Жаңа ғимарат, сапалы қызмет

Биыл Шалқар ауданы Жаңақоныс округіндегі Аққайтым дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізіліп, нысан толықтай жаңартылды. Бұл — ауыл халқы үшін үлкен қуаныш. Себебі бұрынғы ескі ғимараттың жай-күйі сын көтермейтін, ал жаңартылған амбулатория заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге бейімделген.
Жөндеу жұмысын «Батыс Спец Автоматика» ЖШС өз жауапкершілігіне алып, қысқа мерзімде сапалы аяқтаған. Күрделі жөндеу барысында амбулатория ғимаратының шатыры, есік-терезелері, едені толық ауыстырылып, ішкі инженерлік жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар нысанның сыртқы келбеті де жаңарды.
Жаңғыртудан кейін мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілді. Медициналық құрал-жабдық жаңартылып, қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасының артуына ықпал етуде.
Бүгінде Аққайтым дәрігерлік амбулаториясы Аққайтым, Байқадам және М.Шыманұлы ауылдарының тұрғындарына, сондай-ақ осы аумақтағы бірнеше шаруа қожалықтарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Емдеу мекемесінде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері күнделікті қабылдау жүргізеді.
Осындай игі істердің арқасында ауылдағы денсаулық сақтау саласының деңгейі біртіндеп жақсарып келеді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.



