Басты жаңалықтарСпорт

«Ақтөбе» футбол клубы жекеменшікке өтті

Анық-қанық

«Ақтөбе» футбол клубы«Qazaq Stroy Properties» компаниясының меншігіне өтті. «Ақтөбе» ФК» АҚ басқармасының жаңа төрағасы болып Арман Оспанов тағайындалды.

Осыған байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, «Qazaq Stroy Properties» компаниясының клубты одан әрі дамытуға арналған жоспар-мақсаттары жайлы айтылды.

Жиында алдымен клубтың бұрынғы басқарма төрағасы Санат Шәлекеновтің өкілеттігі аяқталғаны туралы хабарланды. Санат өз сөзінде облыс басшылығына, клуб ұжымы мен футболшыларға алғысын білдіріп, «Ақтөбе» командасына алдағы уақытта үлкен жеңістер тіледі.

Бұдан соң журналистерге жаңа төраға Арман Оспанов таныстырылды. Ол — FIFA Master (CIES) халықаралық бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі, футбол менеджменті мен корпоративтік басқару саласының тәжірибелі маманы.

Өз сөзінде ол клубтың жаңа иесінің алға қойған мақсатын:

— Біз клубқа ұзақ мерзімге келдік, сондай-ақ нәтиже үшін толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Басты мақсатымыз — «Ақтөбені» тек ел ішінде емес, еуропалық деңгейде аты, беделі бар командаға айналдыру, — деп жеткізді.

Клубтың жаңа басшысының айтуынша, биылғы Қазақстан чемпионатында жүлделі орынға қол жеткізу, ал келесі жылы чемпион атану көзделеді.

Сондай-ақ еуропалық деңгейдегі жаттығу базасын жасақтау, «Ақтөбе» клубының академиясы және спортшыларға медициналық көмек көрсетуді жақсарту басты назарда ұсталатын міндеттер ретінде атап өтілді.Болашақта қонақүй-сауықтыру және коммерциялық кластер құру да жоспарланған.

Арман Оспанов клубты басқару мен ұйымдастыру барысында барлық жұмыс ашықтыққа негізделеді деп атап өтті. Сонымен қатар Ақтөбе өңірінде футболды дамытуға көрсеткен қолдауы үшін облыс басшылығына алғысын айтты.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button