Мереке

Жастар жеңіс лентасын таратты

Өнеге

Ақтөбеде жастар Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына Жеңіс лентасын таратты.

Қала бойынша өтіп жатқан іс-шараға облыстық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған жастар ұйымдары мен еріктілер қатысып жатыр.

Облыстық жастар ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің маманы Жоламан Асанұлының айтуынша, елімізде ұлттық нақыштағы Жеңіс лентасы 9 жыл бұрын, Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай   пайда болды.

— Жеңіс символының отандық нұсқасы Ту түстес, яғни көк түсті жібек матадан дайындалған. Оның ұзындығы — 30, ені — 3 сантиметр. Ұлттық оюмен көмкерілген лентаның екі шетінде Отан соғысы ордені бейнеленген. Мұндай лентаны таратудағы мақсат —Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алып, жастарды патриотизмге баулу, — дейді Жоламан Асанұлы.

Оқушылардан жасақталған «Жас invent» жастар ұйымының мүшелері Орталық базармаңындағы тұрғындардытоқтатып, кеуделеріне Жеңіс лентасын тақты. Мерекелік көңіл күйді сезінген тұрғындар ақтөбеліктерді Жеңіс күнімен құттықтап, ақ тілегін жаудырды.

— Барша ақтөбелікті Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын. Жастарға патриоттық рух сыйлайтын осындай акциялар жиі болғаны дұрыс. Жеңіс лентасы Ту секілді көк екен, мұның өзі бейбіт күн мен елдің тыныштығын бейнелейді. Аспанымыз ашық болсын, ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын! — дейді ауған соғысының ардагеріӘбілқасым Мырзағали.

«Жас invent» жастар ұйымының төрағасы, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Арсен Серіковтің айтуынша, белсенді оқушылар патриоттық акция барысында 100 лента таратпақ.

Патриоттық акцияны оқушылар бастап, студенттер қостады. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мен Бәйішев университетінің белсенділері өз ғимараттарында мерекелік іс-шара өткізіп, оқытушылар мен студенттерге Жеңіс лентасын таратты.

Кешеден бері «Жас Сақшы» жастар жасағының мүшелері тұңғыш Президент атындағы саябақ пен Орталық стадион маңында, «Шабыт» зияткер-зиялылар одағының белсенділері Әлия Молдағұлова ескерткішінің алдында, Қызылжар еріктілер тобы Есет батыр тұрғын алабының 4-шағын ауданында, «Ақтөбе студенттер Альянсы» ұйымының мүшелері мен Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің оқушылары Тұрғындар қалашығы базарында, Бопай ханым атындағы Ақтөбе жоғары медицина колледжінің оқушылары8-шағын ауданда қала тұрғындарын қос мерекемен құттықтап, Жеңіс лентасын таратып жүр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button