Білім

Өңірлік білім беру-өндірістік кластері ашылды

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінде аймақтың тау-кен металлургия саласына арналған өңірлік білім беру-өндірістік кластердің ресми ашылуы болды. Іс-шараға білім басқармасының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, жұмыс берушілер, ERG Корпоративтік университетінің және компанияның ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің мамандары қатысты.

Жоба елімізде алғаш рет кадр даярлаудың үздіксіз жүйесін қалыптастырды. Білім беру үдерісі мектепке дейінгі жастан басталып, мектепте, колледжде және өндірісте жалғасады. Бұл модельдің нәтижесі — түлектердің тау-кен металлургия саласының жетекші кәсіпорындарына 100 пайыз жұмыспен қамтылуы.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі бүгінде кәсіби-техникалық кадрлар даярлау бойынша елдегі ең мықты оқу орындарының бірі ретінде танылып отыр. Колледж кәсіби кадрлар даярлауда тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де локомотив саналады. Жақында колледж ұлттық білім беру ұйымдары байқауының қорытындысы бойынша елдегі үздік оқу орны деп танылды. Бұл — оқу орнының инновациялық көзқарасы мен мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін дәлелдейді,— деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Ізбасар.

Оның айтуынша, кластердің бірегейлігі — кәсіптік бағдар берудің мектепке дейінгі жастан басталуында. Балалар ойын форматында лаборант рөлін байқап көреді, химия, электрмен жабдықтау және тау-кен ісінің негіздерімен танысады. Мұндай ерте танысу техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген тұрақты қызығушылықты қалыптастырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 9-11 сынып оқушылары үшін кластер тереңдетілген бейіндік оқытуды, шеберлік және практикалық сабақтарды ұсынады. Мектепті аяқтағаннан кейін түлектер кәсіби курстардың сертификаттарын алып, еңбек нарығына сұранысқа ие біліктілікпен шыға алады.

Кластердің басты артықшылығы — түлектерді кепілді түрде жұмыспен қамту.Жас мамандар Дөң тау-кен байыту комбинаты мен ERG компаниялар тобының кәсіпорындарын қоса алғанда, елдегі үздік өндіріс орындарында еңбек ету мүмкіндігіне ие болады. Кадр даярлау жұмыс берушілердің нақты қажеттілігіне сәйкес жүргізіледі. Бұл түлектердің өндірістік ортаға жеңіл бейімделуіне жағдай жасайды, — деді ол.

Халықаралық деңгейде де дамытуды мақсат тұтқан бұл жоба аясында бүгінде  Г.Носов атындағы Магнитогорск техникалық университеті мен Халықаралық білім беру және инновациялар орталығымен әріптестік орнатылған. Бұл ынтымақтастық оқу үдерісіне әлемдік озық тәжірибелер мен заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Іс-шараның маңызды қорытындысы «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының №01 сертификатының табысталуы болды. Бұл құжат Хромтау колледжінің Қазақстандағы жаңа форматтағы алғашқы білім беру-өндірістік модель екенін ресми түрде растайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button