Өңір тарихы: тың деректер, жаңаша пайымдау

Зерттеу
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қобда өңірінің тарихы» атты 4 томдық ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті.
Бұл —нақты тарихи деректерге, архив құжаттарына сүйеніп жазылған еңбек. Авторы — Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD, Қобда өңірінің перзенті Нұржан Жетпісбай.
Кітапты қалың оқырманға таныстыруға арналған жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, студент жастар, Қобда ауданынан келген түрлі сала қызметкерлері, кітапханашылар мен журналистер қатысты. Алдымен облыстық мәдениет, архивтержәне құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова сөз сөйлеп, жаңа еңбектің құндылығын, өлке тарихын тануда айрықша маңызды екенін атап өтті.
—Ақтөбе — жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен аймақ. Өлкеміздің тарихы да бай, оның ішінде Қобда ауданын Әлия Молдағұлованың туған топырағы ретінде, сондай-ақ орта ғасырлық кесенеге қоса, көне құлпытастарға толы Абат-Байтақ қорымы, Қобыланды батыр кесенесі сынды тарихи ескерткіштері арқылы бүкіл еліміз жақсы біледі. Бүгінгі еңбек тарихшы Нұржан Жетпісбайдың өз бастамасымен қолға алынған. Мұнда Қобданың тарихына қатысты тың деректер топтастырылған. Біз ғалымға туған өлке тарихын зерттеуге, түгендеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтып, алдағы ізденістеріне сәттілік тілейміз. Болашақта осындай еңбектердің қатары толыға түседі деп үміттенеміз, — деді басқарма басшысы.
Ал тарихшы Нұржан Жетпісбай өз сөзінде тарихты зерттеуге деген қызығушылығы бала кезден басталғанын айтты.
— Бала кезімде үлкендерден, соның ішінде өз әжемнен көне шежіре, өңіріміз бен әулетімізден шыққан тұлғалар туралы көп әңгіме естіп өстім. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түстім де, сол әңгімелердің анық-қанығын, нақты деректерін білу үшін архив құжаттарын ақтарып көруге аңсарым ауды. Рас, алдымен өз аталарым туралы деректерді іздеуден бастадым. Сөйте жүріп, туған өлке тарихына қатысты көп деректің жұртшылыққа жетпей жатқанына көз жеткіздім. Осы еңбекті жазу барысында еліміздегі орталық архивтерден бөлек, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде де зерттеу жүргіздім, — деді ғалым.
Патшалық Ресей кезінде қазіргі біздің облыстың аумағы Орал және Торғай облыстарына қарағаны белгілі. Қобда территориясының бір бөлігі Орал облысының құрамында болды. Өкінішке қарай, Азамат соғысы (1918-1920 жж.) кезінде Орал облысының архив қоры өртеніп кеткендіктен, ауданның патшалық замандағы тарихына қатысты деректерді толық қамту мүмкін болмаған. Кітапта Қобда жерін ғұн-сармат заманында мекендеген тайпалар, орта ғасырлардағы мемлекеттер туралы тарихи деректер пайымдалған және ХVIIІ-ХХ ғасырлардағы тарихи оқиғалар кеңінен қамтылған. Мысалы, автор келтірген деректердің біреуіне ғана тоқталсақ, кеңес заманына дейін аудан аумағында 100-ге тарта мешіт болған екен.
Жиында кітаптың тұсаукесер рәсімі де ұйымдастырылды, сонымен қатар Қобда ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Құлбергенов, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеев, т.б. сөз сөйлеп, Қобда тарихына қатысты төрт томдық кітаптың өлкеміз ғана емес, халқымыздың тарихын түгендеу жолындағы үлкен еңбек екенін атап өтті.
Индира ӨТЕМІС.



