Жаңалықтар

Құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Қауіпсіздік

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және нашақорлықтың алдын алу мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың бірлескен отырысы өтті.

Шараға прокуратура, мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген жалпы қылмыс деңгейінің 6,6 пайыз төмендегенін атап өтті. Алайда ол алаяқтық деректерінің өсуіне, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар мен отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың көбеюіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен психологтар тарапынан профилактикалық жұмысты күшейту қажеттілігіне назар аударды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың артқанын және олардың алдын алу шараларын баяндады. Оларға қорғаныш ұйғарымдары, дағдарыс орталықтарының жұмысы, ақпараттық науқандар және психологиялық түзету көмегі жатады.

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Сүлейменова дәрілік заттар, әсіресе есірткі және психотроптық заттар айналымын бақылау, анықталған заң бұзушылықтар мен оларды жою шаралары, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен фармацевттерге жүргізілген түсіндіру жұмыстары туралы хабарлады.

Баяндамаларды тыңдаған облыс әкімі отбасын қолдау орталықтарының және оған қатысты құрылымдардың жұмысын толық әрі жүйелі бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал отбасыларды құқықтық, медициналық және психологиялық көмекпен қамтуды міндеттеді.

Біздің негізгі мақсатымыз — қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау. Әрбір тапсырма сапалы әрі уақытында орындалуға тиіс. Жауапты басшылардан бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, формалды емес, нақты жұмыс жүргізуді сұраймын, — деді өңір басшысы.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button