Пікір

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ МЕН ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ҮНДЕСТІГІ

Биыл 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқаны туралы көлемді сұхбат берді. Президенттің бұл сұхбатында аса маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелермен қатар, рухани салаға да айрықша назар аударылған. Атап айтқанда, білім мен ғылымның дамуы, мәдениет, жасанды интеллект дәуіріндегі ақпарат кеңістігі, сондай-ақ дана Абай тағылымы арқылы рухани жетілу мен өрлеу мәселелері кеңінен сөз болады.
Қазіргі заманда төр — білімі мен ғылымы, техникасы мен технологиясы дамыған елдердікі. Мемлекет басшысы сұхбатында осы жайтқа арнайы тоқталып, алдағы жылдары бұл салаларға жасанды интеллектінің дамуы зор ықпал ететінін атап өтті. Осыған байланысты 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Президенттің айтуынша, Қазақстан цифрлық державаға айналуға тиіс. Бұл — бүгінгі технологиялық дәуірде өркениетті ел қатарында қалудың басты жолы. Осы мақсатта елімізде жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысын бастады, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Алдағы уақытта жасанды интеллектке маманданған зерттеу университетін ашу жоспарланып отыр.
Сұхбаттағы ерекше назар аудартқан тақырыптың бірі — жастар мәселесі. Президент жастарды елдің болашағы ретінде атап, олардың өмірге шынайы көзқараспен қарауының маңызын айқындады. «Өскелең ұрпақ бүгінгі ахуалға арман-қиялмен емес, нақты көзқараспен қарауы қажет, виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруі керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, ерінбей еңбек етіп, өзін темірдей тәртіпке тәрбиелей білгені жөн», — деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарға Абайды үлгі етеді. «Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз әрі адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан өзге ұрпаққа ұлағат боларлық ой қалдырмаған кейбір қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік. Бірде-бір дәуірде, әсіресе саяси аласапыран кезеңдерде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған», — деп тұжырымдайды Президент.
Сұхбатта қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газет-журналдардың жаңғырудың жаңа кезеңіндегі орны туралы да салмақты пікір айтылған. Бұл — ақпарат саласында еңбек етіп жүргендер үшін де, оқырман қауым үшін де аса маңызды ой. Мемлекет басшысы: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр», — деп атап өтті. Президент баспасөздің қоғамдағы рөліне тоқталып, өзі де жастайынан газет-журнал оқуға қызыққанын айтты. Қазіргі кезде TikTok, Instagram, Telegram секілді платформалар кең таралғанымен, олар әрдайым еңбек адамының шынайы өмірін көрсете бермейді. Ал газет пен журнал — нақты ақпарат пен терең ойдың қайнар көзі. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы бүгінгі кезеңде бұрынғыдан да арта түсті.
«Turkistan» газетіне берілген бұл сұхбат еліміздің жаңғыруының жаңа кезеңіндегі даму бағытын айқындап берген маңызды саяси-қоғамдық құжат болып шыққан. Қай салада еңбек етсек те, ондағы тұжырымдарды басшылыққа алу — ортақ міндет.

Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button