«Таза Қазақстан»

420 мың тұрғынның үлесі

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру мәселесі қаралды.

 Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің мәліметінше, 2024 жылдың сәуір айынан бері өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 420 мыңнан астам тұрғын, 13 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын қатысқан. Осы кезеңде 117 мыңнан астам аула, 1 765 әлеуметтік нысан, 342 парк пен сквер тазартылып, 241 су айдынының жағалауы мен 93 мың метрден астам арық ретке келтірілді. Жұмыстарға 6 мыңнан астам техника жұмылдырылып, полигондарға 50,5 мың тонна қоқыс шығарылды.

 Исатай Еспағанбетов акцияға қатысу айтарлықтай артқанын атап өтті: тұрғындар мен ұйымдар саны көбейіп, тазалау жұмыстарының ауқымы кеңейген. Бағдарлама санитарлық тазалау мен көгалдандырудан бөлек, экологиялық мәдениет пен білімді арттыруға бағытталған.

 Акцияны дамыту мақсатында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы мен 2024–2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары бекітілді. Өңірлік жоспар 43 тармақтан тұрады, оның 32-сі тұрақты, ал 2025 жылға жоспарланған 5 тармақ қазірдің өзінде орындалды.

 Тұжырымдама аясында экологиялық нормаларды бақылау үшін бұлтты бейнебақылау жүйесі енгізіліп, 1 470 камера орнатылды. Сонымен қатар төрт метеостанция сатып алуға қаржы бөлініп, жасыл желектерге түгендеу жүргізілуде, елді мекендер маңында жасыл аймақтар мен қорғаныш белдеулер құрылуда.

 Білім беру саласында «Жасыл балабақша» пилоттық жобалары іске асырылып, оқу орындарында «Экология және еңбек» фракциясы жұмыс істейді. Экологиялық акциялар мен байқаулар ұйымдастырылып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде 23,9 мыңнан астам материал жарияланды.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров «Таза Қазақстан» Президент бастамасы екенін атап өтіп, оның өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын айтты. Ол жауапты органдарға жоспардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

 Заманауи экологиялық технологияларды енгізу, жеке инвестиция тарту, экоактивистер мен волонтерлік қозғалыстарды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұжырымдаманың орындалуы облыс әкімінің тұрақты бақылауында болады.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы қалалар мен ауылдарды абаттандырумен қатар, тұрғындардың табиғатқа ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Экологиялық бастамаларды кеңейту, мектептерді, кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарды тарту, эковолонтерлікті дамыту және жастар арасында экожобаларды насихаттау маңызды. «Әрбір жоба адамдарға да, қоршаған ортаға да нақты пайда әкелуі тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button