Жыл иелері сөйлейді…

Бану ТІЛЕГЕНОВА, «Зәру»
пантоемдеу шипажайының басшысы
Денсаулық — ең үлкен байлық. Осы құндылықты сақтауға және нығайтуға «Зәру» пантоемдеу шипажайы көп жылдан бері адал қызмет етіп келеді. Біз марал пантыларының табиғи қуатын, дәстүрлі емдеу тәсілдерін және кәсіби медициналық тәжірибені үйлестіре отырып, халық денсаулығына қызмет етудеміз.
Биыл «Зәру» шипажайының қызметтері үздік атанып, мемлекеттік «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталуы — біз үшін үлкен мәртебе. Бұл марапат халыққа көрсетіп отырған қызметтеріміздің сапасына берілген жоғары баға, емделушілердің сенімі мен ұжымымыздың көп жылғы еңбегінің нәтижесі.
Жаңа жыл әр шаңыраққа амандық пен береке, татулық пен тыныштық, қуаныш пен молшылық ала келсін. Отбасыларыңызға жылулық, жүректеріңізге сенім мен үміт сыйласын.
Жылқы жылында туғандар жақсылықтың бәріне өз еңбегімен жетеді. Олар — (1906, 1918, 1930, 1942, 1954, 1966, 1978, 1990, 2002, 2014) ерінбейтін, жалықпайтын, тыным таппайтын еңбексүйгіш жандар. Осы жылы туғандар қай кезде де көңілді жүреді. Жаңа жыл қарсаңында біз жыл иелерімен тілдескен едік…
1942
Қарияның тілегі
Ата-бабаларымыз төрт түліктің ішінде жылқы малын ерекше қадір тұтқан. Тарихқа үңілсек, әріде Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, беріде Ақан серінің Құлагері секілді айтулы жүйріктерді білеміз. 1942 жылы дүниеге келген Қарғалы ауданына қарасты Степное ауылының тұрғыны Жақсылық Нағыметов жылқының ерекше қасиеті көп дейді. Жасы 83-тен асқан қария әлі де тың. Ол төрт түлікті түлетіп, еңбегін адалынан тауып отыр.
— Әкем Нағымет Аманов — Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол майдан жолында ерлікпен қаза тапты. Анам мені ерте жастан еңбекке баулыды. Жаз–қыс демей, колхоздың жылқысын бақтым. Небір нәубет жылдарды бастан өткердім. 2000 жылы Қарғалы ауданына қарасты Степное ауылына көшіп келдім. Содан бері «Степное» шаруа қожалығында еңбек етемін. Мұнда жылқы баптап, еділбай қойларын өсірумен айналысамын. Төрт түлікті түлетіп, мал басын көбейтіп жүрген қарапайым шопанмын. Әлі күнге дейін жылқының тектілік қасиетіне таңғаламын. Олар өзіне қамқор адамға тез бауыр басады. Өзім кезінде бәйге атын баптағанмын. Тіпті солардың қасында жүріп, белсенділікке, төзімділікке бейім болып кеттім. Қол қусырып отыру — маған тән қасиет емес, — дейді ол.
Жастайынан ат құлағында өскен Жақсылық ата үйіне келген әрбір қонаққа қымыздан дәм татырмай жібермейді екен. Ол мал бағуға икемі бар, тегеурінді жігіттерді осы кәсіпке баулығысы келеді.
— Жылқы мінсең — көлігің, жесең — тамағың, ішсең — сусының, кисең — киімің. Оның еті де дәрі, сүті мен қаны да дәрі. Қазысының майы адамның сүйегін балқытады. Сынықшылар сол май арқылы адамның теріс біткен сүйегін бұзып, қайта салып отырған. Қазіргі жастардың аурушаңдығының басты себебі — олар тез дайындалатын тағамдарға әуес. Сондықтан өзімнің үйіме келген адамға қымыз бен жылқы етінен дәм татырмай жібермеймін. Жастарымыз тек кеңсе жұмысына қызықпай, бір сәт ауылға келсе, нағыз ауылдың қайнаған тіршілігінің қандай болатынын көрсетер едім.
Келер жыл сәттілікке толы жыл болсын. Әсіресе өскелең ұрпағымыздың көсегесі көгеріп, бақытты ғұмыр кешсін. Жаңа жыл құт-береке әкелсін. Жылқыдай қырағы, аңғарымпаз болайық, — дейді Ж.Нағыметов.
1966
«Баршамызға берекелі жыл болсын!»
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақсұлу Жұбаназарова Жаңа жылды ерекше қарсы алғанды жөн санайды. Ол үшін Жаңа жыл — жақсылық пен жаңарудың бастауы. Оның анасы Рысқал Достанова 1942 жылы, яғни жылқы жылы дүниеге келіпті.
— Мен үшін әр жыл тарих болып есептеледі.1990 жыл мен үшін берекелі жыл болды. Сол жылы шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге қадам бастым. 2002 жылы үлкен ұлым Дастан Жұбаназаров Мақсұт Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға қабылданды. Бүгінде қос ұлым ер жетіп, еліне абыройлы қызмет етіп жүр. Жаратқанның қалауымен екі баланың анасы атанып, қазіргі таңда сол балаларымнан тараған алты немерені тәрбиелеп отырмын. Ардақты ана, асыл әже атанған маған бұдан асқан бақыт бар ма?!
Жақсыдан үміт күтіп, Алладан жақсылық тілейтін халықпыз. Жылқы жылы әр шаңыраққа қуаныш сыйласын. Бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы қызметін атқарып келемін. Ендігі мақсатым — еңбегімнің берекесін көріп, зейнеткерлікке шығу. Келер жылы мүшел жасқа аяқ басқалы отырмын. 30 жылдан астам уақыт қызмет еткен ұжымым менің екінші отбасыма айналды. Зейнеткерлікке шықсамда ұжымыммен арадағы байланысты үзбеймін, — дейді ол.
Кейіпкеріміз Ақсұлу Жұбаназарова жылқы жылғылар көшбасшылық қасиетке ие дейді. Тіпті ол осы жылы туғандардың әр нәрсеге тез ашуланып, тез басылатынын жасырмады.
1978
«Еңбекқор болып келеді…»
Мәдениет саласының үздігі, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Гүлназира Сағынғанова жыл иелерінің басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Ол ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға бағытталған іс-шаралардан қалмай, қазақтың төл өнерін насихаттап келеді.
— Жаңа жылды сән-салтанатымен қарсы алмайтындар жоқ шығар. Гастрольдік сапарымыз Жаңа жылмен тұспа-тұс келіп қалмаса, бұл күнді отбасымызбен үйде қарсы аламыз. Әр мерекені әрдайым ерекше көтеріңкі көңіл күйде өткізгенді жөн санаймын. Қай жылдың да өзіндік қиындықтары болады. Ал жылқы жылы өз жылым болғандықтан, осы жылды асыға күтемін.
«Жылан жылы — жайлы, жылқы жылы — жұтсыз жыл» дейтін халқымыз келер жылдың жайлы болатынын айтады. Әр жылдан баршамыздың жақсылық күтетініміз анық. Жылқы жылы жайлы жыл болып, еліміздің абыройы асқақтай берсін. Бұған дейінгі жылқы жылдарының барлығы жақсылығымен келгені есімде.
Жылқы жылы туғандар болмысынан еңбекқор келеді. Өзім жұмыс жасаудан ешқашан жалыққан емеспін. Қолым қалт етсе, қара домбырамды қолға алып, шәкірттерімді сахна өнеріне даярлаймын. «Өнерлінің өрісі кең» дегендей, бүгінде жас жеткіншектерді өнерге баулып, ұлттық өнерімізді дәріптеуге үлесімді қосып келемін. Ендігі мақсатым — қазақ өнерін әлемдік сахна төріне шығару, — дейді ол.
1990
«Жылқы мінезді халықпыз»
«Халық-life» компаниясының Ақтөбе қалалық филиалы директорының орынбасары Талғат Айтмағанбетов атбегілік өнерге жақын болмаса да қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстанатын отбасында тәрбиеленген. Ол үшін әр жыл өзіндік ерекшеліктерімен бағалы.
— Өткен жылдарға көз жүгіртсем, ұмытылмас сәттер көп. Есімде қалғаны, 2002 жылы отбасымызда қуанышты оқиға болды. Кіші қарындасым Сандуғаш дүниеге келді. Жаңа жылда отбасым мен тума-туыстарымның, елімнің амандығын тілеймін. Жылқы жылынан жағымды жаңалықтар мен мол табыс күтемін. Жылқы жылын берекелі жыл деп білемін. Сезімтал жануар қорегін іздеп, талғап жейді. Сондықтан жылқыдай ізденімпаз, жүйрік болыңыздар. Жаңа жылда арман-мақсаттарыңыз орындалып, жамандықтың барлығы өткен жылдың еншісінде қалсын деген жүрекжарды тілегімді білдіремін.
Қазақ жылқыны төрт түліктің төресі санайды. Қасиетті жануардың бір жылдық ауа райын болжап білетін қасиеті де бар деп естідім. Тіпті жылқының еті, саумалы ғана емес, оның қылының өзі ем екен. Оны жағып, күлін аузы уылған баланың аузына, адамның күйген жеріне сепкен. Өзім ат құлағында ойнап өспесем де, атбегілік өнерге қызығамын. Қазақ қазақ болғалы атқа жай мініп қана қоймай, оның бес тұрманының сақадай сай болуына мән берген. «Хас жүйрікте сын болмас» дегендей, ер мінезді қазақ жігіттері осы жылы намысты қолдан бермей, биік тұғырдан көріне берсін, — дейді ол.
2002
Балалық шақтың мерекесі
Қаламыздағы белсенді жастың бірі Анар Өтегенова биыл Астана халықаралық университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған. Оның ендігі мақсаты — қоғам дамуына үлес қосып, зейінді шәкірттер тәрбиелеу.
— Ұлт болмысының айнасы, адалдық нышаны іспеттес бұл жануардың мен үшін де орны ерекше. Жылқы жылдарының ішінде есімде ерекше қалғаны 2014 жыл еді. Бұл жылы ауа райы өте жайлы болды. Қытымыр қыстыр ызғары да сезілмеді. Бұрын барлық бала секілді мен де Жаңа жылды асыға күтетінмін. Қазір есейдік, ес тоқтаттық. Жаңа жылда жылқы сияқты таза, талғампаз, ізденімпаз болайық. Ең бастысы, деніміз сау, бауырымыз бүтін болсын! — дейді ол.
Анар — көптеген республикалық, облыстық байқаудың жеңімпазы. Ол 15 жасынан бері өлең жазады. Жас маман атбегілік өнерге қызықпағанымен, садақ атқанды жақсы көретінін жасырмады.
2014
«Жылқы жылынан күтерім көп..»
Жылқы жылы дүниеге келген Темір ауданы Қопа ауылының тұрғыны, 11 жастағы Нұралы Айтқали шабандоз жігіттерге қатты қызығады. Ол арғымақтар туралы кітаптарды көп оқитынын айтады. Жыл бойы түрлі зияткерлік сайыстарда жеңімпаз атанған оқушы келер жылдан көп үміт күтеді.
— Қопа жалпы білім беретін орта мектебінің 6-сыныбында оқимын. Өткен жылы көптеген пәндік олимпиадаға қатыстым. «Абай» жалпы пәндік олимпиадасының аудандық кезеңінде 1-орын алдым. Мәнерлеп оқу сайыстарында да топ жардым. Әр күнімді пайдалы іспен өткізіп, бос уақытымды кітап оқуға арнаймын. Жылқы жылы қызықты, көңілді сәттерім көп болады деп ойлаймын.
Қазақ өзін жылқы мінезді халықпыз дейді. Тарихқа көз жүгіртсек, елін жаудан қорғаған батырларымыз ұлан-ғайыр даламызды ат үстінде жүріп қорғаған. «Ер қанаты — ат» деп білген қазақтың өмірін жылқысыз елестету қиын. Өзім атпен серуендегенді жақсы көремін. Қолым қалт етсе, ауыл ішінде өтетін бәйге, көкпар жарыстарын көруге барамын. Шабандоз болмағаныммен, ұлттық төл өнерімізге қызығамын, — дейді Н.Айтқали.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.
Бану ТІЛЕГЕНОВА, «Зәру» 


