
Балабақша
Тәуелсіздік күніне орай Мұғалжар ауданы Жағабұлақ ауылында 100 орындық балабақша ашылды.
Бұған дейін ауыл бүлдіршіндері тозығы жеткен 50 орындық ғимаратта тәрбиеленіп келген еді. Жергілікті тұрғындар бұл мәселені облыс әкімі Асхат Шахаровтың ауылға келген жұмыс сапары кезінде көтеріп, жаңа нысан салу жөнінде ұсыныстарын білдірген-ді.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
715,5 млн теңгеден астам қаржыға салынған балабақша облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша бой көтерген. Құрылысқа «Санжар» ЖШС жауапты болды. Жалпы аумағы 1048 шаршы метр болатын ғимараттың құрылысы былтыр басталып, биыл толық аяқталды.
Жаңа балабақша заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда балалардың оқуы, ойнауы және жан-жақты дамуына арналған арнайы бөлмелер, ойын аймақтары мен қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
Іс-шара барысында «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС демеушілігімен Жағабұлақ ауылындағы орта мектепке жаңа «Газель» автокөлігі табысталды. Бұл көлік оқушылардың тасымалын қамтамасыз етеді.
Жаңа балабақшаның ашылуы — Жағабұлақ тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Тұрғындардың айтуынша, жаңа нысан ауылдың дамуына серпін беріп, жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына ықпал етеді.
Д.АЙДАР.



