МерекеПікір

Ұлт рухын жаңғыртқан ұлы кезең

Гүлжанат СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті

тарих факультетінің аға оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

— Туымен тұғырлы мемлекетіміздің Тәуелсіздік күні — терең мәні мен мағынасы ерекше қасиетті мейрам. Белгілі әдебиеттанушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Тәуелсіздік — ұлттың рухын қайтарған, тарихи жадын жаңғыртқан құбылыс» десе, шетелдік саясаттанушы Бенедикт Андерсон «Ұлттық мемлекеттер тәуелсіздік арқылы өздерінің мәдени «елестетілген қауымдастықтарын» нақты саяси құрылымға айналдырады» деп бағалаған. Бұл ойлар еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен елдіктің тұғыры берік екенін дәлелдейді. Біздің мемлекеттің қауіпсіздігі, жұрт тыныштығы, көпұлтты халқымыздың ынтымағы — егемендік дәуірінің ең басты жетістіктері.

Ғасырдың үштен бірін артқа тастап, дербес өмір сүрген қазақ елінің бүгінгі жеңістері көңілге қуаныш, жүрекке сенім ұялатады. Әлем мойындаған мемлекеттер сапына қосылып, талай жанға пана болып, төрін кеңге жайып отырғанымыз — ата-баба аманатын ардақтап, салт-дәстүрді қастерлеудің, қазақ рухының қайсарлығы мен өрлігінің айқын жемісі.

Қазіргі Қазақстанда әлеуметтік саясат халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Білім беру жүйесі жаңғырып, цифрлық инфрақұрылым кеңейді, университеттер халықаралық аренадан өз орнын алып, академиялық еркіндікке ие болды. Тәуелсіздік жылдары облысымыз да ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің орталығына айналды. Орта және мектепке дейінгі білім ошақтарының көбеюі, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасының нығаюы, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қарқынды дамуы ел игілігіне қызмет етуде. Әсіресе ауыл жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар, шалғай ауылдарға көгілдір отынның жетуі, мемлекет тарапынан ауыл мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі — ұлт болашағына арналған ұлы іс.

Өңіріміз табиғи, тарихи-мәдени орындарға бай. Бүгінде бұл нысандарды қорғау, туристік әлеуетін арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асуда. Ұлттық тарихты танытуға арналған жобалар, тәуелсіздік жолында күрескен тұлғалар мен батырларға орнатылған мемориалдар мен мұражайлар, олардың есімдерінің көше атауларына берілуі өскелең ұрпақтың елін сүюіне, туған жерін қастерлеуіне серпін беруде.Осы тұста белгілі академик Әбдуәли Қайдардың «Тәуелсіздік тілдің, ұлттық мәдениеттің және рухани мұраның жаңғыруына жол ашады», «Егемен ел ғана өз тіл саясатын, ғылымын, білімін өз мүддесіне сай дамытады» деген сөзі ойға оралады.

Тәуелсіздік — өз тағдырымызды өзіміз айқындауға берілген мүмкіндік. Бұл күн — өткенге тағзым, келешекке сенім, бірлікке шақыратын мереке. Тәуелсіздіктің арқауы — ұлттық бірлік, қоғамдық тұрақтылық, рухани жаңғыру, тарихи сананың тереңдеуі. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде нығайып, қоғамдық өмірдің барлық саласына енуде.Рухани жаңғыру бағдарламалары халықтық дәстүрлерді жаңғыртып, мәдени мұраны сақтауға, қоғамның рухани құндылықтарын дамытуға жол ашты.

Егемендік жылдары еліміздің саяси, экономикалық және рухани болмысы жаңарып, жаңа мемлекеттік құрылым қалыптасты. Қазақстанның халықаралық беделі артып, нарықтық қағидаттарға негізделген экономика қалыптасты. Ұлттық мәдениеттің жаңғыруы мен тарихи сананың орнығуы қоғамның рухани кемелденуіне әсер етті. Жалпы, тәуелсіздік дәуірі — қазақстандық мемлекеттіліктің берік іргетасын қалаған, елдің стратегиялық бағытын айқындаған кезең.

Соңғы жылдары ел дамуына серпін берген «Жаңа Қазақстан» тұжырымы ерекше маңызға ие. Ол — басқару жүйесін жаңғырту, құқықтық мемлекетті күшейту, әділетті қоғам құру, азаматтардың құқығы мен мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған реформалар жиынтығы. Бұл бастама — қоғам сұранысына жауап беретін, елді жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейтін тарихи бетбұрыс.

Жарқын болашағы бар мемлекет құру жолында әділеттілік пен сенім атмосферасын орнықтыру, құқық қорғау жүйесін халыққа қызмет ететін деңгейге жеткізу — басты міндет. Әлеуметтік тұрақтылық пен әділдік — Жаңа Қазақстанның негізгі құндылықтары. Бұл ұғымды тек саяси ұран ретінде емес, ел дамуын жаңа бағытқа жетелейтін стратегиялық трансформация ретінде түсіну қажет. Егер әділетті қоғам, ашық басқару, құқықтық мемлекет, азаматтық белсенділік, тұрақты экономика қағидаттары толық жүзеге асса, тәуелсіз еліміздің тұғыры бұрынғыдан да биіктей түсері анық.

«Жан емес, маған керегі — көк Тудың желбірегені» деп, Отанын жүрегіне ту еткен қазақ елінің еңсесі мәңгі биік болғай!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button