Жылы аялдамалардың жайы

Қала әкімі Азамат Бекет аялдамалардың жай-күйін көрді. Автовокзал маңындағы аялдама павильонына арнайы барып, қоғамдық көлік күтіп тұрған тұрғындармен және сол жердегі павильон иесімен тілдесті.
Әкім жылы аялдамаларда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы керек екенін атап өтті.
— Жылы аялдамаларды ашқан кәсіпкерлер таңғы сағат 7.00-ден бастап павильон есігін ашып, іші таза әрі жылы болуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолаушылардың жайлылығы үшін қажет. Біз павильон салып, кәсіп жүргізуге рұқсат берген кезде кәсіпкерлерге келісімшарт бойынша осындай нақты талаптар қоямыз, — деді қала әкімі.
Азамат Бекет мұндай нысандар қоғамдық орын болғандықтан, онда тәртіп пен тазалық бірінші орында тұруға тиіс екенін де ескертті.
Айта кету керек, былтыр қалада кәсіпкерлер 26 жылы аялдама құрылысын аяқтады. Олар сәулет бөлімі қойған талап бойынша біркелкі эскизбен салды. Бірақ электр желісіне қосу үшін қажетті жер жұмыстарын кәсіпкерлердің кеш бастауы аялдамалардың жыл соңына дейін толық тапсырылмауына себеп болды. Бүгінгі таңда электр қуатын тарту жұмыстары жалғасуда. Қаңтар айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



