ЖАҢА ФУТБОЛ АЛАҢЫ

Қандыағаш қаласында жаңа футбол алаңы ашылды. Заманауи қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкес келетін бұл алаңда түрлі деңгейдегі жаттығулар мен жарыстар өткізуге болады.
Спорт нысаны «Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен салынды. Өңірдегі мұнай-газ кәсіпорны аудан балаларына екі «ГАЗель» автокөлігін берді. Бұл көліктер Жаңажол мен Ембідегі оқушыларды спорттық және мәдени іс-шараларға тасымалдауға пайдаланылады.
Футбол алаңы 18 қарашада салтанатты түрде ашылды. Оған облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, облыстық мәслихаттың депутаттары — өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Нұркеева, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның адам ресурстары және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Асхат Өтегенов, аудан жұртшылығының өкілдері мен спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Гүлқасима Сүйінтаева атап өткендей, мұндай нысандардың ашылуы бұқаралық спортты дамытуға, жастардың денсаулығын нығайтуға және аудан тұрғындарының белсенді өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.
Дархан Ермағамбетов өз сөзінде «Қазақойл Ақтөбе» өзінің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте растағанын, жер қойнауын пайдаланушы ол аумақтағы инфрақұрылымды дамытуға үздіксіз қолдау көрсетіп, өз үлесін қосып келе жатқанын атап өтті.
— Компания алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесуге бағытталған жобаларға айрықша назар аудара отырып, тұрақты даму қағидаттарын ұстанатын болады, — деп сендірді Асхат Өтегенов.
Айтқандай, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС республикалық «Парыз» байқауының өңірлік кезеңінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» және «Үздік ұжымдық келісім» номинациялары бойынша жеңімпаз деп танылды.
Ләззат ЕГІБАЕВА.



