Басты жаңалықтар

Жылқы жылының керуені

Жаңа жыл

Облыс орталығында жаңа жылдық іс-шаралардың қалай өтетіні және мереке күндері қандай қауіпсіздік шаралары қабылданатыны облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, Жаңа жылды қарсы алуға арналған мерекелік бағдарлама аясында 31 желтоқсан күні таңғы сағат 11.00-ден 14.00-ге дейін қалалық мәдениет үйлерінің шығармашылық ұжымдары керуендер ұйымдастырады. Тұрғындармен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында керуендер бес бағыт бойынша сауда орталықтарын, базарлармен тұрғын үй алаптарын аралайды. Атап айтсақ, I керуен «Әлия» сауда орталығына, «Алтай» базарына, «Дина» гипермаркетіне және «Keruen City» ойын-сауық орталығына барады. II керуен Есет батыр тұрғын алабы арқылы жүріп өтіп, «Дина» және «Анвар» супермаркеттерінің алдына, Орталық базар алаңына және «Астана» сауда орталығына тоқтайды. III керуен «Анвар» гипермаркеті мен «Dalida» сауда орталығын қамтиды. IV керуен «Шығыс» базары мен «City Shopping Center» сауда орталығына, ал V керуен «Табыс» базары, «Тұрғындар қалашығы» базары арқылы өтіп, әуежайға барады.

Керуендер тұрғындарға музыкалық бағдарлама, конкурстар және интерактивті ойындар өткізеді, «Жыл-он екі ай» шоуының кейіпкерлері халықты келе жатқан Жаңа жылмен құттықтайды.

Ал кешкі сағат 20.00-ден 22.00-ге дейін Қалалық мәдениет сарайының («Тұрғындар қалашығы» базарының ауданы), қалалық әкімдік алдындағы алаңдарда, «Авиатор» саябағында, Есет батыр тұрғын алабындағы «Дина» супермаркетінің алдында, сондай-ақ Қурайлы, Сазды және К.Нокин атындағы мәдениет үйлерінің аумағында қала тұрғындары үшін жаңажылдық концерттік бағдарламалар өтеді. Көрерменді жергілікті өнерпаздар құттықтап,театрландырылған қойылымдар мен интерактивті ойындар ұйымдастырылады.

Кештің басты оқиғасы — «Жаңа жыл ғажайыптары» атты жаппай мәдени іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласының жанында кешкі сағат 20.00-ден түнгі 01.00-ге дейін жалғасады. Бағдарламада қаланың үздік артистері мен музыканттарының қатысуымен мерекелік концерт, ертегі кейіпкерлері қатысатын театрландырылған қойылым және би кеші жоспарланған. Мерекелік шара отшашумен аяқталады.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Тәртіпті сақтау үшін барлық іс-шара өтетін орындарда полиция қызметкерлері мен жол-патрульдік қызметі кезекшілік етеді. Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істейді. Өрт қауіпсіздігі шаралары, әсіресе отшашулар мен пиротехникалық шоулар өткізілетін орындарда күшейтіледі. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтары мерекені толық қауіпсіздікте және жайлы жағдайда тамашалай алады.

Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов 2025 жылдың 31 желтоқсанынан 2026 жылдың 7 қаңтарына дейін полицияның жеке құрамы күшейтілген жұмыс кестесіне көшетінінін хабарлады. Жедел басқару орталығының базасында 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында ахуалдық орталықтың жұмысы ұйымдастырылады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ақтөбе қаласындағы мерекелік серуендер өтетін орындарда, саябақтарда, гүлзарларда, сондай-ақ ойын-сауық мекемелерінің жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Қоғамдық тәртіпті қорғауға барлығы 1408 полиция қызметкері, №6655 әскери бөлімінің қызметшілері, сондай-ақ 100 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Ал өрттің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату орындарын анықтау үшін базарларда профилактикалық рейдтер жүргізуде.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров медициналық және төтенше жағдайлар қызметінің күшейтілген жұмыс режимінің, халықты БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы уақтылы ақпараттандырудың, сондай-ақ азық-түлік бағасына тиімді мониторинг жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, мереке күндері 109 қызметі арқылы халықтың кері байланысқа шығуына және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге ерекше көңіл бөлінуге тиіс.

Сондай-ақ өңір басшысы жауапты қызмет өкілдеріне тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуді, коммуналдық қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыруды,қоқыс пен қарды уақтылытазалауды, қоғамдық көлік жұмысын бақылауды тапсырды.

— Жаңа жыл — отбасылық мереке, қуаныш пен мейірімнің бастауы. Сондықтан бұл күндері өңірдің әр тұрғыны өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі керек. Біздің басты міндетіміз — көшелерде, саябақтарда және бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарда жайлылықты, қауіпсіздікті және тәртіпті қамтамасыз ету. Біз қызметтердің жұмысын мұқият бақылап, жылудың уақтылы берілуін, қардың тазалануын және қоқыстың шығарылуын қадағалауымыз керек. Қоғамдық тәртіпті сақтауға, отшашу кезіндегі қауіпсіздікке және жедел қызметтердің жұмысына ерекше мән береміз. Мереке облыстың тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын, көңілді және қауіпсіз өтуге тиіс, — деп түйіндеді Асхат Шахаров.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button