Басты жаңалықтарӘлеумет

2026 жыл: не өзгерді?

Жаңа жылмен бірге елімізде бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы мөлшері артса, салық жүйесінде жаңа талаптар қолданыла бастады.

Бұл өзгерістер туралы мамандардан сұраған едік…

Әлеуметтік көрсеткіштер өзгерді

Биылдан бастап негізгі әлеуметтік көрсеткіштердің барлығы жаңартылған. Бұл туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің зейнетақымен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетова айтты.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып белгіленді. Ең төменгі зейнетақы 69 049 теңгеге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгеге жетті. Ал базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге болып бекітілді. Жалақының ең төменгі мөлшері де 85 мың теңгеге өсті. Осыған байланысты зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу мен уақтылы төлеу үшін нақты параметрлер бекітіліп отыр, — дейді бөлім басшысы.

Зейнетақы 10 пайызға өсті

 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы 10 пайызға артты. Осы күннен бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақыны есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс 55 айлық есептік көрсеткішке немесе 237 875 теңгеге жетті.

— Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де өзгерді. Әлеуметтік кодекстің 205-бабына сәйкес ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Яғни зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз немесе мүлде болмаған жағдайда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Ал 10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін төлем 2 пайыз артып, ең көбі күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін жетеді. Қазіргі есеп бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 593 теңге болса, ең жоғарғысы — 60 005 теңге. Бұл тәртіп 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан азаматтарға қолданылады, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова.

 Жәрдемақы мөлшері де артты

 Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері көбейді. Оның ішінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдарға төленетін жәрдемақылар да ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 851 теңгеге өсуіне байланысты қайта есептеледі.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер де назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1089 қаулысына сәйкес бұл төлемдер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызға көбейтіледі. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті зейнетақы жарналарын ескере отырып есептеліп, бала туу кезектілігіне қарай белгіленген жәрдемақы мөлшерінен кем болмайды.

Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне сәйкес артты.

Айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты бірқатар өзге де төлемдер көбейеді. Олардың қатарында №1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, жерлеуге берілетін біржолғы төлем, бала тууға байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдерге міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау бар.

— Бұдан басқа көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне, Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын тартқан азаматтарға, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына және олардың балаларына тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де артып отыр. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға және І топ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар да ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты қайта қаралады, — дейді бөлім басшысы Жаңыл Аймұхамбетова. Оның айтуынша, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментібарлық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды жоғары мөлшерде және уақтылы төлеуді қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыс жүргізіп, қажетті шешімдерді бекіткен. «2026 жылдың қаңтар айында төлемдер белгіленген кестеге сәйкес толық көлемде жүзеге асады», — деді бөлім басшысы.

Салық жүйесіндегі жаңа талаптар

Ал 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге Бухгалтерлік есеп аутсорсингінің қазақстандық қауымдастығының төрағасы Нұргүл Бектібаева тоқталды.

— Жаңа Салық кодексі салық салу мен кірістерді әкімшілендіру жүйесін құрылымдауға бағытталған. Кейбір салықтар бойынша төлеушілер шеңбері кеңейіп, қызмет түріне қарай сараланған мөлшерлемелер енгізілді, — дейді ол.

Маманның айтуынша, мобильді аударымдар мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Енді салық органдары бір реттік емес, аударымдардың тұрақтылығы мен сипатын талдайды. Егер азаматтың шотына қатарынан үш ай бойы жүйелі түрде қаражат түсіп, оның сомасы 1 020 000 теңгеден асса, бұл түсімдердің экономикалық мәні анықталуы мүмкін.Маңыздысы — бұл қаражаттың тауар немесе қызмет үшін төлем екені ме, әлде жеке сипаттағы аударым ба — соны ажырату, — деп атап өтті Нұргүл Бектібаева.

Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим нақты реттелді. Ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен (2026 жылы 1 297 500 теңге) аспайтын азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істей алады. Ал лимиттен асқан жағдайда өзге салық режиміне көшу қажет.

Қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке дейін төмендеді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16 пайыз, әлеуметтік маңызы бар операциялар үшін 5 пайыз, экспорт үшін 0 пайыз болып сақталған. Корпоративтік табыс салығының базалық мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде қалса, банк және ойын бизнесі үшін 25 пайызға көтерілді.

Мамандардың айтуынша, 2026 жыл — әлеуметтік қолдау күшейіп, сонымен қатар қаржылық тәртіпке қойылатын талап артатын кезең.

Әлеуметтік төлемдердің өсуі халыққа қолдау болса, жаңа Салық кодексі ашық әрі заңды жұмыс істеуге бағытталған. Сондықтан жаңа жылда әр азамат пен кәсіпкер өз табысы мен міндеттемесіне мұқият қарағаны жөн.

Енді жеке куәлік тегін беріледі

2026 жылдан бастап елімізде жеке куәлік тегін беріледі. Яғни ендіел азаматтары құжатты алғаш рет алғанда немесе куәлігінің мерзімі аяқталып, ауыстырғанда, мемлекеттік қызмет үшін төлем алынбайды.Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті хабарлады.Мамандардың айтуынша, аталған шешім құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдетіп, халықтың қаржылық шығынды азайтуға бағытталып отыр.

Сондай-ақ биыл айлық есептік көрсеткіштің 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге өсуіне байланысты бірқатар құжатты рәсімдеу құны артқан. Мәселен, 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт — 17 300 теңге. 36 беттік төлқұжаттың құны — 34 600 теңге, 48 беттігі  — 51 900 теңге.

Ал жүргізуші куәлігін рәсімдеу үшін 5 406 теңге төлеу қажет. Сондай-ақ неке қию куәлігіне де жаңа тариф енгізілген, оның бағасы — 4 325 теңге (1 АЕК).
Ал ажырасу туралы өтініш бергендер енді 2 АЕК мөлшерінде, яғни, 8 650 теңге (2 АЕК) төлейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button