Су тасқыны

Облыста 600-ден астам үй салынады

Қолдау

Облыста көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа баспананың құрылысы жүріп жатыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, өңірде 651 үй салынады. Шығынды есептеу жұмыстары аяқталмағандықтан, бұл цифр әлі де өзгеруі мүмкін.

Өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес табиғи апат салдарынан жапа шеккен тұрғындарға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша 4655 үйге су кірген. Комиссия шешіміне сәйкес 651 отбасыға жаңа үй салынады, ал 398 отбасына сатып алынады, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қобда мен Әйтеке би аудандарында тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Ал Ойыл ауданына құрылыс материалдары тасылып жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, тұрғын үйлер аудан әкімдігі берген хаттамалардың шешімі бойынша типтік жобамен 80 шаршы метр көлемде салынады. Құрылыс жұмыстарын 2 айдың ішінде аяқтаймыз, — деді ол.

Облыста бірінші болып су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін Әйтеке би ауданында 5 баспана сатып алынды. Бұл игі істі кәсіпкер Болат Өтемұратов қоры қаржыландырған. Өткен аптада әкімдік ғимаратында қордың өкілдері, Әйтеке би ауданының әкімдігі, сондай-ақ тұрғын үй сатушысы және болашақ иесітұрғын үй сатып алу туралы келісімшартқа қол қойды.

Әйтеке би ауданының материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссиясына 132 өтініш келіп түскен. 46 үй апатты деп танылды. 26 отбасына жаңа баспана салынады. Ал 20 отбасы дайын үйді сатып алуға өтініш білдірген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button