«Жұбанов университеті «сапа» ұғымының синониміне айналуға тиіс!»

Жоғары білім
Ақтөбе өңіріндегі негізгі кадр даярлаушы санаулы оқу орындарының бірі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жылды қорытындылап, ғылыми кеңес алдында есеп берді. Іс-шараға оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамымен бірге университет серіктестері,«Amanat» партиясы мүшелері, мәслихат депутаттары, БАҚ басшылары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, жұмыс берушілер, студенттер, т.б. қатысты.
Университеттің басқарма Төрағасы-ректор Лаура Қарабасова Жұбанов университетінің 2025 жылғы қызметі жөнінде есеп берді.
— Өңірлік университет — ең алдымен6 өзі орналасқан өңірдің игілігі мен үміті. Әсіресе ірі, көпсалалы университеттер тұтас өңірдің экономикалық әлеуетін, адами ресурстарын және зияткерлік келбетін қалыптастырады. Сондықтан университеттің даму бағыты мен нәтижелері облыс жұртшылығын бейжай қалдырмайды.
Бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырап отыр. Қазіргі жағдайда біз әрбір студент үшін еңбек нарығындағы компаниялар секілді бәсекеге түсіп отырмыз. Әр студенттің университетті саналы түрде таңдап келуі біз үшін аса маңызды. Әсіресе талантты студенттер үшін Алматы, Астана қалаларындағы және еліміздің басқа да жетекші университеттерімен бәсекелесіп келеміз.
Осыдан төрт жыл бұрын басталған реформалар ең алдымен университеттің қаржылық, академиялық саясатын өзгертуге бағытталды. Біздің басты мақсатымыз —Жұбанов университетінің«сапа» ұғымының синониміне айналуы.
Осы бағытта біз елімізде алғашқылардың бірі болып сапасыз білімге жол беретін тәжірибелерді тоқтатып, университетке келмей-ақ диплом алу сияқты келеңсіз құбылыстарды тоқтаттық. Бұдан кейін кезең-кезеңімен университетке түсудің шекті балын көтердік. Егер көптеген оқу орнында ол 50 балл болса, бізде бұл көрсеткіш 60-тан 90 балға дейін жетті. Бұл — талапкерлер сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Келесі бір маңызды өзгеріс — Жұбанов университетінің өңірлік университет шеңберінен шығуы. Бұрын біз, негізінен, Ақтөбе өңірі, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары үшін ғана маман даярласақ, соңғы жылдары университет Қазақстанның 14 өңірі үшін кадр дайындайтын жоғары оқу орнына айналды.
Университет дамуының әр кезеңінде нақты мақсаттар айқындалады. Төрт жыл бұрын академиялық саясат пен мәдениетті трансформациялау процесін бастадық. Бұл қадам білім сапасын арттыруға, ғылымды өңір дамуының нақты тетігіне айналдыруға және жауапкершілікке негізделген академиялық орта қалыптастыруға бағытталды.
Жоғары талаптар мен бірыңғай сапа стандарты академиялық саясаттың өзегіне айналды. Бұл тек қабылдау талаптарына емес, оқу мазмұнына, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің кәсіби деңгейіне де қатысты.
Еліміздегі алғашқы өңірлік жоғары оқу орны ретінде ҰБТ шектік межесін 90 балға дейін көтердік. Соған қарамастан, студенттер саны 14 500-ден асты. Профессор-оқытушылар құрамының сапасы да тұрақты түрде артып келеді: 2020 жылы PhD дәрежесі бар мамандар саны 19 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 93-ке жетті. 2022 жылдан бері ағылшын тілін меңгеруге жағдай жасау және жас ғалымдарды қолдау өз нәтижесін беріп отыр, — деді Л.Қарабасова.
Л.Чапайқызының айтуынша, қазіргі уақытта университет қызметінің тиімділігі бұрынғыдай даярланған мамандардың саны мен сапасымен ғана өлшенбейді. Бүгінде ең басты өлшем —ғылымдағы нәтижелер. Сондықтан оқу орны өңірге нақты пайда әкелетін қолданбалы зерттеулерге басымдық беріп отыр.
— Өздеріңіз білетіндей, елімізде жылдар бойы университеттерде ғылымға жеткілікті қаржы бөлінген жоқ. Жоғары оқу орындары, негізінен, білім беру қызметімен ғана айналысты. Тек соңғы жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмалары мен қолдауының арқасында ғылымқаржыландырыла бастады.2021-2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 160,5 миллион теңгеден 2,126 миллиард теңгеге дейін артты. Яғни қаржыландыру сегіз есе өсіп отыр. Q1 және Q2 санатындағы журналдардағы жарияланымдар саны айтарлықтай өсті. Scopus дерекқорында индекстелетін мақалалардың 56 пайызы соңғы бес жылдың үлесіне тиесілі, — деді ол.
Л.Қарабасованың айтуынша, ғылымға қатысты халықаралық байланыстар да кеңейген. Оқу орны үшін 2025 жылдың маңызды жаңалығы —оқу орнында АҚШ-тағы Миннесота университетімен бірлесіп, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға арналған зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығының ашылуы.Университеттің халықаралық кеңістікке белсенді интеграциялануы академиялық дипломатияны нығайтуға үлес қосып отыр. 2023 жылы ашылған Хериот-Уатт университетінің кампусында бүгінде 500-ден астам студент білім алып жатыр, олардың қатарында НЗМ, РФММ және БИЛ мектептерінің жоғары балл жинаған түлектері де бар. Еліміздің 14 өңірінен келген студенттерге шетелдік профессорлар, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жас мамандар дәріс береді.
— Тұрақты дамудың басты шарттарының бірі — адами капиталға қолайлы орта қалыптастыру. 2021 жылдан бері қызметкерлердің жалақысы үш рет кезең-кезеңімен көтерілді. 2025 жылғы қыркүйектен бастап университетімізде қызметкерлердің жалақысын жалпы 20 пайызға дейін көтердік. Оның ішінде қызметтік-сервистік мамандардың жалақысы 30%, ал жоғары өнімділігі бар профессорлардың жалақысы 35% артты.Сонымен қатар қызметкерлерге мерекелік премиялар, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, өткен жылға дейін әлеуметтік көмек тек 80% көлемінде берілсе, биыл ол 100 пайызға дейін жеткізілді.Университет аумағының 90 пайызы Wi-Fi желісімен қамтылып, қолжетімді нүктелер саны 22-ден 220-ға дейін артты. Материалдық-техникалық база жаңартылып, 500-ге жуық компьютер сатып алынды, ғимараттарға реновация жүргізілді. Студенттер сарайы күрделі жөндеуден өтті. Биыл жаңа оқу-зертханалық ғимараттың құрылысы басталды.
Біздің ұстаным қысқа мерзімді нәтижеге ұмтылу емес. Университеттің басты құндылығы — академиялық сапа мен академиялық адалдық. Бұл — күнделікті жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Білім мен ғылым осындай ортада ғана тұрақты әрі нәтижелі дамиды деп сенеміз, — деді ректор.
Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылын қорытындылау аясында Лаура Қарабасова университетте еңбек адамын дәріптеу, оларға құрмет көрсету үрдісі үздіксіз жүргізілгенін айта келіп, оқу орнының шаруашылық және техникалық қызмет саласының қызметкерлерінеАлғыс хат табыстады.
Университеттің оқытушылары мен қызметкерлеріне «Ахмет Байтұрсынұлы», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, Философия докторы (PhD) дәрежесі дипломы, ғылыми атақ бойынша дипломдар тапсырылды. Тағы бірқатар қызметкер Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғысымен, Жұбанов университеті ректорының Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шараға қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов, «Amanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Сарманова, облыстық мәслихат депутаттары Күлпаршын Айдарханова, Айгүл Дүйсенова, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айдана Смағұлова, университет профессоры Қуанышбек Шүңкеев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов, ардагер журналист Жанғабыл Қабақбаевтар сөз алып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің облыс өміріндегі, жалпы еліміздің білім және ғылым саласындағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ оқу орнының жыл бойы атқарған жұмысына оң бағасын берді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



