Жаңалықтар

Депутаттармен кездесті

Кездесу

Парламент Сенатының депутаты Амангелді Нұғмановтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары басталды. Сапардың алғашқы күнінде халық қалаулысы өңір басшысы Асхат Шахаровтың қабылдауында болды.

Кездесу барысында жылыту маусымының өту барысы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмыс істеуі, сондай-ақ өңірдің мобилизациялық дайындығы мен қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған шаралар қаралды. Сондай-ақ 2025 жылғы атқарылған жұмыстың қорытындысы мен биылғы жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Облыс әкіміөткен жылдың көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, өңірдің тұрақты өсуін атап өтті. 2025 жылы экономикалық өсім 103,8 пайызды құрады, облысқа 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, бірқатар ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылды, жаңа жұмыс орындары құрылды, медициналық және білім беру базасы нығайтылды.

Амангелді Нұғманов өңір басшысын Парламент Сенатының 2025 жылғы қызметінің қорытындысымен, қабылданған маңызды заңнамалық және өзге де шаралармен, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар мен жоспарлармен таныстырды.

2025 жылы Сенатта елдің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған 102 заң қаралды. Жаңа бюджет, Салық және Су кодекстері, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң, сондай-ақ цифрландыру саласындағы бірқатар маңызды заңнамалық бастамалар, оның ішінде Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды.

Сонымен қатар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет бекітіліп, банк қызметін құқықтық реттеу негіздері қайта қаралды және Құрылыс кодексі әзірленді. Сенат парламенттік бақылауды белсенді түрде жүзеге асырды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға және алдағы парламенттік реформаға дайындыққа ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу барысында өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі мәселелерді талқылау және алдағы кезеңге арналған міндеттерді алдын ала жоспарлау орнықты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы жұмыс бағыттары айқындалды, сондай-ақ жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету және 2026 жылға жоспарланған міндеттерді іске асыру бойынша шаралар белгіленді.

Тараптар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға уағдаласты.

Сондай-ақ облыс әкімі Асхат Шахаров Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаеваны, Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев пен Серік Егізбаевты қабылдады.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту және бизнесті өркендету жайы, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, халық қалаулыларының облысқа кезекті жұмыс сапары басталды. Депутаттар сапар аясында жоспарланған бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандарды аралайды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button