Әлеумет

Демография діңгегі — дені сау сәби

«Ұлт денсаулығы — біздің табысты болашағымыздың кепілі. Ол ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлу, ұлт денсаулығы, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, саламатты өмір салтын жүргізу және отандық медицина ғылымын дамыту».

Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы жолдарынан.

 

 

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі — еліміздегі ана мен бала өлімін неғұрлым азайту. Елбасымыз өз Жолдауында да ана мен бала тағдырына ерекше маңыз берді. Демография діңгегіне негіз болған өзекті мәселе, яғни өмірге дені сау ұрпақ әкелу — ұлт проблемасына айналды.

Тақырыпқа орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын сақтау бөлімінің бастығы Гүлнәр Мамбетжановамен әңгімелескен едік.

— Салыстырып қарар болсақ, біздің облыстағы жағдай едәуір жақсы. Олай деуге негіз бар. Мысалы, Павлодар туу көрсеткіші жөнінен ең соңғы орында тұр. Сондықтан олар аналарды ынталандыруға арналған бағдарлама енгізіп жатқан көрінеді. Ал біздің облыста былтыр 19 140 сәби дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Өкінішке орай, бір жасқа дейінгі сәбилердің шетінеуі әлі де бар, өткен жылғы көрсеткішіміз — мың балаға шаққанда 11,8 болды, бұл жағдайдағы республикадағы орташа көрсеткіш — 13,6. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында көрсетілгендей, негізгі міндет — ана мен бала денсаулығын қорғап, өлімді мейлінше азайту. Осы мақсатта дәрігерлеріміз аянбай еңбек етіп жатыр. Көрсеткіштің төмен болуы — тікелей солардың еңбегі. Әрі мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, реанимациялық көмек көрсетуге бағытталған медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жаңа техниканың тілін түсіну үшін дәрігерлеріміз біліктілігін арттырып, шетелде білімдерін жетілдіріп келді. Осыдан бес-алты жыл бұрын аппараттарды пайдаланатын адамдар аз болды, қазір бос тұрған жабдықты көрмейсің. Атап айтсам, 20 акушер-гинеколог, 5 неанотолог, 5 ультрадыбыстық зерттеу аппаратының дәрігер маманы, 2 гематолог оқып келді. Мәселен, 20 балалар медбикесі Литвадағы жоғары оқу орнында бригадалық жұмыс тәртібін үйреніп қайтты. Сондай-ақ, облыс орталығында батыс өңірінде баламасы жоқ облыстық балалар ауруханасы ашылды. Осындай жұмыстардың бәрі ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған ғой,  — дейді Гүлнәр Шүкірқызы.

 

Науқас нәресте — ұлт трагедиясы

 

Келіншектер жүкті болғанда бірқатар медициналық тексерулерден өтулері тиіс. Көріп жүргеніміздей, олардың көпшілігі жеке клиникаларға тексеріледі. Мысалы, тек қана ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін 3 мың теңге төлеуі тиіс,  9 ай ішінде бұл аппаратқа үш рет тексеріледі. Ал құрсақтағы балада аурудың бар-жоғын анықтайтын қан тапсыру анализі — 5 мың теңге.

Ауру түрінің жүктіліктің әр мезгілінде анықталатынына байланысты бірнеше рет осындай тексерулерден өту қажет. Есептей беріңіз. Бұл — ана мен баланың денсаулығына көңіл бөліп, өлім-жітімді азайтуды мақсат еткен біздің елде жүкті әйелге арналған қызметтің көбісі ақылы болып тұр деген сөз.

Ал Гүлнәр Шүкірқызының айтуынша, жүкті әйелдер мен балалар облыстағы мемлекеттік емханаларда медициналық тексерулерден тегін өтеді. Оның үстіне қазір скринингтік тексерулер де көп. Сондай-ақ әйелдің денсаулығына қарай кейбір тексерулер кепілді ақысыз медициналық көмек шеңберінде тегін жүргізіледі. Бірақ дәрігердің жолдамасы болуы тиіс! «Алайда елдегі әр азамат медициналық ұйым мен дәрігер таңдау құқығына ие. Көп жағдайда жүкті әйелдер учаскелік емханасына барады да, кезек күткісі келмейді, сосын жеке емханаларға барып, ақылы тексеруден өтуді таңдайды. Біріншіден, жеке емханалардың жарнамасы мықты, сосын «профессор пәленшеевке» қаралуды жөн көреді,  екіншіден, оларда адам аз, уақыттарын үнемдей алады. Әйтпесе, қалтасына қарайтындар кезек күтіп, учаскелік емханасында тексеріледі. Денсаулығына бейжай қарамайтын әрбір әйел өз құқығына сай әрекет етуі керек. Қолында жолдамасы бола тұра, медициналық қызмет түрін тегін пайдалана алмаса, сол учаскелік емхананың басшылығына шағымданғаны жөн. Әр емханада бас дәрігер, екі-үш орынбасары, бес-алты бөлім меңгерушісі, одан қалды ішкі аудит комиссиясы болады. Олар істі насырға шаптырмай, мәселенің мән-жайын анықтап, сол жерде шешеді ғой. Тұрғындардың түсінігі қызық,  емхана басшысына бармайды, бірден облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағымданады», — дейді бөлім бастығы. Одан әрі ол перзентханалар туралы әңгімеледі.

— 12 ауданда 13 перзентхана жұмыс істейді. Облыс орталығында жүкті әйелдер облыстық перинатальдық орталықта немесе медициналық жедел жәрдем ауруханасы жанындағы перзентханада босанады. Оған былтыр Қарғалы селосында ашылған 80 орындық жаңа перзентхананы қосыңыз. Сонымен қатар, Жаңақоныс ауылында үлкен аурухана кешені салынып жатыр. Бұйырса, сол аурухана жанынан да перзентхана ашылады деп жоспарлануда, — дейді Гүлнәр Мамбетжанова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметін­ше, адам денсаулығының тек 10 пайы­зы ғана медициналық көмекті дамыту деңгейіне, қалғаны тамақтануы мен өмір сүру салтына тәуелді көрінеді. «Біздегі түсінік тіпті басқаша. Өкінішке қарай, аналарымыз өз денсаулығына немқұрайды қарайды, алайда өмірге науқас бала әкелсе, бар кінәні дәрігерге артады. Зерттеулер бойынша, әйелдердің 70 пайызы жүктілікке дейін дәрігерге алдын ала көрінбейді, тексерілмейді. Біздің халықта «отбасын жоспарлау» ұғымы жоқ. Жастар әнде айтылатындай, «махаббаттың құдірет күшін әлдилеп» жүреді, отбасын жоспарламайды, бойында бар ауруларды алдын ала емдемейді. Кейін, тұрмыс құрғанда жас ананың ағзасындағы бар инфекция құрсаққа біткен шаранаға жұғып, өмірге туа біткен ауруы бар нәресте келеді. Сосын бейкүнә сәбиден бас тартып жатады. Бұл — ұлт трагедиясы», — дейді бөлім бастығы.

Әңгіме барысында Гүлнәр Шүкірқызы ұлт денсаулығы аналардан, яғни, бүгінгі қыздардан басталатынын, сол себепті де тәрбиеге мән беру керектігін баса айтты. Әсіресе, ол қыздардың қыстыгүні капрон колготки, қысқа юбка киіп, мықынын қысатын тар шалбар киетінін айтып, болашақ аналар денсаулықтарын осы бастан ойлағандары жөн екенін жанашырлықпен тағы да ескертті.

 

Әрбір төртінші әйелдің уайымы

 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, облыста 18-49 жас аралығында 218 920 әйел бар. Оның ішінде 2673 әйелге дәрігерлер жүкті болуға болмайтынын ескертіпті. «Облыстағы әрбір төртінші әйелдің денсаулығында елеулі кінәрат бар», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас акушер-гинекологы, медицина ғылымының кандидаты, доцент Әлия Шаңғараева.

—    Сонда облыстағы әйелдердің денсаулығында қандай дерт көп?

—    Қазір әйелдер арасында гинекологиялық аурулар көп. Мысалы, әйелдер бедеулігін алайық. Республикалық орташа көрсеткіш мың адамға шаққанда 121 әйелдің бедеулігін көрсетсе, біздің облыста бұл жоғары болып тұр, 140! Мың адамға шаққанда, қатерлі ісіктер 210 әйелде, жатыр мойны патологиясы 651 әйелде бар. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға байланысты жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. 35 жастан асқан әйелдерді скрининг арқылы тексеру жолға қойылды. Олар екі жыл сайын маммографиядан тегін өткізіледі. Әйелдер міндетті түрде гинекологтың тексеруінен өтеді.

Әйелдердің денсаулығының нашарлығына тек қана өздері емес, ер адамдар да жауапты. Өкінішке орай, біздің елде ер адамдардың урологқа көрінуі сирек. Сұранысқа сай, облыста 22 уролог, 135 гинеколог дәрігер бар. Ер азаматтар да жұбайымен бірге емханаға барып, дәрігерге тексерілуі қажет, бірге ем қабылдауы тиіс. Әйтпесе, тек қана әйелдің емделуі — бос әуре.

—    Соңғы жылдары туа біткен аурулары бар нәрестелер көбейіп барады…

—    Иә. Былтыр түрлі туа біткен аурулары бар 184 сәби өмірге келді. Жүктілік кезінде аналардың барлығы үш рет ультрадыбыстық зерттеуден өтеді. Алайда бұл зерттеу аппараты арқылы да анықталмайтын немесе диагнозын қою мүмкін емес жағдайлар болып жатады. Өткен жылы 49 оқиғада диагнозы тексеру барысында анықталмады. 6 жүкті ананың жағдайы кеш анықталды. 22 ана құрсағындағы шаранаға диагноз қою мүмкін болмады. Дәрігер мамандар аналарға науқас бала туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сөйтіп, былтыр 70 әйел жүктілікті үзсе, 8 ана денсаулығына қарай Астанада босануға жіберілді. Іштегі баласы науқас екенін білген 8 ана жүктілікті үзуден бас тартты. Жалпы құрсақтағы балада ауру бары анықталған күнде де аналар жүктілікті үзбейді. «Құдайдың басқа салғаны осы шығар», — дейді. Бірақ көпшілігі туғаннан кейін бағудан бас тартып жатады.

—    Жүктілікті үзуге қатысты не айтасыз?

—    Түсік жасату қазір «жасарып» барады. Бұл көбіне әлеуметтік жағдайларға байланысты орын алады. Ішкіш әйел, көп балалы ана, тұрмысы нашар… Әлеуметтік жағдайлар салдарынан былтыр 48 түсік жасалды.

—    Айтпақшы, жүкті әйелге сыйақы беру туралы әңгіме айтылып жүр. Ол әңгіме қаншалықты рас?

—    Денсаулық сақтау министрлігі жүктілігін анықтап, ерте тіркеуге тұрған әйелдерге ынталандыру мақсатында 16 мың теңге көлемінде сыйақы төлеуді жоспарлап отыр. Арнайы сыйақыға барлық жүкті аналар іліне бермейді. Тек учаскелік емханаларына барып, жүктіліктің алғашқы 12 аптасына дейін тіркеуге алынғандар үміткер болады екен. Алайда бұл жаңалықты министрлік әзірге жоба күйінде ғана қолдарында ұстап отыр. Құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолдаса, жоба іске аспақ. Дегенмен, бұл шара, ең алдымен, елдегі демографиялық ахуалды жақсартса, екіншіден, ана мен бала арасындағы өлім-жітімді барынша азайтар еді. Өйткені өз денсаулығына салғырт қарайтын кейбір аналар ешқандай емханаға тіркелместен, тоғыз ай, тоғыз күн толғанда, толғағы қысып, перзентханадан бір-ақ шығады. Ал сыйақы дәрігер тіркеуіне мерзімінде тұруға ынталандыру үшін берілмек. Кей аналар 16 мың теңгені бізден, дәрігерінен сұрап жатады. Ол сыйақы, меніңше,  болашақта босанған әйелге арналған бір реттік жәрдемақымен бірге берілетін болады. Әйтпесе, бұл ақшаны жүкті кезінде алған әйел абортқа жұмсап жіберуі де мүмкін ғой.

 

P.S. 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізуді көздеп отыр. Әрине, дені сау ұрпақ — ел ертеңі. Болашақты жоспарлау үшін денсаулықты қазірден түзету қажет. Ал Сіз өз денсаулығыңызға қаншалықты мән беретініңізді ойланып көрдіңіз бе?

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button