Инвестициялық жобалар: жоспар және нәтиже

Инвестштаб
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың және облыс прокуроры Марат Әбішевтің төрағалығымен өткен өңірлік инвестициялық штаб отырысында инвестиция тартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған жобалар талқыланды.
Бүгінде облыс әкімдігі облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, «Жасыл дәліз» жобасы аясында кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуде. Кәсіп иелерін мазалаған сұрақтар мен туындаған мәселелер арнайы тетіктер арқылы қабылданып, жедел шешімін табады. Бұл бастама өңірдегі бизнес жүргізу климатын жақсартуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған отырысқа Президент Әкімшілігі Өңірлік даму мониторингі бөлімінің инспекторы Ержан Зәйтүнұлы, департаменттер мен басқармалардың басшылары, ұйымдар және инвестор-компаниялардың өкілдері қатысты.
Асхат Шахаров Мемлекет басшысы биыл өңірлерде инвестициялық саясатты күшейту бойынша нақты міндеттер қойғанын алға тартты.
Отырыста өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бес инвестициялық жоба қаралды. Соның бірі — «Эрудит бизнес» ЖШС-ның жеке бизнес мектебі. Инвестор жобаны халықаралық білім беру ұйымы «International Community Schools»-пен (БАӘ) бірге жүзеге асыруда. Облыс әкімі 2021 жылы жер телімі берілгеніне қарамастан, құрылыс әлі басталмағанын айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Екінші жоба — «Аргест» компаниясының қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы. Инвестор іргетас шұңқырын әзірлеу және технологиялық жол салу сияқты дайындық жұмысын жүргізгенін хабарлады. Жобаны әрі қарай іске асыру үшін жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту қажет. Облыс әкімі Хромтау ауданының әкімдігіне бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
Үшінші жоба — «Зерде ҒӨБ» ЖШС-ның дәрілік заттар қоймасының құрылысы. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылуда. Инвестор жер телімін өз қаржысы есебінен сатып алған. Инвестициялық штаб тарапынан ескертулер жоқ.
Төртінші жоба — «Orhun Medical» ЖШС-ның ядролық медицина орталығын құру. Инвестиция көлемі — 3,5 млрд теңге. Орталық жоғары технологияларды қолдана отырып, әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алып, емдеуге қауқарлы. Денсаулық сақтау басқармасы инвесторға ғимаратты ұзақ мерзімге жалға берген.
Бесінші жоба — «Ақтөбе Генерация» ЖШС-ның болат балқыту зауытының құрылысы. Бұған дейін жоба инвестициялық мәртебеге ие болған, алайда міндеттемелер орындалмаған соң бұл мәртебе кері қайтарылған. Облыс әкімі жобаның кестеден кешігіп жатқанын атап, жер телімін пайдалану мәселесін реттеу бойынша шаралар қабылдауды жауапты органдарға тапсырды.
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі Асхат Шахаров инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және олардың жобаларын жүйелі түрде қолдау өңірдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді. Ол жауапты мемлекеттік органдарға жобаларды сүйемелдеу, кедергілерді жою және міндеттемелердің орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Д.АЙДАР.



