Үздік маман оқытады

Ақтөбедегі үстел теннисі орталығында Хорватиядан шақырылған маман Неван Цегнардың жетекшілігімен бапкерлерге арналған семинар, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр.
Неван Цегнар — осы спорт түрінен әлемдік деңгейде мойындалған маман. Ол Хорватия ұлттық құрамасын жаттықтырған, атақты Werner Schlager (Австрия) академиясында еңбек еткен. Оның шәкірттері әлем және Еуропа чемпионаттарында 32 медаль жеңіп алды.
Үздік маман Ақтөбеге бапкерлер біліктілігін арттыру, оларды жас спортшыларды даярлау барысында жаңа ізденістерге жетелеу мақсатында облыстық теннис федерациясының шақыруымен келді. 13 желтоқсанда өткен бапкерлерге арналған семинарда 100-ге тарта маман дәріс тыңдады.
Сонымен қатар 80 жас спортшының қатысуымен оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Бұл жиындарға 25 бапкер қатысып жүр.
Оқу-жаттығу жиындары 23 желтоқсанға дейін жалғасады.
Айна САРЫБАЙ.



