Қазақ демографиясы: үміті басым кезең

Аз ғана күннен кейін еліміз өз тәуелсіздігінің 35-жылына аяқ басады. Осы тұста біз демографиялық көрсеткіштерге шолу жасағанды жөн көрдік. Әрине, оң көрсеткіштер бар: бүгінде елімізде тұрғындарының саны миллионнан асатын қалалардың саны 3-ке жетті, бұл үш қаладан бөлек, тағы 4 өңірде халық саны миллионнан асты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай 1 қарашада еліміздегі тұрғындардың саны 20 миллион 464,1 мың адам болды. Бұл тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 3,6-3,7 миллион адамға өскенін көрсетеді.
КСРО-дағы ең соңғы санақ 1989 жылы өткізілгені белгілі. Оның қорытындысы бойынша, республикада жергілікті ұлттың үлес салмағы 40,1 пайыз (кей деректерде 39 пайыз) болды. Бүгінде бұл көрсеткіш 71 пайызға жетті.
Бастапқы 20 жыл: келу мен кету
Алайда тәуелсіздіктің ең алғашқы кезеңінде еліміздегі демографиялық көрсеткіштер тіпті де көңіл көншітерлік емес еді. Мұның себебін жоғарыда айтылған 1989 жылғы санақтың қорытындысынан іздеген жөн: республикада халықтың басым бөлігін, яғни 60 пайызға жуығын өзге ұлттардың өкілі құрады.
Қазақстан КСРО құрамындағы байырғы халықтың үлесі өзгелерден төмен бірден-бір республика болды. Мұның себептері көп еді: 1916 жылғы көтеріліс; кәмпеске мен ұжымдастыру кезіндегі асыра сілтеу; 1921 және 1931-1932 жылдардағы аштық; 1954 жылдан басталған тың игеру, т.б. Мысалы, тың игеру мәселесі өткен ғасырдың 40-жылдарының орта шенінен-ақ көтерілген, алайда сол кездегі республика басшысы Жұмабай Шаяхметов бұған барынша қарсы шықты. Ол қазақ жерінде топырақтың құнарлылығы төмен, мал шаруашылығы болмаса, астық шаруашылығын өрістетуге жарамайды деген көзқарасты дәлелдеуге тырысып бақты. Алайда билікке Хрущев келгеннен кейін Мәскеу Шаяхметовпен санасып жатпады. Тіпті осы мәселе бойынша келіспеушілікке байланысты оны орнынан алып тастады. Кейіннен Хрущев: «… астық алқаптарын ұлғайтқан жағдайда, оны өңдеуге қазақтардың өз күші жетпейтінін, тың жерлерді игеру үшін жан-жақтан тілек білдіруші еріктілерді көмекке шақыруға тура келетінін Шаяхметов түсінді. Ал ол мұны мүлде қалаған жоқ, себебі өйткен жағдайда Қазақстанның байырғы тұрғындарының үлес салмағы бұрынғыдан да төмендер еді» — деді, яғни қарсылықтың астарында демографиялық мәселе жатқанын жеткізді.
Егер 1939 жылғы санақта қазақтардың республикадағы үлес салмағы 38 пайыз ғана болғанын және одан кейінгі соғысты, жүз мыңдаған ер-азаматтың соғыстан оралмағанын ескерсек, әрине, Шаяхметовтің тың игеруге жылы шырай білдірмейтіндей-ақ жөні барын түсінеміз. Оның үлкен уайымы бекер болмай шықты: 1959 жылғы санақтың қорытындысы бойынша, республикада жергілікті ұлттың үлесі 30 пайыз төмендеді. Ал орыстардың үлесі 42,7 пайыз болды. Қазақтар өз жерінде саны жағынан екінші ұлтқа айналып шыға келді…
1959-1989 жылдар аралығында қазақ отбасыларында бала санының көп болғанына қарамастан, республикада жергілікті ұлттың үлес салмағына қатысты көрсеткіш баяу көтеріліп, тек 40 пайызға ғана жеткенін жоғарыда айттық. Өйткені бұл кезеңде де кен игеру, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, т.б. себептермен сырттан ағылғандар аз болмады.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін сырттан келгендер енді өз тарихи отанына қарай кері көше бастады. Ресми деректер бойынша алғашқы он жылдың ішінде Қазақстаннан 2 миллион адам көшіп кеткен. Сыртқа үдере көшу бұдан кейін де жалғасты. Демограф Мақаш Тәтімовтің мәліметі бойынша, 25 жыл ішінде елімізден көшкендердің саны 3 миллионға жуықтаған.
1991-2001 жылдар аралығында Қазақстанда халықтың саны 16,8 миллионнан 14,8 миллионға дейін азайды. Бірақ ескерер жайт: бұл кезеңде қазақ халқының табиғи өсімі көрсеткіші кері кеткен жоқ. Сонымен бірге мемлекет кеткендердің бір бөлігінің орнын сырттан келген қандастардың есебінен толтыруды көздеді, бұл мақсатқа бағытталған іс-шаралар да өз жемісін берді.
Осылайша 2003 жылы елімізде демографиялық құлдырау тоқтады. Ал 2012 жылы еліміздегі халықтың саны тәуелсіздік алған кездегі, яғни 20 жыл бұрынғы көрсеткішке қайта «оралды».
Қазіргі үлес — 71 пайыз
2021 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы 70,4 пайыз болды. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сай елімізде қазақтардың саны 13 миллион 966 мыңға жетті, үлес салмағы бойынша көрсеткіш — 70, 7 пайыз. Кейбір зерттеушілер сол жылдың наурыз айының басында елімізде 14 миллионыншы қазақ дүниеге келді деген болжам да айтады.
1989 жылы Қазақстанда байырғы халықтың саны 6,4 миллион болғанын ескерсек, бұл — өте жақсы көрсеткіш. Тағы бір деректерге сүйенсек, өсім жағынан қазақтар бұрынғы КСРО халықтарының ішінде тәжіктерден соңғы екінші орынға көтерілген.
Қазіргі күні елімізде саны жағынан қазақтан кейінгі екінші орындағы ұлт — орыстар. Олардың үлес салмағы — 15 пайыз. Үшінші орындағы өзбек ұлтының үлесі — 3,25 пайыз. Олардан бөлек украин, ұйғыр, неміс және татар халықтарының үлесі 1 пайыздан асады. Бұл — байырғы халықты қоса алғандағы еліміздегі ең ірі 7 ұлтқа қатысты деректер.
Өңірлер бойынша қарасақ, ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысына тиесілі екен. Мұнда қазақтардың үлес салмағы — 96,12 пайыз. Одан бөлек Маңғыстау және Атырау облыстарында қазақтардың үлесі 90 пайыздан асып отыр. Біздің аймақта да бұл көрсеткіш жоғары — 85,26 пайыз.
Дегенмен еліміздің солтүстігінде үлес салмағы жағынан қазақтар әлі де халықтың жартысын құрай алмай отырған өңірлер бар. Бұл мәселе «Серпін», т.б. бағдарламалардың нәтижесінде бірте-бірте шешімін табады деп сенеміз.
Тәуелсіздік жылдарында халықтың саны миллиондық межелерден бірнеше рет аттады. Атап айтқанда, 2013 жылы маусымда — 17 миллионға; 2017 жылы мамырда — 18 миллионға; 2021 жылы маусымда 19 миллионға жетті. Ал 2023 жылы 14 қарашада Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы күні таңертеңгі сағат 8-ден 10 минут кеткенде еліміздің 5 аймағында — Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Ақмола және Атырау облыстары — дүниеге келген 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны деген атқа ие болды. Сонымен қатар демографтар 1991-2023 жылдар аралығындағы халықтың өсім көрсеткіші 22,3 пайыз екенін атап өтті.
Тәуелсіздік кезеңінде ең көп сәби дүниеге келген жыл — 2021 жыл. Бұл жылы елімізде 446 мың бала туған.
Миллионер қалалар мен өңірлер
Тәуелсіздік жылдарында елімізде халқының саны миллионнан асатын қалалардың саны 3-ке жетті: бұлар — Алматы, Астана және Шымкент қалалары.
Ең алғаш Алматы қаласында халық саны 1981 жылы 19 желтоқсанда тұңғыш рет 1 миллиондық межеден асқан болатын. Арада 40 жыл өткенде, 2021 жылы Алматы халқының саны 2 миллион адамға жетті.
Қазір де бұл қала — еліміздегі халқының саны ең көп қала. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай 1 қазанда Алматы халқының саны 2,3 миллионнан асты. Оның 61 пайызы — қазақтар. Қаңтар-қыркүйек аралығында мұнда 30 мыңға жуық адам көшіп келген, оның 2 мыңға жуығы — шетелден келгендер.
2016 жылы Қазақстанда миллион тұрғыны бар екінші қала пайда болды. Осы жылы 4 шілдеде елордамыз Астанада миллионыншы тұрғынның дүниеге келгені жарияланды.
Осы жерде еске ала кетсек, 1989 жылғы санақтың қорытындысы бойынша сол кездегі Целиноград қаласында 281,2 мың адам тұрған. Ал 1945 жылы Ақмола қаласында тұрғындардың саны тіпті 70 мыңға да жетпеген екен.
Сонда кейіннен ел астанасына айналған қалада 70 жылдан сәл артық уақыттың ішінде халықтың саны 14 еседен астам өскен. Қазір Астанада 1,6 миллионнан астам адам тұрады. Биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында елордаға 68,4 мыңға жуық адам көшіп барған. Астана халқының 79 пайызы — қазақтар.
Шымкент — Қазақстанның үшінші миллионер қаласы. 2018 жылғы жаздың бастапқы күндерінде мұнда тұрғындар саны 1 миллиондық межеден асты. Соған байланысты Шымкентке республикалық дәрежедегі қала мәртебесі беріліп, ол өзі орталығы болып саналған Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан шығарылды. Ал облыстың орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, сондай-ақ өңірге көне тарихи атауы да қайтарылғаны оқырманымызға белгілі.
Шымкентте бүгінде 1,3 миллионға жуық адам тұрады, оның ішінде қазақтардың үлесі — 70 пайыз.
Облыстарға келсек, елімізде халқының саны 2 миллионнан асатын әзірге жалғыз өңір бар, ол — Түркістан облысы. Мұнда халық саны 2 миллион 150 мыңға жетті. Ал Ұлытау облысында тұрғындар саны бұдан он еседей аз, яғни 220 мыңға жуық адам тұрады. Сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстары халқының саны 1 миллионнан асатын өңірлер қатарына кіреді.
Жер көлемі жағынан еліміздегі ең ірі облыс саналатын Ақтөбе өңірінде қазір 955 мың адам тұрады. Бұл — батыс аймақтағы ең жоғары көрсеткіш.
Егер салыстырар болсақ, 1989 жылы облыс халқының саны — 737,9 мың, ал 2002 жылы 668,2 мың адам болды. Жалпы, халқының саны жөнінен Ақтөбе еліміздің облыстары арасында 5-орынды иемденеді. Ал алдағы бірер жылда өңір халқының саны 1 миллионға жетеді деп күтіліп отыр.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



