Жаяудың жолы тазартылмапты…

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қар тазалау жұмыстарының барысын көзбен көріп, қаланы жаяу аралады. Қала басшысы автожолдар мен тротуарларды қардан тазалап жатқан мердігер ұйымдардың жұмысымен танысып, әсіресе тұрғындар жиі жүретін аумақтарға баса назар аударды.
Әкім барған аумақтардың бірі — «Өтес Ақтөбе» ЖШС-на бекітілген учаске. Аталған мердігер компания автовокзал аялдамасынан бастап «Шығыс» базарына дейінгі аумақты қардан тазартуға жауапты. Бұл — жолаушылар жиі қатынайтын және қоғамдық көлік ағыны үзілмейтін маңызды бағыттардың бірі.
Қала басшысы мердігер компания өкілдеріне қар тазалауды сапалы әрі жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіз қозғалысы үшін жаяу жүргінші жолдарына, аялдамалар маңына және қоғамдық орындарға ерекше көңіл бөлуді ескертті.
— Қарды уақтылы тазалау — тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасау. Әсіресе адамдар көп жүретін көшелер мен аялдамаларда қауіпсіздік басты назарда болуға тиіс, — деді қала әкімі.
Үш тәулік бойы толассыз жауған қардан кейін аталған учаскеге қатысты тұрғындардан жаяу жүргіншілер жолдарының уақтылы тазаланбай жатқаны жөнінде шағым түскен болатын. Бұл мәселеге байланысты «Өтес Ақтөбе» ЖШС басшылығы жолдарды түнгі ауысымда толық тазартуға уәде берді.
Қала әкімі Азамат Бекет мердігер мекеме өкілдеріне жұмысты сапалы әрі жедел атқаруды қатаң ескертті.
— Біз автокөлік жолдарына ғана емес, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де баса мән беруіміз керек. Тұрғындардың барлығы бірдей көлікпен жүрмейді. Аялдама маңдары мен тротуарлардың дер кезінде тазалануы аса маңызды. Конкурсқа қатысып, жұмыс көлемін ұтып алған кезде үлгереміз деп уәдені үйіп-төгесіңдер. Келісімшартта көрсеткен талапқа сәйкес жұмыс бригадаларын, техникаларыңызды жұмылдырыңыздар, — деді қала басшысы.
Жалпы жаяу жүргінші жолдарын, қоғамдық кеңістіктерді тазарту жұмыстарын ұйымдастыру Астана және Алматы ауданы әкімдерінің міндетіне жүктелген. Екі аудан бойынша 16 учаскеде 8 мердігер ұйым жаяу жолдардың тазалығына жауапты. Олар — «Өтес-Ақтөбе» ЖШС, «Номад» құрылыс компаниясы, «Техносервис КЗ» ЖШС, «Damu Life» ЖШС, «Ажар-Ақтөбе» ЖШС, «Еңбек-2050» ЖШС, «ZNS group» ЖШС және «Интертехстрой» ЖШС.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



