Интернет-алаяқтық: дрондар арқылы дабыл


Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе қаласында полиция, прокуратура қызметкерлері және Жоғары еуропалық колледж оқушылары интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы Ақтөбе тұрғындарына ерекше әрі заманауи тәсілмен ескертті. Іс-шара аясында қала аумағының әртүрлі бөліктерінде бір мезетте 20 дрон қолданылды.
Осындай іс-шаралардың бірі «Заң және тәртіп» республикалық жобасы аясында қаланың Орталық саябақ алаңында өткен «Абай болыңыз, алаяқтар!» акциясы болды. Дыбыстық сүйемелдеуі бар дрон әуеден қала тұрғындарын алдаудың ең кең таралған тәсілдері — телефон және интернет-алаяқтық, сондай-ақ қаскөйлердің өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын жағдайлары туралы хабардар етті. Сонымен қатар базар аумақтарында ақпараттық баннерлер орналастырылып, колледж еріктілері тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмау жолдары және күмәнді жағдайлар туындаған кезде қайда жүгіну керектігі жөніндегі брошюралар мен парақшалар таратты.
Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілі, капитан Жәнібек Шағыров өңірдегі интернет-алаяқтық бойынша алаңдатарлық статистиканы келтірді. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтықтың 1044 дерегі тіркеліп, келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі — шамамен 1 миллиард 600 миллион теңге. Ол алаяқтық схемалар үнемі өзгеріп, барған сайын күрделене түсіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты полиция қызметкерлері халықты ақпараттандыру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жаңа форматтағы профилактикалық шараларды тұрақты түрде енгізіп келеді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қырағылықты қалыптастыруға бағытталғанын, әсіресе алаяқтардың нысанасына жиі айналатын егде жастағы адамдар үшін аса маңызды екенін атап өтті. Департамент өкілі азаматтарды кез келген күмәнді ақпаратқа сыни көзқараспен қарап, қажет болған жағдайда 102 нөміріне дереу хабарласуға шақырады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



