Басты жаңалықтарМереке

180 баланың қуанышы

Президент шыршасы

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында балаларға арналған дәстүрлі Президент шыршасы өтті.Мерекелік шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева қатысты.

Президент шыршасына 9-13 жас аралығындағы 180 бала қатысты. Олардың қатарында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар, төтенше жағдайлардан зардап шеккен отбасылардың балалары, сондай-ақ оқуда, шығармашылықта және спортта жетістікке жеткен дарынды оқушылар бар.

Мерекелік кеш театрландырылған қойылыммен басталды. Ерекше безендірілген алып шыршаның маңына жиналған балалар Аяз ата мен Ақшақарды, ертегі және мультфильм кейіпкерлерін қарсы алды.Биылғы бағдарламаның ерекшелігі—театрландырылған көріністерде жасанды интеллект элементтерінің қолданылуы мен еңбек адамын бейнелейтін, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін айқындайтын би қойылымы сахналанды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жиналғандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Айналайын балалар! Жаңа жыл мерекесі — әр бала асыға күтетін, көңілге қуаныш сыйлайтын, сыйлыққа кенелтетін айрықша мейрам.Бүгінгі шыршаға облысымыздың оқуда, шығармашылықта, спортта үздік нәтиже көрсетіп жүрген ең талантты, білімді де өнерлі балалары жиналып отыр. Бұл мереке — сендерге арналған жаңажылдық сыйымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізе отырып,  өздеріңдей дарынды оқушылармен  кездескеніме өте  қуанышты екенімді жеткізгім келеді. 

Сендердің жан-жақты дамып, білімді, парасатты тұлға ретінде қалыптасып жетілулерің үшін мемлекет барлық мүмкіндікті жасауда.

Елімізде қолға алынған бастамалардың бәрі де сендер үшін, жарқын болашақ үшін жасалып жатыр.

​Менің сендерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыңдар деп сенім білдіремін.

​Сондықтан болашақта ата-ана, ұстаз еңбегін ақтап, халық мақтанышына айналатын саналы ұрпақ болыңдар. Ата-аналарыңды қуантып, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Әрқашан үлкенді сыйлап, Отанымызды мақтан тұтыңдар. Елдің баласы атаныңдар, — деді облыс әкімі.

Салтанатты құттықтаудан соң облыс әкімі Асхат Шахаров балалармен бірге Президент шыршасының шамын жақты.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, Президент шыршасына қала-аудандардан келген балалар екі күнге облыстық мектеп-интернатқа орналастырылған. Бұл күндері оқушылар үшін мерекелік және мәдени-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылып, мерекелік дастарқан жайылған. Балалардың қауіпсіздігі мен жайлы жағдайы толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бұл шара жаңажылдық кешпен ғана шектелмей, балалар үшін «Келешек мектептеріне» экскурсия ұйымдастырылып, заманауи STEM және робототехника кабинеттерінде интеллектуалдық ойындар өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Президент шыршасына қатысушыларды іріктеуге қатаң талап қойылады және бұл мерекеге әр оқушы бір рет қана қатыса алады.

Айта кетейік,Президент шыршасына қатысушы әр балаға тәтті сыйлықпен қоса—120 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.

Мерекелік шарада түрлі ойынға қатысқан балалар өз әсерлерімен бөлісті.

Президент шыршасына  алғаш қатысып отырмын. Кеш өте жақсы өтті. Аяз ата, Ақшақар, Алдар көсе және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге билеп, көңілді кешті қызықты өткіздік. Мемлекет басшысының атынан сыйлық алдық. Бұл күнді ұмытпаймын.

Биылғы жыл мен үшін жетістікке толы болды. Өзім мектепте спорттық жарыстардан бөлек, пәндік олимпиадалардан да жүлделі орын алып жүрмін. Жуырда пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде орыс тілі пәнінен бірінші орын алған болатынмын. Енді облыстық кезеңде бақ сынаймын. Келер жылы да жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жетуге тырысамын, — дейді Шалқар қаласыӘ.Жангелдин орта мектебінің 7-сынып оқушысы Абдулазиз Байдулла.

Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, балалар үшін түрлі ойындар ұйымдастырылды. Кішкентай қонақтар ертегі кейіпкерлерімен бірге ән салып, би билеп, жаңажылдық мерекеден көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

 Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button