Спорт майталманына құрмет

Турнир
Спорт саласына елеулі еңбек сіңірген ардагер ұстаз, дене тәрбиесі пәнінің жоғары санатты мұғалімі Қали Қондығалиұлы Ыбраевтың зейнеткерлікке шығуына орай шәкірттері мен әріптестері арнайы 35 жастан жоғары азаматтар арасында волейболдан аудандық турнирұйымдастырды.
Қали Қондығалиұлы 1962 жылдың 12 қазанында Ойыл ауданының Қараой ауылында дүниеге келген. Қараой орта мектебін тәмамдаған соң, Ойыл кәсіптік-техникалық училищесінде білім алып, кейін 1981-1983 жылдары әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеді.Әскери қызметтен кейін Павлодар облысы Ермак (қазіргі Ақсу) қаласындағы физкультура техникумын бітіріп, 1985 жылы туған жері Қараой орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. 1987-1992 жылдары Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі институтын сырттай оқып бітіріп, дене мәдениеті және спорт мамандығын алады. Қараой мектебінде тоғыз жыл еңбек етіп, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттап, талай шәкірт тәрбиеледі. Отбасында үш перзент — екі ұл мен бір қыз өсіріп, оларды өнегелі жолға бағыттады.
1994 жылы Қандыағаш қаласына қоныс аударып, №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдары шәкірттері бокстан, үстел теннисінен ел чемпиондары атанып, спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындауға үлкен үлес қосты.1996 жылдан бастап Қандыағаш қаласындағы №4 қазақ орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбексүйгіштігінің арқасында түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі семинарлар мен жарыстар өткізді. 2000 жылы еңбегі еленіп, «Денешынықтыру пәнінің жоғары санатты мұғалімі» атағын алды. Кейін Мұғалжар ауданының Юбилей орта мектебіне директор болып тағайындалды. 2007-2009 жылдары Мұғалжар аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы қызметін атқарды.2009 жылдан бастап Ақтөбе қаласындағы бокстан олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде жұмыс істеп, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері мен жастар арасында Азия және Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеуге атсалысты. Еңбегі үшін облыстық спорт басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Құрметті ұстаздың спорт саласындағы жарқын жолы мен ұлағатты еңбегі — жас буынға үлгі. Зейнеткерлікке шығу құрметіне орай ұйымдастырылған турнирде Ойыл ауданының Кемер ауылының спортшылары бірінші орынды иеленсе, Көптоғай және Сапақкөл ауылдарының командалары жүлделі екінші және үшінші орындарға табан тіреді.
Шара барысында ағайымызды шәкірттері мен әр жылдары бірге қызмет атқарған әріптестері құттықтап, құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын ұсынды.
Жандарбек ИМАНЧИЕВ, шәкірті.



