ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

2025 жылы жаһандық дамудың басты тренді жасанды интеллект болды. Бұл технология елдің экономикалық қуатына, еңбек нарығына және технологиялық көшбасшылығына ықпал ететіндіктен, озық елдер бұл бағытты өз басымдығына айналдырып отыр. Осы тұрғыда елімізде цифрландыру мен жасанды интеллект бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбаты — осы стратегиялық бағыттың айқын көрінісі. Президенттің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек», деген пікірі — нақты нәтижелермен өлшеніп отырған мемлекеттік саясат.
Соның айқын дәлелі — 2025 жылдың желтоқсанында Oxford Insights ұйымы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткіші. Аталған зерттеуде еліміз 195 мемлекеттің ішінде 60-орынға көтеріліп, бір жыл ішінде 16 сатыға жоғарылады. Бұл жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, экономика және қоғамдық өмірге енгізу бағытында жүйелі қадамдардың нәтиже бере бастағанын көрсетеді.
Аймақтық тұрғыда Қазақстан Оңтүстік және Орталық Азия елдері арасында Үндістан мен Түркиядан кейін үшінші орынға шықты. Бұл Президент атап өткен цифрлық трансформацияның институционалдық деңгейде іске асып жатқанын айғақтайды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрлық держава болудың басты шарты — адами капитал. Осы тұрғыда жоғары білім беру жүйесінің рөлі айрықша. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жасанды интеллектті білім беру процесіне енгізу — Президент сұхбатында көтерілген идеялардың нақты іске асу үлгісі.
Бүгінде университеттің барлық бакалавриат студенттері, яғни 14 мыңнан астам білім алушы жасанды интеллект негіздері бойынша оқытудан өтті. Оқу халықаралық онлайн платформалар арқылы жүргізіліп, студенттердің басым бөлігі ЖИ құралдарымен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгерді. Бұл — «тек таңдаулыларды емес, тұтас ұлтты технологиялық тұрғыдан дайындау» қағидатына сай келетін жүйелі қадам.
Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі жетекшілігімен AI-SANA ұлттық жобасы аясында студенттер нақты стартап жобаларды әзірлеуге кірісті. Киберқауіпсіздік, білім беру, спорт, қабылдау комиссиясының цифрлық сервистері, жұмысқа орналасу және университетішілік коммуникация бағытындағы жобалар жасанды интеллекттің абстрактілі ұғым емес, нақты шешімге айналып жатқанын көрсетеді.
Президент сұхбатында айтылған «қоғамның ой-санасы инновацияға дайын» деген тұжырым дәл осы университет жастарының белсенділігімен расталып отыр. Жасанды интеллектті меңгерген студент — ертеңгі мемлекеттік қызметкер, инженер, педагог немесе кәсіпкер. Демек, цифрлық держава идеясы аудиториядан басталып, ұлттық экономикаға ұласатын ұзақ мерзімді стратегияға айналуда.
Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының «Turkistan» газетінде айтқан ойлары елімізде іске асырылып жатқан цифрланлыру бағытындағы жобалардың даму бағытын айқындай түсті.
Лаура ҚАРАБАСОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Басқарма төрағасы-ректор.



