«Қобыланды батыр» жыры Париж төрінде сахналанды

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры алғаш рет шетел сахнасында өнер көрсетті. Париж төрінде қазақтың мәңгілік мұрасы — «Қобыланды батыр» жырын сахналаған ақтөбелік өнер ұжымы Еуропа жұртына ерлік пен рухқа толы эпосты таныстырды. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл сапар театр ұжымы үшін тарихи қадам ғана емес, шығармашылық шабыт сыйлаған маңызды оқиға болды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова осы сапарда маңызды қадамдар жасалғанын айтты.
—Асхат Шахаров облыс басшысы болып алғаш тағайындалған кезде өңірдегі мәдени мекемелердің тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Сол кезде Тахауи Ахтанов театрының ұжымымен де кездесіп, негізгі екі мәселе көтерілген еді. Оның бірі — жаңа театр салу. Қазіргі театрда бір ғана сахна бар, ал онда екі труппа — қазақ және орыс труппасы жұмыс істейді. Бұл шығармашылық процестерге едәуір қиындық тудырып отыр. Сол себепті жаңа ғимарат қажеттігін айтқан едік. Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірге сапары кезінде де көтердік. Президент қолдап, бүгінде құрылыс басталып кетті. Жоспар бойынша жаңа театр 2026 жылдың 4 желтоқсанында пайдалануға беріледі. Көтерілген екінші мәселе — театрдың шетелге гастрольдік сапарға шығуы. Кәсіби театр болғанымен, осы уақытқа дейін ел аумағынан тысқары шықпаған. Бұл мәселені де облыс әкімі қолдап, «Қай елден шақыру келсе де, қолдаймын» деп сенім білдірді. Нәтижесінде биыл театр тарихында алғаш рет Париж қаласында «Қобыланды батыр» қойылымын сахналап, үлкен жетістікке қол жеткіздік, — деді басқарма басшысы.
«Қобыланды батыр» қойылымын таңдау — ұзақ ой мен талқылаудың нәтижесі.
— Көп ойландық. Ақырында «Қобыланды батыр» эпосына тоқтадық. Себебі бұл жырды кеңінен насихаттау біздің жоспарымызда бұрыннан бар еді. Қобыланды батыр жыры туралы 29 нұсқа белгілі болғанымен, бұған дейін ешқайсысы жеке кітап болып шықпаған. 2023 жылы алғаш рет осы нұсқаларды жинақтап, жеті томдық кітап етіп шығардық. Бұл үлкен еңбекке Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары атсалысты. Қобыланды — батырлар жырының ішіндегі ең көп нұсқасы бар, кең тараған жыр. Бізде 7 жастан 40 жасқа дейінгі аралықтағы Қобыландыны жырлай алатын жыршылар бар. Сонымен қатар облысымызда «Едіге» жыр мектебі де ашылды. Бұл — ұлттық мұраны сақтауға арналған нақты қадам. Осыларды ескере келіп, «Қобыланды батыр» спектаклін қоюды жөн санадық, — деді Алтынай Юнисова.
«Қобыланды батыр» жырының қойылымын париждік көрермен ерекше ықыласпен қабылдаған.
— Біз шетелдік аудиторияға түсінікті болуы үшін спектакльдің аннотациясын француз тіліне аударып, алдын ала жібердік. Бұл актерлер ойынына толықтай назар аударуға мүмкіндік берді. Бұған дейінгі шетелдік қойылымдарда көрермендер субтитрге қарап, актерлердің шынайы ойынын жіберіп алатын. Ал біз мәтінді алдын ала ұсыну арқылы көрерменге дайындықпен келуге мүмкіндік бердік. Нәтижесінде көрермен таза актерлік шеберлікті тамашалады. Қойылым барысында ән де айтылды, өйткені эпостық жырдың табиғаты сондай. Эйфель мұнарасының жанындағы 500 орындық әйгілі театр сахнасында қойылымды көрсеттік. Жиналғандар қатарында қазақтар, түріктер, жергілікті француздар да болды. Халықтың ықыласы ерекше болды, — дейді Алтынай Юнисова.
Қойылымды тамашалауға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов пен Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова арнайы келіп көрген және қойылымнан соң жүрекжарды лебізін білдірген. Осы сапарда «Қобыланды батыр» жырын ЮНЕСКО көлемінде халықаралық мұралар тізіміне енгізу туралы бастама көтерілген.
—«Қобыланды батыр» жырын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуге толық негіз бар. Себебі бұл жыр халық арасында кеңінен таралған, бірнеше буынға жетіп, бүгінге дейін жалғасып келеді. ЮНЕСКО басшылығы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сондықтан «Қобыланды батыр» жырын келер ұрпаққа аманат ретінде сақтап қалу — баршамыздың міндетіміз. Осы сапар барысында бір ерекше нәрсені бөліскім келеді. Қобыланды батырдың аруағы қолдап жүргендей күй кештік. Қанша дегенмен шет елге шығу — үлкен жауапкершілік, кедергілері де болуы мүмкін. Бірақ біздің жолымыз өте жеңіл болды. Әуежайда да, өзге жерлерде де ешқандай ұзын-сонар кезекке тұрмадық, құжат тексеру де оңай өтті. Бәрі сәтімен, еш қиындықсыз жүзеге асты. Бұл да бір жақсылықтың, игі істің белгісі деп ойлаймын, — деді Алтынай Юнисова.
Ал театр директоры Сайлау Қамиев бұл сапардың актерлерге ерекше серпін бергенін, шығармашылық шабытын арттырғанын айтты.
— Бұл сапардан түйгеніміз — театр тілі ешқандай аудармасыз-ақ жүректі қозғап, көрерменге әсер қалдыра алатыны. Қойылым ұлттық жыр, ән мен жырға, пластикаға құрылғанымен, шет тілін білмейтін көрермендер де оны толық қабылдады. Француз көрермендері «біз бәрін аудармасыз-ақ түсіндік» деп айтты. 500 орындық залдың 65 пайызы француздар болды. Қойылымнан кейін көрермендер бірден тарқамай, фойеде қалды. Бір сағаттан астам уақыт көрерменмен тілдесіп, олардың әсерімен бөлістік, — деді театр басшысы.
Биылғы жылы өңіріміз үшін айтулы мерейтойлармен есте қалды. Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы мен Мөңке бидің 350 жылдығы республикалық әрі халықаралық деңгейде кең көлемде аталып өтті. Алтынай Юнисованың айтуынша, келер жылы да маңызды мәдени шаралар жалғасады. Жоспарға сәйкес, 2026 жылы белгілі драматург Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы және әйгілі композитор, ғалым Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы кең көлемде аталып өтпек.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



