара жатыр.

Екіншісі,еліміздің  білімалушылары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінде оқитын  құрдастарынан ақпараттың сапасы мен сенімділігін бағалауда, қарама-қайшылықты табу мен талдауда, мәтін мазмұны мен формасына сыни көзқараспен қарауда, талқыланатын мәселе бойынша өзіндік дәлелдік ұстанымын  көрсетуде артта қалып отыр. Сонымен қатар қазақстандық оқушылар мәтінді оқу барысында жалпылау, ой тұжырымдарын (пайымдаулар) жасауда, себеп-салдар қатынастарын орнатуда да дәрменсіздік көрсетуде. Бұл — білімалушылардың оқу сауаттылығы өте төмен екенінің көрсеткіші. Оқу сауаттылығы тек тілдік пәндерде ғана қарастырылып қоймай, әр пәнді оқытуда оқу сауаттылығына мән берілгені дұрыс.Ал математикалық сауаттылықтың бір компоненті — математикалық тілді, соның ішінде модельдеу тілін қалыптастырып, дамытуға үлкен мән берілуі керек. Бұл —  өзекті мәселе, — деді Әспет Қағазбаева.

Конференцияның пленарлық бөліміне А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, Астана, Алматы қалаларының және Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарының ғалымдары, облыстық әдістемелік орталығының мамандары және өңіріміздегі педагогтер қатысты. Спикерлер PISA халықаралық зерттеуі аясында оқушылардың оқу барысында меңгерген білімдері мен дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдана білуге бағыттау түрлеріне шолу жасап, Қазақстандағы PISA зерттеулерінің нәтижелерімен таныстырды.

Конференцияның секциялық бөлімі оқу, математика және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы бағыты бойынша өтті. Мұнда педагогтер өздерінің озық идеяларымен бөлісіп, іс-тәжірибелерін таратты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button