Депутаттар өндіріске барды

Кездесу
Өнеркәсіпті дамыту, жұмыс орындарын ашу және еңбек адамының мүддесін қорғау — мемлекеттік саясаттың және «Amanat»партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі. Осы мәселелер Ақтөбе қаласында Мәжіліс депутаты, «Amanat»партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішевтің және Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның «Capital Plast KZ» ЖШС ұжымымен өткен кездесуі барысында талқыланды.
Гофроқаптама мен стрейч-пленка өндіру жобасы Ақтөбеде 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ол өңірдегі маңызды өнеркәсіптік жобалардың бірі саналады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — 2 млрд теңге. Бірінші кезеңде гофроқаптама өндіріліп, пайдалануға берілді. Биыл екінші кезеңді қолға алып, стрейч-пленка өндірісін жолға қою жоспарлануда. Кәсіпорының толық қуаты жылына 21 млн шаршы метрге жуық қағаз өнімін және 1,8 мың тонна стрейч-пленка өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ұжым алдында сөйлеген сөзінде Қазыбек Әлішев өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвесторларды қолдау мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол партияның сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру аясында кейінгі үш жылда Ақтөбе облысында өнеркәсіп секторының тұрақты өсімі қамтамасыз етілгенін еске салды. Мәселен, 105 млрд теңгеден астам сомаға 20 өнеркәсіп нысаны іске қосылып, 2300-ден астам жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорын қызметкерлерінің тұрақты жұмыспен қамту, жалақы мөлшері және еңбек құқығын қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап бере отырып, депутат былтыр Мәжіліс инвестицияларды ынталандыруға, еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамаларды қарағанын және қабылдағанын атап өтті.
— Парламент инвестиция тартуға ғана емес, инновациялық белсенділікті дамытуға және қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыруға бағытталған заң жобаларына қолдау көрсетті. Бұл — зияткерлік меншік саласындағы реформалар, іскерлік ахуалды оңтайландыру, бизнесті қаржыландыру көлемін арттыруға негізделген банктер және банк қызметі туралы жаңа заң қабылдау, — деді халық қалаулысы.
Сондай-ақ депутаттардың қатысуымен әзірленіп, жуырда Мәжіліс қабырғасында қабылданған қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мәселелері туралы заң жобасына ерекше назар аударылды. Аталған құжат еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздікті жоюға бағытталып отыр. Енді ең төменгі және ең жоғары жалақы мөлшері кәсіпорынның қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, жұмыс беруші мен жұмысшылардың келісімі негізінде айқындалады. Бұдан бөлек, заңда әкелердің кәмелетке толмаған бала күтіміне жұмсаған уақытын еңбек өтілі ретінде есептеу, сондай-ақ іс жүзінде еңбек қатынасы бар салаларда азаматтық-құқықтық шарттардан кезең-кезеңімен бас тарту көзделуде. Бұл қадам жалдамалы жұмыскерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын күшейтеді.
Облысқа жасаған сапары барысында Мәжіліс депутаттары Ақтөбе қаласындағы Индустриялық аймақтағы мамандандырылған автокөлік техникасына арналған аспалы жабдықтарды өндіру және монтаждаумен айналысатын «TRUCK CENTER» кәсіпорнының және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылған №80 мектептің жұмысымен танысты. Содан соң халық қалаулылары партияның облыстық филиалының бас кеңсесінде тұрғындарды жеке қабылдады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



