«Тарихымыздың ұлы тарауы»

Арман ИСИМОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, PhDдокторы
Өткен жылға өкпе жоқ, жыл жақсылығы көп болды. Енді алдағы Жылқы жылы да елімізге, өңірімізге құт әкеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылсын! Үлкендеріміз қуатты, ғылымға бет бұратын жастарымыз көп болсын!
Жылқы жылы — еркіндіктің, еңбекқорлық пен адалдықтың, қозғалыс пен табандылықтың нышаны. Сондықтан келе жатқан жаңа жыл әрбір жанға жақсылықпен жаңа үміт сыйласын!
Қазақтың бүкіл тарихы, тағдыры, тұрмыс-тіршілігі және болмысымен біте қайнасқан, ұлтпен егіз ұғымға айналған құндылықтар бар: дала, домбыра, жылқы…
Бүгінде әлемде жері кең халықтың бірі болып отыруымыздың өзі ата-бабамыздың жылқыны ерте қолға үйретуінің арқасында екені түсінікті. Өйткені ақын Ғафу Қайырбеков айтқандай, «Осынша даланы меңгеру үшін, осынша шалғайлықты қаусыру үшін, тек аттың жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды».
Жылқы бізге жер, яғни мекен, Отан ғана емес, тіршілікке азық та сыйлады: мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыздың басты асы — ет, басты сусыны қымыз болды. Орта ғасырларда Сарайшық маңында өткен тойға қатысқан еуропалық саяхатшылар: «Көшпелілер жиын-тойдың дастарқанына мүлде мән бермейді екен, тек асылған ет пен қымыз мол болса — болды, басқа тағам іздеп жатқан адам көрмедік», — деп ренжіп қайтқанын кезінде оқыған едік. Шын мәнінде ғасырлар бойғы тәжірибе арқылы халқымыз қымызды сан алуан тәсілмен ашытып, түр-түрін ішкенін жат жерліктер ұға алмаса керек: уыз қымыз, бал қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, сары қымыз, түнемел қымыз, асау қымыз…
Ал жылқы еті, біріншіден,тағамдық құнары, екіншіден, жеңіл қорытылатыны арқылы, яғни диеталық өнім ретінде де өте құнды.1869 жылы орыс дәрігері Г.Архангельский: «Жылқы етіне аса бағалы және арзан дәрі ретінде қараған жөн», деп жазған. Айта кету керек, ХІХ ғасырда орыс және еуропалық дәрігерлер көшпелілердің денсаулығына, көп ауырмайтына мән беріп, әсіресе қымызды, жылқымен серуендеуді өздерінің емдеу практикасына енгізуге де тырысқан.
Жылқының халық тұрмысымен біте қайнасқанының тағы бір көрінісі —қазақта бұл жануарға байланысты кісі аттары да, жер атаулары да өте көп. Бірқатар атақты тұлғалар мен бүгінгі белгілі адамдарды еске алсақ та жеткілікті: ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы; ақындар — Құлыншақ Кемелұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Сәбит Дөнентаев; жазушы, аудармашы Қадыр Тайшықов; жас жазушы Досхан Жылқыбай; генетик-ғалым Мақсат Жабағин; белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев, т.б. Сондай-ақ Сарыбие, Ақтай, Торытөбел, Айғыржал, Ақжал сынды толып жатқан жер атаулары да көпшілікке жақсы таныс.
Ежелгі заманда көшпелілердің жауынгер, батыр ретіндедаңқы таралуы да жылқымен байланысты еді. Жылқы — сұсты, күшті жануар. Оны қолға үйрету, үнемі ат үстінде жүру, ат үстінде жаттығу көшпелілердің айбарын асырып, батылдыққа, ептілікке тәрбиеледі. Жауды қуса да, қашса да жаяудан гөрі, аттының мысы басым болатыны дәлелдеуді еш қажет етпесе керек.
Сонау эпостық жырлардың кейіпкерлерінен бастап, кейінгі дәуірлерде ел қорғаған батырларды, тіпті 1941-1945 жылдардағы соғыста даңқы шыққан Бауыржан Момышұлының өзін халық тұлпарымен бірге есте сақтады. Ұрыста атына оқ тиіп, жаяу қалған батальон командирі Бауыржан Момышұлы өзіне ұсынылған түрікменнің сұлу ақалтеке атынан бас тартады. «Мен сұлу ат мініп, тойға бара жатқан жоқпын», — дейді штаб бастығына. Орташа ғана тығыншықтай, мініскер әрі жүйрік ақбоз атты таңдайды. Оның ылғи ақбоз ат таңдайтынына басқалар таңғалысады. Сонда Момышұлы: «Біздің халық жылқының ақбозын қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген», — дейді.
Атты, оның қасиетін тани білу де қазақтың қанына сіңген мінездің бірі. Атақты сыншылар мен оларға қатысты оқиғалар ел ішіне аңыз болып тараған. Мысалы, «әлі тумаған, енесінің ішіндегі құлынның да түсін дөп айтқан» Толыбай сыншы туралы аңыздар кешеге дейін сақталды.
Бейбіт күнде де:
«Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.
Атты артық көрген елміз мінген тақтан,
Қызық-ақ біздің бәйге қырда шапқан!
Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,
Аттарға шаң шығарып келе жатқан?!» — депІлияс Жансүгіров жырлағандай, көшпелілердің көп дәстүрін, қызықты сәттерін, сән-салтанатын жылқысыз елестету мүлде мүмкін емес еді.
Қазақ жаңа туған нәресте ұлдың атқа ең алғаш мінер күнін де елжірей аңсап күтеді. Бұл күнді «ашамайға мінгізу» дәстүрімен ағайын-туыс, тіпті ауыл-аймақ болып дүрілдетіп атап өтеді. Ал сыйлы қонағына қашанда ат мінгізіп, шапан жапқан. Қазақтың байлығы да жылқының санымен өлшенді. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, 5 мыңнан астам жылқысы бар адам ғана нағыз бай саналған. Байлықты бірауыз сөзбен жеткізу керек болса, «Жылқысын көптігінен баға алмайды» («Қыз Жібек» жыры) — деп сипаттайды.
Қазақтың уақыт, қашықтық өлшемдерінде де «бие сауым уақыт», «ат шаптырым жер» сынды жылқымен байланысты ұғымдар орныққан. Немесе «түстік жер», «айшылық жол» дегенде атпен жүріп жететін қашықтық айқындалған.
Қазақтың жылқыдан алыстай бастауы тың көтеру науқанымен тұспа-тұс келді. Оның арғы кезіндегі естеліктерге бір сәтке үңілсек, ойнақтаған құлын-тай, ат жарыс, асау үйрету сынды қызықтар қазақ ауылының басты қуаныштарының бірі болғанын оңай-ақ елестетеміз.Ақын Ғафу Қайырбеков:«50-60 жылдары туған ауыл баласы жылқы романтикасын, оның өлшеусіз қадірін біле бермейді, қала қазағының баласы — екібастан. Ол елдің тарихын білмеумен немесе шала-пұла білумен пара-пар. Өйткені ана сүті мен жылқы сүті — біздің тарихымыздың басы. Аттар, тұлпарлар — өнер тарихымыздың ұлы тарауы. Ол тарауларсыз даланы, туған жеріңді тану, сүю мүмкін емес… Жалаң аяқ, жалаң бас күнімде ат жарысты көп көрдім. Майдың, Октябрьдің мейрамдарын асыға күтуші едік біз. Ол күтудің өзге рахаттарымен қоса, «ат шабыс болады» деп күтетінбіз. Қайран балалық, соған өзіміз ат қосатындай, қиялымызда өзімізді өзіміз жаратып, жүрек дамылсыз дүрсілдеуші еді. Құлағымызда күн бұрын аттардың дүбірі тұратын», — дейді. Бұл жолдардан ақынның өз балалығына деген сағынышы ғана емес, тұтас бір халықтың өткеніне — жылқысыз өмірді елестете алмайтын дүбірлі дәуреніне — деген шексіз сағынышын сеземіз.
Енді жазушы Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесіне ойысыңыз:«Біз, балалар, ертеңді-кеш қозы қайырысып, шешелерімізге сауылатын қойларды қосақтасқаннан кейін-ақ зытып отырып, ауылдың сыртындағы тас қораға тартамыз. Мұнда колхоздың құмнан көшіп келе жатқан жылқысы қамалады. Ауылдың еркек кіндік атаулысы сонда жиналып, тай-құнандарды күзейді, әскерге жіберілетін аттарды іріктейді, асаулар үйретіледі. Осқырына жер тарпыған айғырлардың төбелесі, ойнақ салып жарыса шапқан тай-құлындар, бұғалық салған кездегі аспанға шапшыған асаулар — жатсақ-тұрсақ тауыса алмайтын әңгімеміз. Және де бәріміздің ауызымыздың суы құрып сөз ететініміз — Тоқтар…
…Тоқтар әскерге жарайды деп іріктелген аттардан күнде бір асау үйретеді. Небір жүген-құрық тимеген құр асауларға тақымы тиді-ақ болды, жалына мысықша жабысады да, тастай қатып айырылмайды. Мейлі аспанға шапшысын, мейлі мөңкісін, бірақ одан жығылар Тоқтар жоқ. Қайта біраз тулатып-тулатып алғаннан кейін қос өкпеге тепкілеп, әрлі-берлі ойқастата көсілтіп шабады, қамшыны да басады аямай. Сөйтіп, біраз шапқаннан кейін ала өкпе болған асаудың үсті-басы ақ көбік тер болып, сайтаны бастыға бастайды. Ал кешкісін құр осқырынғаны болмаса, таңертеңгідей аспанға шапшуға да, мөңкуге де шамасы келмей титықтап кеп, кермеде ауыздықты күтір-күтір шайнап, таң асуға қаңтарылады… Күн сайынғы Тоқтардың асау үйретуі біз үшін — дүниеде теңдесі жоқ қызық көрініс».
Осылайшаауыл адамының, оның ішінде ауыл баласының көп қуанышы, күлкісі мен қызығы жылқымен байланысты еді. Алайда тың игеру науқанында кеңес өкіметі егін шаруашылығына қолайсыз мал ретінде жылқыдан теріс айналды. Әрі машина, темір-терсек көбейіп, жылқы көлік ретінде де қолданыстан шыққан. Сол тұста өкіметтің жылқыға қырын қарағанына үнсіз қала алмай, шырылдап ара түскен де қазақ еді. Мұны алысқа бармай-ақ, бір ғасырдан астам тарихы бар өз газетіміздің көне тігінділерінен көре аламыз: «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1957 жылғы 30 қараша күнгі санына «Жылқы шаруашылығын өркендетуге нақты көңіл бөлінсін» атты мақала жарияланған. Онда: «Жылқының берерін санап тауысу қиын. Ал бағып өсіруі басқа түліктен әлдеқайда оңай. Қысы-жазы тебінде тұяғымен күн көріп, қоң жинаған, төлі туғанда төрт аяғынан тік тұратын жануар осы жылқы емес пе?» — дей келіп, сол кезде оның басқа малға қарағанда шетқақпайлық көріп жүргені айтылады. «Соңғы жылдары облыста жылқы малын орынсыз шығын етуге жол берілді. Арзан бағасына топтап сату, жаппай соғымға сою, қалай болса солай жұмсау орын алды», — делінген.
Тәуелсіздік алған тұста республикада 1,6 миллион жылқы болды. 2000жылдардың басына дейін созылған дағдарыс салдарынан, бастапқыда жылқының саны өскен жоқ. Тек 2003 жылдан кейін ғана өсе бастады. Бүгінде еліміз жылқы саны жөнінен әлемде үздік 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Алайда сан түзеле бастағанымен, жылқының санадағы орны әзірге бізді толғантпай отыр. Қазіргі ұрпақ, өкінішке қарай, жылқы ұғымын тек өткен күнмен (ата-баба тарихымен) және соғыммен байланыстырады. Мысалы, Қытайдағы қазақтар жайлау тірлігін, соның ішінде ат спортын туризмнің бір саласы ретінде жолға қойған. Нарат аталатын жайлауда қандастарымыз бір ғана аттан бір жылда 100 мың юань (7 миллион теңге) пайда көретінін айтқан. Бізге де жайлауда ашамайға мінгізу, асау үйрету сынды дәстүрлерді қайта жаңғыртып, смартфоннан бас алмайтын балаларымызға бір мезгіл жылқыны қызықтап, оның кісінеген үнін естуге мүмкіндік беретіндей туристік жобалар қажет-ақ.
Индира ӨТЕМІС.
Арман ИСИМОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы, PhDдокторы


