Тарих

«Кедейден» басталған жол

немесе «Темірдің» тоқсан бес жылдық белесі

Бүгінгі Ақтөбе облысы аумағында мерзімді баспасөз алғаш рет Ақтөбе губерниясында 1924 жылы екі бет болып жарық көрген. 1928 жылы Ақтөбе губерниясы округке айналады да, осыған байланысты «Кедей» округтік газет болады. Бұл уақыттағы таралымы13 мың данадан асты. Кейін округтер ауданға айналған кезде, 1930 жылдың қазан айында «Кедейдің» жалғасы Темірде алғаш рет шығарылды. Алғашқы жауапты редакторы Рахметқали Оразғалыұлы болды. Газет 6500 данамен шықты.

Оның Темірден шыққан алғашқы нөмірінде газеттің 1924 жылдың 7 маусымынан бастап шығып келе жатқаны жазылған болатын.

Ал 1932 жылы аптасына екі рет шығып тұрған газеттің жауапты редакторы Хамит Құрмашев болады. 1932-1933 жылдары газет тізгінін қазақ жазушысы, журналист, педагог Жиенғали Тілепбергенов ұстады. Осы жылдары, атап айтсақ, 1933 жылдың бас кезінде газет атауы «Социалды майдан» болып өзгереді. Өкінішке қарай, Жиенғали Тілепбергеновтің 1933 жылы 38 жасында аса қайғылы жағдайда ауыр науқастан көз жұмғаны белгілі. Жиенғали Әділұлы қайтыс болғаннан кейін онымен екі жылдай қызметтес болған Опа Алпанов редактор болып тағайындалған.

Кейінгі жылдарда Сыдық Омарханов, Қасенғали Әлекенов, Қарағұл Латыпов, Қазтуған Ботағарин, Башар Қайруллин әр кезеңдерде аудандық газетте редактор болған.

Бастау

Аудандық «Темір» газеті өз бастауын «Кедей» басылымнан алғаны белгілі. Газет«Кедей» деген атпен 1930 жылы 1 қазанда, сәрсенбінің сәтінде төте жазумен Темір қаласында басылып шықты.

Егер тарихқа көз салатын болсақ, «Темір» газетінің қалыптасуына, яғни «Кедейден» басталған қадамдарының нық болуына Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов, Хамит Құрмашевтер атсалысты.

1965 жылға дейін газет Темір қаласында «Социалистік майдан», «Социалды майдан», «Жаршы» дегенатпеншығыпкелді.

1965 жылы Темір ауданы жабылып, Қандыағаш қаласына көшірілгеннен кейін осы ізбен газет те сонда шыға бастаған.

1972 жылы Темір ауданы қайта құрылғаннан кейін «Жұмысшы туы – Рабочее знамя» болып, аудандық газет жаңа сипатта жалғасын тапты.

1990 жылы «Жұмысшы туы-Рабочее знамя» газеттері біріктіріліп, заман ағымына сай «Темір» болып аты өзгертілді.

Тарих беттерін ақтарсақ, 1930 жылы газетте мынадай хабарлама берілгенін байқаймыз:

«Округті жоғалту ісімен байланысты «Кедей» газеті екіге бөлініп, Темір, Шалқар аудандарына баратын болды. Сондықтан «Кедей» газеті 20 тамыздан бастап Ақтөбеде шығуын тоқтатады. Ендігі хат-хабарлар «Кедей» газетінде тапсырылсын да, Темір аудандық партия комитетіне жіберілсін.

Жауапты редакторы Р.Оразғалыұлы».

«Жаршы» газеті болып Темір қаласында шығып тұрған кезінде Табыл Құлиясов, Ибадулла Сұлтанов, Есенбай Дүйсенбаев, Жасар Қойшығұлов, Мыңбай Төлегенов сынды белгілі қаламгерлер еңбек еткен. 1965 жылы аудан таратылып, территорияларының ыңғайына қарай Октябрь, Байғанин аудандарында болып өз алдына құрылып, өз алдарына газет ашылады.

1973 жылдың 1 қаңтарынан аудандық газет «Жұмысшы туы» – «Рабочее Знамя» болып екі тілде — қазақ, орыс тілдерінде шығарыла бастайды. Осы кездегі редакторы тәжірибелі журналист Бақытжан Жанасаев болды.

Бақытжан Жанасаев өз тұсындағы елге танымал азаматтардың бірі еді. Елуінші жылдары  атқа мінген ол сот хатшысы, прокуратура тергеушісі қызметтерін атқарды. Темір қалалық тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы да болды. Ал өмір тәжірибесін жинақтап, ағалық белеске қарай бет бұрған тұста баспасөз қызметіне келді. Октябрь аудандық газетінде редактордың орынбасары, Темір аудандық газетінде редактор болып, жергілікті басылымдардың сол уақыт талабына сай ұйымдастырушылық, үгітшілік міндеттерін қалтқысыз жүзеге асыруына үлес қосты.

Оның баласы Болат Жанасаевтың генерал-лейтенант дәрежесінде Тәуелсіз еліміздің әскери қолбасшыларының бірі болғанын жұртшылық жақсы біледі. Сондай-ақ екінші ұлы Марат та өмір жолын әскери қызметте бастап, кейін комсомол, партия қызметкері болды, мұнай-газ саласында басшылық тізгін ұстады.

Бақытжан Жанасаевтан кейін газет редакторы болып Шубай Бекенов, Мыңбай Төлегенов, Ұзақбай Қауысов, Меңдіхан Әділханұлы, Болат Шайымов, Бердіхан Әділханов еңбек етті.

Газеттің бүгінгі бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Меңдіхан Әділханұлы әр жылдарда басылымда еңбек еткен қалам иелері қатарында көптеген азамат болғанын айтады.

Біз газет тарихына үңіле отырып, Сағи Шымбаев, Нұрғали Тастанбаев, Қарағұл Латыпов, Тауман Төреханов, Есенбай Дүйсенбаев, Табыл Құлиясов, Елеусіз Кенебаев, Зейнолла Құлжанов, Әбдіғани Аймағамбетов, Болат Теміров, Сәуле Өтемісова, Елтай Айжарықов,  Ертай Ашықбаев, Мырзабек Бақытов, Өмірсерік Оразалин, Аманжол Ахметов, Иван Төрениязов есімдерін кездестірдік.

ЕСКІРМЕЙТІН ЕСІМДЕР

Жиенғалидан қалған із

Қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаштарының бірі Жиенғали Тілепбергенов Темір ауданында 1895 жылы туған. Ол Орынбордағы «Хусаннида» (1913-14), Уфадағы «Медресе-Ғалияда» (1915-1918) оқыды. Қазақ тілінде шығатын «Садақ» атты қолжазба журналдың Б.Майлиннен кейінгі редакторы болды. 1918-25 жылдары педагогикалық жұмыста, Ақтөбеде «Кедей» газетінің редакторының орынбасары, редакторы (1925), Петропавлда «Бостандық туы» газетінің жауапты редакторы (1926), Қазақ педагогикалық техникумының директоры (1927-1928) Қазақ мемлекеттік баспасында (1931), Темірде «Социалистік майдан» газетінде редактор (1932-1933) болды.

Бұған дейін білімі де, тәжірибесі де жинақталған Жиенғали Темірдегі газетке тың серпін ала келеді. Ол денсаулығындағы кінәратқа қарамастан, күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді қозғауға күш салады.

Тұңғыш шығармалары «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде жарияланды. 1930 жылы коллективтендіру тақырыбына арналған «Таңбалылар» повесі жарық көрді. Оның «Перизат-Рамазан», «Тілші» атты пьесалары қазақтың ұлттық театрының сахнасында қойылды».

Жазушыныңфельетондары да біртөбе. «Еңбекшіқазақ» газетінде 1928-1929 жылдарыоныңжиырмағатарта фельетоны жарияланыпты. Филология ғылымының докторы, профессор Темірбек Қожакеев: «Жиенғали Тілепбергеновтің фельетондары бүгінге дейін маңызын, сыншылдық күшін жоймаған. Қазіргі жемқорлар мен төрешілдер, жалақорлар мен басбұзарлар, ескішілдіктің шашпауын көтерушілер оларды оқыса, өздерін көріп, сезік алып, бой тартып сақтанады» деп баға береді.

…Жиенғали Тілепбергенов ауыр дерт салдарынан1933 жылдың 11 сәуірінде дүниеден өтті.

Қаламы жүйрік журналист, жалынды жазушы, үлгілі ұстаздың ескірмес есімі қазақ халқының тарихында айшықты таңбасын қалдырмақ.

 Қаламы жүйрік Құрмашев

Хамит Құрмашев 1904 жылыТемір ауданына қарасты №28 ауылда дүниеге келеді. Бастапқыда ауыл мектебінен білім алып, сосынТемір жеті жылдық мектебінде оқиды, 1926 жылы Ақтө бепедагогикалық техникумына қабылданады. Жалынды жас жігіт осында оқып жүріп, «Кедей» газетіне хабарлар әкеліп тұрады.

Облыстық газетте ұзақ жыл басшылық қызметте болған Смағұл Мұқашевтың былай деп жазғаны ойымызда сақталып қалыпты: «Кедей» газетінің беттерінен «Х.Қ.» деген бүркеншік есімді жиі кездестіресіз. Алуан түрлі тақырыпқа құлаш сермеген қаламы жүйрік осы кісі сол техникумда оқып жүріп, газет жұмысына ауысқан Хамит Құрмашев еді».

Хамит Құрмашев 1927 жылы аталған «Кедей» газетіне тілші болып қызметке алынады. Ал 1928 жылдан бастап редакцияның жауапты хатшысы және редактордың орынбасары болып қызмет атқарады.

1930 жылдың тамызында басылым «Кедей» атымен Темір ауданының газетіне айналады да, оның орнына Ақтөбеде «Алға» газеті шығады. Өлкелік басылымда аз уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтаған Хамит та бұдан былай Темірге ауысып, сонда қызмет атқара бастайды.

Олосылайша облыстық газетте үш жылдай қызмет етеді. Жолдастары Хамиттің қолымен көп нәрсе атқарылғанын, оның талантты журналист болғандығын, тіпті жазушылық талабы да байқала бастағанын баян етеді.

Хамит Құрмашев Темірде белгілі қаламгер Жиенғали Тілепбергеновпен тұстас қызмет істейді.

1932 жылы «Социалды жолға» айналған облыстық газеттегі әріптестері өмірден мезгілсіз өткен қарымды қалам иесімен қоштасу сөзінде: «Хамит! Елеулі ер едің, қара жердің қабатына тасаланғанмен, әлі де сені жолдастарың ұмытпас, қош бол» депті.

Хамиттың қызы Роза апа ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. Оның «Менің әкем Хамит Құрмашев журналист болған, онда да осы облыстық газете қызмет атқарған  Әкем 1932 жылдың тамыз айында көкірек сырқатынан қайтыс болған» дегені бар-ды.

Сол уақытта қазақ және орыс тіліндегі газеттерде қазанама жарияланған. Онда «Қазақ ауылын социалистік жолмен қайта құруда қалам қуатымен күрес жүргізген жас большевик-журналист Хамит Құрмашев қайтыс болды» делінеді.

«Социалистік майданда» шыңдалып, майданда ерлік көрсеткен…

Қасенғали Әлекенов  1914 жылы туған. 1932 жылы Темірдегі жеті кластық орыс мектебінде оқиды. Қызылордадағы медициналық курсты тәмамдайды. Көзі ашық, сауатты болған соң аудандық «Кедей», кейіннен «Социалистік майдан» деп аталған газетте  журналист, жауапты редактор болады. 1932 жылдан комсомол мүшесі.  1940 жылы партия мүшелігіне өтеді.  

Ол елде еңбек еткен жылдары ауданның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласады. 1938 жылы Темір аудандық кеңесінің депутаты болып сайланады. 1941 жылы өз еркімен ел қорғауға аттанады. Сталинград шайқасының атақты 124-атқыштар бригадасының 1-ші ротасында сапта болады, 282-полкте рота командирінің орынбасары, жетекші қызметін атқарады.

Москва облысы Подольск  мұрағатында сақталған құжаттарда бригада командирі болған Н.А.Колошин Қасенғали Әлекеновтің ерлігі туралы былайша баяндаған: «Баррикада поселкесін жаудан азат етуде 124-атқыштар бригадасы құрамына 2 взводты біріктіріп, жауынгерлермен  үнемі алдыңғы шепте болып, Қ.Әлекенов жаудың 2 автомашинасын, 5 от ошағын, 60-қа жуық жау әскерінің күлін көкке ұшырып, көзін жойды. Берілген тапсырмаларын орындауда Қ.Әлекенов қарамағындағы орыс ұлтынан басқа ұлттардан жасақталған жауынгермен жауға қарсы ерлік көрсетті».

Қасенғали Әлекенов майданда ерлікпен қаза болған.

* * *

Тоқсан бес жылдық тарихы бар «Темір» газеті 2007 жылдан «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС (қазіргі «Ақтөбе Медиа» ЖШС) қосымшасы болып шықты. 2008 жылдың 1 наурызынан бастап МКҚ болып өз алдына заңды тұлға болып бөлінді.

2012 жылдың 1 маусымынан бастап аудандық «Темір» газеті ЖШС болды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button