«Өлмейтұғын артында сөз қалдырған»

Темір қаласы Ресей империясының кезінде — Орал, Торғай губернияларының, ал кеңес заманыныңбастапқы жылдарында Ақтөбе губерниясының құрамында болған Темір уезінің орталығы еді.
Бұл қала— қазақ тарихында айрықша орны бар тұлғалардың ізі қалған көне мекен. Соның қатарында ХХ ғасыр басында қазақ прозасының, драматургиясының негізін қалаған буынның көрнекті өкілі, өңір баспасөзінің бастауында тұрған тұлғаның бірі Жиенғали Тілепбергенов те бар.
Ол Ақтөбеде 1924 жылдан бастап шыққан губерниялық деңгейдегі тұңғыш қазақтілді басылым — «Кедейге» алғашында автор ретінде қатысса, көп ұзамай басшылық қызметке келіп, аяғынан нық тұруына өлшеусіз үлес қосты. Ақтөбе ғана емес, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық газеттерінің тарихында да Жиенғалидың өшпес ізі жатыр. Өмірінің соңында Темір қаласында шығып тұрған «Кедей» (кейіннен «Социалды майдан») газетінің редакторы қызметін атқарды.
Жиенғали Тілепбергеновтің баспасөздегі шығармашылығы ерте басталған. Ол Уфадағы «Ғалия» медресесінде шәкірт болған және кейіннен елге келіп ұстаздық еткен жылдарындасол заманғы қазақтың газет, журналдарына үзбей мақала, хабарлар жіберіп тұрды.
Ауылда өзінің нағашысы Абдолла Беркінов ашқан мектепте білім алып, үздік шәкірт болған Жиенғали кейін оқуын Орынбордағы «Хұсайния», Уфадағы «Ғалия» медреселерінде жалғастырды. «Ғалия» медресесінде оқып жүрген қазақ жастары 1915 жылдан бастап «Садақ» деп аталатын қолжазба журнал шығарды. Журналдың алғашқы шығарушысы Бейімбет Майлин еді. Оның «Шұғаның белгісі» повесі ең алдымен «Садақта» жарық көрген. Бейімбет оқуды бітіріп кеткеннен кейін, одан әрі журналға Жиенғали Тілепбергенов бас-көз болды. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев бұл туралы былай деп жазды: «1955 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналына Ж.Тілепбергеновтің өмірі мен творчествосына арналған мақала дайындап жүрген кезім еді. А.Пушкин атындағы мемлекеттік кітапхананың қолжазба фондасынан «Садақ» журналының бірнеше санын тауып алдым. Уфадағы «Ғалия» медресесішәкірттері шығарған «Садақтың» 1916 жылғы №20, 21, 22 сандары екен. Жиенғалидың псевдонимі «Жекей» көзіме оттай басылды. Журналдың редакторы — шығарушысы болып қол қойыпты».
Сондай-ақ Жиенғалидың баласы, кезінде облыстық филармонияны басқарған Нұраш Жиенғалиев те әке мұрасына іздеуші болып, «Ғалия» медресесінде Жиенғалимен қатар оқыған Сәйфи Құдашпен хат алысып тұрған екен. Сәйфи Құдаш — бар ғұмыры Башқұртстанда өткен татар ақыны. 1967 жылы 30шілдеде жазған хатында ол:
«Құрметті Нұраш туған! Әкеңіздің мұрасы және оның тағдырымен қызықсынуыңыз мені өте сүйіндірді. Мұның үшін сізге рахмет.
Жиенғали Тілепбергенов Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ шәкірттері арасында тиянақты, ашық жүзді, жұмсақ сөзді, орта бойлы жігіт еді. Бұл жайсаң жігіт бүгінде менің көз алдымда.
Жиенғали Тілепбергенов жақсы оқушы болу үстіне, медреседегі шәкірттерден көпшілік-әлеуметтік істерге де белсене қатынасты. Оның үстіне ол 1915-1916 жылдарда әдеби қызмет бойынша да өзінің күшін сынай бастады. Мәселен, қазақ тілінде қолжазба түрінде шығарылып отырған «Садақ», татар тілінде шығарылған «Парлық» журналдарында оның нөмір сайын дерлік кішкене хикая-әңгімелері басылып тұрушы еді. Жиенғали бұл уақытта «Жекей» деген жасырын атпен жазатын.
Башқұртстанның музейінде 1915-1916 оқу жылында «Ғалияда» оқыған қазақ шәкірттерінің бір группасының фотосы сақталған. Міне, сол фотода Жиенғалидың суреті де бар» деп естелік айтады.
Жиенғали Тілепбергеновтің Солтүстік Қазақстан өңірінің газетінде де еңбек еткенін айттық. 1927 жылдың қаңтар айынан бастап ол «Бостандық туы» газетінде (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») редактор болды. Міне, осы облыстың Мамлют ауданы Кондратовка стансасында мектеп директоры болған Совет Қайыржанов та жылдар бойы Жиенғали шығармашылығына байланысты өз бетімен ізденген. Ол да Нұраш Жиенғалиевке хат жолдап: «Менің материал жинауым 1972 жылдан басталды. Қазір қолжазба «Садақ» — қолда. Әдебиетте шеберлік ұстарту мектебі болған бұл қадірлі, қасиетті, баға жетпес қолжазба барда, еріксіз жұмыс істеп, тер төккің келеді ғой. Бар жазғанымды жинақтап, Ақтөбеге барып редакция қызметкерлерімен ортақтас болсам деген мүмкіндік — болашақтың жұмысы. Уақыт көрсетер»дейді.Бұл хат 1985 жылы 31 қаңтарда жазылған. Совет Қайыржановтың қолындағы материалдардың, соның ішінде «Садақ» журналының одан кейін не болғаны бізге белгісіз.
«Садақтан» бөлек, Жиенғали сол кездегі «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Алаш», т.б. қазақ басылымдарына мақалалар мен хабарлар жолдап отырған. Өзі жазып қана қоймай, Абдолла Беркіновтің тағы бір шәкірті Құдайберген Жұбановты да жазуға баулыды. Бұл жөнінде көрнекті ғалым, академик Рәбиға Сыздықова: «Қ.Жұбановты журналистікке баулыған, бір жағынан, өмірге ілесіп, оның көкейтесті мәселелеріне үн қосу қажеттігін туғызған жаңа заман болса, екінші жағынан, жанында үлгі-өнеге алатын Жиенғали Тілепбергенов сияқты қалам иесі болды», — деп атап көрсетеді.
Жиенғали мен Құдайбергеннің бірігіп жазған «Өнегелі мұғалім» атты мақаласы осыдан 110 жыл бұрын — 1915 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің 103-санына шыққан екен. Мақалада Абдолла Беркінов туралы айтылады. Бұл кезде Жиенғалидың жасы 20-да, ал Құдайберген 16 жаста болған.
Айта кетейік, екеуі бұдан кейін де «Қ-Ж» деген бүркеншек атпен бірлесіп, сол заманғы өзекті мәселелерге байланысты мақалалар жариялап тұрды, соның ішінде губерниялық «Кедей» газетіне де атсалысқан.
Жиенғали Тілепбергенов 1918 жылы «Ғалия» медресесін бітіріп елге оралып, бастапқыда ауыл мектебінде мұғалім болды. Кейіннен Темір уездік оқу бөліміне қызметке орналасып, инспектор, осы бөлімнің меңгерушісі болып та еңбек етті. Өмірініңол тұсы жөнінде Хайрулла Меңдібаевтың естелігінде сақталып қалған деректер де бар. Қ.Жұбанов туралы естелікте автор: «Жиенғали Тілепбергенов екеуінің 4 айлық курс ашып, ана тілі, ана тілін оқытудың методикасы жөнінде мұғалімдерге ақыл-кеңес бергендерін, Темір-Орқаш болысының Тепсең, Шилі, Қопа сынды ауылдарында тұңғыш мектептер ұйымдастырғандарын, ал осы жылдың жазында уездің барлық советтерінде сауатсыздарды оқытатын мектептер ашуды ұйғарып отырғандарын айтты», — дейді.
1925 жылдың қазан айынан бастап Жиенғали губерниялық «Кедей» газетіне жұмысқа шақырылды, яғни баспасөз саласына ауысты. Мұнда ол, біріншіден, ауыл-село тілшілерінің жұмысын ұйымдастыруға басшылық жасады. Хайрулла Меңдібаевтың тағы бір естелігінде: «…кеңесте газет тарату жөнінде редактор К.Абдуллин, тілші деген тақырыпта Ж.Тілепбергенов әңгіме өткізді. Тілепбергенов тілшінің правосы мен міндетін, олар газеттің қазақ ауылдарындағы сенімді сүйеніші, хабаршысы екенін байыптап түсіндірді. Кеңестің соңында, әлі есімде, 7 адам ақ қағазға жазылған, газет редакторының қолы қойылған «тілші» деген мандат алды. Тілшілік мандат алғандардың біреуі мен едім» делінген. (Бұл естелік жарты ғасырдан сәл астам уақыт бұрын, газеттің 50 жылдық мерейтойына орай жазылыпты.)
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, жиенғалитанушы Ғайша Ниязова да Тілепбергеновтің «Кедейде» қызмет еткен жылдарына тоқтала келіп: «Жиенғали тікелей журналистикамен айналыса жүріп, Құдайберген Жұбановпен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне де баса көңіл бөлді. Ақтөбе педагогикалық техникумында олардан дәріс алған әрі журналистиканың әліппесін үйренген талантты жастардың бір тобы — Ғұмар Аққұлов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірманов, Кәрім Ержанов, Ғабдыр Садықов, Сабыр Ілиясов, Ғұбайдолла Юсупов, т.б. кейіннен республикаға танымал журналистер болып шықты» деп жазды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқали Байменше «Кедейдің» оқшау сөзі» атты мақаласында Жиенғалидың газетке сіңірген тағы бір еңбегі жөнінде: «Тарихтың табалдырығына қарай шегініп, Ақтөбенің губерниялық «Кедей» газетінің құжатхана қойнауында жатқан, уақыт өте келе сарғайып, көнере бастаған, елең-алаң шақта шағын үлгіде шыққан нөмірлерін парақтағанда, басылым редакторының орынбасары болып қаламгер Жиенғали Тілепбергеновтің келуімен газетте «Оқшауша» айдары пайда болғанын көреміз. Жиенғалидың қазір «әңгіме» аталып жүрген «Қойшығұл қуанышы» шығармасына газетке шыққанда осындай айдар қойылды. «Патент», «Бексіл» атты шығармалары да «оқшауша» болып жарияланды. Жиенғали енгізген жаңа айдардың жақсы жалғасын тапқанын газетке жарияланған көптеген авторлық туындыдан көруге болады. Бұл Жиенғали Тілепбергеновті «Кедей» газетіндегі «оқшау сөз» айдарының, кейін фельетонға ұласқан жаңа жанрдың тууына төте жол салған қаламгер деп тануға мүмкіндік береді», — деп атап көрсетті.
«Кедейден» кейін, яғни 1927-1931 жылдар аралығында Қызылжардағы губерниялық «Бостандық туы», Қызылордадағы «Сыр бойы» газеттерінде басшылық қызметте болған, сондай-ақ Қызылордадағы ағарту институтының директоры, Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы болып еңбек еткен Жиенғали Тілепбергенов 1931 жылдың соңында денсаулығына байланысты Темір қаласына қайта оралды. Мұнда оған «Кедей» (кейіннен «Социалды майдан») газетінің редакторы болып қызмет атқару міндеті жүктелді.
Денсаулығына келсек, Жиенғалидың өзі 1931 жылдың мамыр айында Қазақ өлкелік партия комитетіне жазған арызында 1927 жылдан бері туберкулез дертімен ауыратынын, оны асқындырып алғанын айтқан екен. Осылайша,қызметінүлкен ортада жалғастыруға денсаулығы мүмкіндік бермепті. Бірақ туған жерге келгеннен кейін де күтіне қоймаған, ақырғы сәтке дейін қолынан қаламын түсірмей, жанкештілікпен еңбек еткен.
Сол кезде газет редакциясында теруші болып жұмыс істеген Арухан Шаңғариннің айтуымен қағазға түскен мәлімет бойынша Жиенғали Темірге келгеннен кейін екі-үш ай уақыт кеңсеге барып жүріпті, содан кейін денсаулығы күрт төмендеген. Арасында таяққа сүйеніп жұмысқа барса, ал көбіне газетке үйден қол қойыпты. 1933 жылдың қаңтарынан бастап біржола төсек тартып жатып қалған.
Редакцияны ол кезде қазақтілді орта «басқарма» деп атайды. 1933 жылы Жиенғали Тілепбергенов үйде жатып, редакция ұжымына жолдаған хатында:
«Басқармадағы жолдастарым!
Бүгін ескі әдетше — Жаңа жыл — Наурыз. Күн шығысымен терезеден қыздыра қарап, мені қызықтырады. Көшеде жүруге шақырғандай болады, көкірек талпынғанмен, бойда қайрат, аяқта дәрмен болмаған соң, не пайда?
Сендерге барып сәлемдесуге клишеден салған суретімді жібердім. Жаңа жыл — жаздың басы. Жаздың басы — егістік, тойдың басы, бұл жөнінде жақсы қызмет ету керек.Жиенғали» — деп жазыпты. Осы хатқа қоса «Бұл не масқара, батыр-ау!» деген фельетонын жолдаған. Шұбарқұдықтағы жұмыстарынан еріксіз босатылып, Темірге жіберілген 20 шақты жұмысшыныңқыс ішінде бала-шағамен баспанасыз, қар үстінде қалған оқиғасынсынаған бұл фельетон, жиенғалитанушы Ғайша Ниязованың айтуынша, қаламгердің ең соңғы туындысы екен.
Жиенғали сол жылдың 11 сәуірінде көз жұмған. «Социалды майданның» 19 сәуірде шыққан саны «Құрметті жолдасымыз Жиенғалиға мәңгілік ескерткіш» деген азасөзбен басталып, түгелдей оның қазасына арналған. Ал 28 сәуірде «Социалды Қазақстан» газетінің (қазіргі «Egemen Qazaqstan» редакциясында Ж.Тілепбергеновті еске алу кеші ұйымдастырылған.
ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзін ұлттың ертеңін ойлаған, елдікті аңсаған күрескер тұлғалар жасады. Сондықтан нақ осы кезеңдегі баспасөз тарихы, оның көрнекті өкілдері әлі де болса терең зерттеліп, олардың халықтың болашағына сіңірген еңбегі, жанкешті қызметі, тағылымы кейінгі ұрпақ тарапынан лайықты бағасын алуы керек. Жиенғали Тілепбергенов те ұлт баспасөзін өрге сүйреген буынның ең көрнекті өкілдерінің бірі екенін әсте естен шығаруға болмайды. Бұл орайда біз ғалымдар мен зерттеушілерден әлі де үлкен еңбектер күтеміз.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



