Жаңалықтар

Қаңтардың қары көбейіп тұр

Соңғы аптада Ақтөбеге қар молынан жауды. Қазір қала аумағында қардың қалың түсуіне байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қар тазалау қарқынды жүргізілгенімен, толассыз жауған ақ ұлпа жолдарды қайтадан жауып тастап, техникаларға қосымша жүктеме түсіруде.

Ақтөбе қалалық әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес шаһардың жалпы 7 миллион шаршы метрден астам аумағын қамтитын 18 негізгі жол учаскесін қысқы күтіп ұстауға 13 мердігер мекеме жауапты. Қазіргі таңда бұл ұйымдардың барлық техникасы мен жұмысшы күші жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бригадалар тәулік бойы, яғни штаттан тыс күшейтілген режимде қызмет етуде.

Бұл жұмыс уақытын 10-12 сағатқа дейін ұзарту және екі ауысымды кезекшілік режиміне көшу арқылы жүзеге асуда. Техникалар үздіксіз жұмыс істеп жатыр, яғни тек жүргізушілер ауысып отырады. Бұдан бөлек жанармай құю үшін қысқа үзілістерді ғана жасап, қалған уақытта жолдарды қардан тазалауға толық жұмылдырылған. Қазіргі таңда күндізгі ауысымда мердігер ұйымдар 357 техника және 201 арнайы көлікті шығарды, — деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Қарлы боран мен үздіксіз жауған қарға қарамастан, коммуналдық қызметтер қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жолдардың ашық болуына күш салып жатыр. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары, аулалар мен аялдама маңдары да қардан тазартылып, мұздануға қарсы арнайы қоспалар себілуде. Жауапты мекемелер тұрғындардан көлік құралдарын жол бойында қалдырмауды, коммуналдық техниканың кедергісіз жұмыс істеуіне түсіністікпен қарауды сұрайды.

Сондай-ақ қаладағы  жерүсті және жерасты өткелдерін күтіп ұстау жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл шаруаны «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы» жүргізеді. Қатты аяз бен бораннан кейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарақаттанудың алдын алу мақсатында барлық өткелге мұздан тазарту және қар күреу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни жерүсті өткелдері қар мен мұздан толық тазартылып, сырғанаудың алдын алу үшін техникалық тұз себіледі. Қалалық әкімдік  тұрғындарды өткелдерді таза ұстауға, ішіне қоқыс тастамауға және ортақ мүлікке ұқыппен қарауға шақырады.

Сондай-ақ қалалық әкімдік өкілдері тұрғын үйлердің ауласындағы қарды шығару пәтер иелері кооперативтерінің міндеті екенін айтты.

Тұрғындар тарапынан кейде түсініспеушіліктер болады. Ауладағы қарды тазартып беруді сұрайтындар бар. Ал аула аумағы — тұрғындардың ортақ мүлкі. Ал оның таза әрі қауіпсіз болуы — тұрғындардың өз қолында. Сондықтан ОСИ және ПИК төрағаларына көп қабатты үйлердің ауласын қардан тазалау және жиналған қарды дер кезінде сыртқа шығару жұмыстарын ұйымдастыруды сұраймыз. Егер қар уақтылы шығарылмаса, көктемде еріген қар суы аулаларға жиналып, қолайсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын қазірден бастап қолға алып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға атсалысуларыңызды сұраймыз, — деді Айгүл Байменова.

Әкімдіктің мәліметінше, қарлы боран кезінде ең алдымен қоғамдық көлік жүретін негізгі көшелерді тазартуға басымдық беріледі. Ал қалған көшелердегі қар тазалау боран басылған соң кезең-кезеңімен жүргізіледі. Сондықтан қала шетіндегі елді мекендерде тұратын тұрғындарға боранды күні түнгі уақытта қалаға жолға шықпауды ескертеді.

Сондай-ақ қала аумағында орналасқан 900 аялдама павильоны да назардан тыс қалған жоқ. Аялдамалардың қарын тазарту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мердігер мекемелердің қызметкерлері күшейтілген режимде еңбек етуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button