«Ақтөбеде даярланған мамандар сұранысқа ие»

Өңірге жұмыс сапарымен келген Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары мен өнертапқыш студенттерімен кездесіп, Heriot-Watt University халықаралық кампусы оқу-зертханалық корпусының құрылысымен танысты.
Әуелі жас талаптардың ЖИ, бейнебақылау жүйесі, интернет игіліктері бойынша жобаларының жай-жапсарын біліп, әрқайсысын жеке тыңдап шыққан вице-министр бұның игілігі мол екенін атап өтті, ізденістерін жоғары бағалады. Оқытушылармен кездесуде де студенттердің таланты мен талабы көңіл қуантарлық екені айтылды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жоғары білім саласына үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік күшейтіліп, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігіміз күннен-күнге артып отыр. Бір мысал ретінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Хериот-Уатт университетінің стратегиялық байланысын айтуға болады. Бірлескен жаңа білім беру бағдарламасы екі тарапқа да тиімді.
Ақтөбедегі университеттерге жыл сайын мемлекеттік гранттар көптеп беріліп жүр. Айталық, Жұбанов университетінде 500-ге жуық студент осы игілікке ие болды. Ақылы негізде оқитындарға да қолдау бар.
Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орны бар. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті туралы айтсам, мұнда білім алған мамандар батыс өңірлерінде ғана емес, республика бойынша сұранысқа ие. Жер-жерде еңбек етіп жүр. Өйткені бұл жерде педагогикалық мектеп қалыптасқан, материалдық-техникалық база да жақсы. Әрі енді Хериот-Уатт университетімен бірлесіп жоғары білікті инженерлерді даярлауға мүмкіндік бар. Сондықтан Ақтөбедегі университет өз миссиясын толығымен орындап отыр дей аламыз. Елішілік университеттердің рейтингінде де көрсеткіші талапқа сай, — дейді Гүлзат Ізбасарқызы.
Одан соң вице-министр шетелдік университеттің оқу-зертханалық корпусының құрылысына барып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік аясында оқу-зертханалық корпустың тақтасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жаңа нысан заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетті кеңейтуге және инновациялық академиялық ортаны дамытуға бағытталған.
Ғимарат үш қабаттан тұрады, жалпы ауданы — 5007,5 шаршы метр, ал жер учаскесінің көлемі 4 гектардан асады. Халықаралық стандарттарға сай ғимаратта заманауи құрылыс технологияларының қолданылып жатқаны айтылды.
— Хериот-Уатт университетінің Ақтөбедегі кампусы Institution of Engineering and Technology (UK) тарапынан аккредиттелген «Электр энергетикасы», Energy Institute және Institute of Materials, Minerals & Mining (UK) тарапынан аккредиттелген «Компьютерлік инженерия», The British Computer Society, Chartered Institute for IT (UK) тарапынан аккредиттелген «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» бағыттары бойынша білім береді. Дәрістерді Шотландия, Дубай, Малайзиядан келген жоғары білікті оқытушылар мен халықаралық жоғары оқу орындарының түлектері жүргізеді. Бұл — ақтөбелік қана емес, еліміздің өзге облыстарынан келіп, оқып жатқан жастарға жасалған оңтайлы жағдай, — дейді ведомство өкілі.
Қазіргі таңда кампуста 518 студент білім алып жүр. Олардың қатарында Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде республикалық маңызы бар қалалардан, ауылдық жерлерден, тіпті Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Пәкістаннан келген студенттер бар. Ауғанстандық және пәкістандық жастар «Bolashak StudyInn» гранты бойынша оқиды.
Хериот-Уатт университетінің артықшылығы — GoGlobal академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Дубай, Малайзия және Эдинбургтағы кампустарда бір семестр білім алу мүмкіндігі. 2024-2025 оқу жылында 12 білім алушы Малайзияда, 4 білім алушы Эдинбургта оқып келсе, 2025-2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығында Малайзияға 14 студент дәріс алуға аттанған.
Сонымен қатар заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған инновациялық кампуста білім алу арқылы әлемдік Хериот-Уатт түлектері қауымдастығының мүшесі болуға және халықаралық компанияларда тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік жасалған.
Бір ерекшелігі, Хериот-Уатт университетінің Ақтөбедегі кампусының түлегі оқуды бітірген соң британдық және мемлекеттік үлгідегі қос диплом алады.
Кампустың алғашқы түлектері 2027 жылы оқуын аяқтамақ.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



