Жаңалықтар

Қауіпсіздік — басты назарда

Брифинг

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету — басты міндет. Осыған байланысты  Өңірлік коммуникациялар қызметінде жаңажылдық іс-шаралар кезіндегі өрт қауіпсіздігі мен пиротехниканы қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған брифинг өтті.

Іс-шараға облысытық төтенше жағдайлар департаменті  мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жаңабек Шалғынбаев және аталған мекеменің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Аслан Мұхтар, сондай-ақ  облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Игілік Әбубәкіров қатысты.

Олар мереке кезінде туындауы мүмкін қауіп-қатердің алдын алу барысын баяндады.

Баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жаңабек Шалғынбаев жыл басынан бергі жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, өңірде 560 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайыз көп. Дегенмен материалдық шығын көлемі 30,1 пайызға азайған. Өрт салдарынан 8 адам көз жұмып, 11 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында (242 дерек) және көлікте (197 дерек) болған.

Жиында әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда екені айтылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 7389 тұрғын үй есепке алынған. Түсіндіру жұмысы нәтижесінде 1386 түтін датчигі орнатылған.

Мерекелік іс-шараларды қауіпсіз өткізу мақсатында облыс аумағында жаңажылдық шаралар өтетін 343 нысан бақылауға алыныпты. Орталық саябақтарда 18 шырша орнатылып, барлық нысанда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталуына қатысты профилактикалық тексерулер жүргізілген. Тексеру барысында анықталған 450 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылығы сол жерде жойылып, 792 нысан өкілі мен қызметкеріне арнайы нұсқама берілген.

Балалар қатысатын жаңажылдық шыршалар ерекше бақылауда. Кестеге сәйкес мерекелік іс-шаралар кезінде 80 офицерлік құрам кезекшілік атқарады. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта ТЖД мен полиция департаменті бірлесіп, жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың рұқсатсыз саудасына қарсы рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да кең көлемде ұйымдастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өрт қауіпсіздігі мен пиротехниканы дұрыс пайдалану тақырыбында материалдар жарияланып, тұрғындар арасында сақтық шаралары кеңінен насихатталып жатыр.

Жиын қорытындысында жауапты орган өкілдері жаңажылдық мерекені қауіпсіз өткізу әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда пайдалануға шақырды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button