ТАРИХ ПЕН МӘДЕНИЕТ — ҚОҒАМДЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ

Алтынай Юнисова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында 2025 жылдың қорытындылары сараланумен қатар, еліміздің алдағы кезеңге арналған стратегиялық даму бағыттары да айқындалған. Бұл сұхбат Қазақстанның жаңғыру жолында жаңа кезеңге қадам басқанын көрсететін мазмұнды ой-тұжырымдармен ерекшеленеді.
Соңғы жылдары елімізде әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыруға бағытталған берік институционалдық негіз қаланды.
Президент еліміздің экономика мен әлеуметтік салада ғана емес, сонымен қатар мәдениет және рухани даму бағытында да жаңа белеске көтерілгенін атап өтті. Ұлт тарихына және мәдениетке деген құрмет — еліміздің бәсекеге қабілетті даму моделінің құрамдас бөлігі.
Президент мәдени мұраны сақтау мен дамыту қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екенін, себебі мәдениет арқылы ұлттың болмысын, тілін, салт-дәстүрін сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізе алатынымызды айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тарихи орындар мен ескерткіштерге жаңаша назар аударатын уақыт келгенін де атап өтті. Оларды қорғау мен жан-жақты насихаттауға мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы басты назарда ұсталады. Өйткені әрбір ескерткіш, тарихи орын — біздің халқымыздың тарихының бөлшегі, ұлы мәдени мұрасы. Яғни мәдениет пен тарихи мұраны насихаттау азаматтардың ортақ міндеті екенін айрықша айтты. Бұл жауапкершілік — ұлттық сана мен мәдени бірегейліктің кепілі.
Сұхбатта цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. 2026 жылдың «Жасанды интеллектіні дамыту жылы» деп жариялануы мемлекеттің жаһандық технологиялық үдерістермен қатар қадам басуға деген стратегиялық ниетін айқын көрсетті. Білімге, деректерге, ғылымға және адами капиталға инвестиция салу болашақ дамудың басты ресурсы ретінде қарастырылады. Бұл — үлкен игілік.



