Басты жаңалықтарӘдебиет

Қаламгерлерге «Қазына» грантын табыстады

Облыс әкімі Асхат Шахаров Қазақстан Жазушылар одағының өңірдегі мүшелерімен кездесті. Басқосу әдебиет пен руханиятты дамыту, шығармашылық иелерін қолдау және алдағы жоспарларды талқылауға арналды.

Өңір басшысы өз сөзінде келелі кездесудің мән-маңызын айқындап, 2025 жылы мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Мәселен, былтыр Ақтөбеде дәстүрлі «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдебиет форумы халықаралық деңгейде өтті. Форум қазақ әдебиетінің қоғамдағы рөлі мен шығармашылықтың рухани маңызын талқылайтын маңызды алаңға айналды. Ұлт үшін еңбек етіп, мәдениет пен әдебиеттің дамуына үлес қосқан тарихи тұлғаларды ұлықтау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Соңғы екі жылда Әнуар Әлімжанов, Қасым Қайсенов, Сафуан Шаймерденов, Әбу Сәрсенбаев сынды қаламгерлердің есімдері көшелерге берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сараланған «Тарихи тұлғалар» тізімі негізінде Нұрпейіс Байғанин, Өтебай Қанахин, Рәбиға Сыздық, БәкірТәжібаев, Сағи Жиенбаев сынды тұлғалардың есімдері ұлықталды. Алдағы уақытта Өтежан Нұрғалиев пен Сәбит Баймолдин есімдерін ұлықтау жұмыстары жалғасын табады.

Өткен жылдары Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Үмбетбай Уайдин, Тобық Жармағамбетов сынды қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың мерейтойлары атап өтілді. Биыл Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы мен Ахмет Жұбановтың 120 жылдығын кең көлемде өткізу жоспарланып отыр.

Жас буынға рухани азық беретін қаламгерлердің шығармашылық кештері, кітаптарының тұсаукесері, кітапханалар мен оқу орындарындағы кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Табылды Досымов атындағы байқау, «Ер Едіге» жыр мектебі сынды жобалар да мәдениет пен өнерге көрсетілген нақты қолдау деуге болады.

Бұл бастамалардың барлығы—ұлттық мәдениетті дамытуға, қазақ әдебиетінің әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Киелі Ақтөбе топырағынан шыққан қаламгерлер қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан. Сол игі дәстүрді жалғастырып жүрген бүгінгі қаламгерлерге қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғасады. Қаламгерлердің қоғамдағы орны мен жауапкершілігі әрдайым жоғары. Сіздер қоғамдық үдерістердің сарапшысы, халықтың ойы мен мұңын жеткізетін зиялы қауым өкілісіздер. Сондықтан жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, рухани бағдар беру —ортақ міндет, —деді өңір басшысы.

Жиында аға буын өкілдері атынан ақын Нұрлыбек Қалауов сөз сөйледі. Ол өңірде әдебиет пен руханияттың дамуына қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Ал Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Бижан Қалмағанбетов шығармашылық қауым мен өңір басшылығы арасындағы ашық диалогтың өрбуіне ықпал етті.

Кездесуге қатысқан қаламгерлердің әрқайсысына облыс әкімінің арнайы «Қазына» гранты тағайындалып, қолдау көрсетілді.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button