«Барлық қызмет жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі керек»

Жол қауіпсіздігі
Өңірде демалыс күндері қолайсыз ауа райына байланысты республикалық және облыстық маңызға ие автожолдарда қозғалыс шектелген болатын. Бұл кезде жолаушылар мен көлік жүргізушілері жылыту пункттеріне орналастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен тегін қамтылды.
Кеше облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде төтенше жағдайлар және полиция департаментінің басшылары, бірқатар аудан әкімдері мен «Қазавтожол» мекемесінің басшысы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қахарман Оразалиннің айтуынша, департамент базасында тиісті қызметтердің қатысуымен облыстық жедел штаб құрылған. «Жедел желіге» 54 қоңырау түскен. Халықты хабардар ету мақсатында sms-хабарламалар мен Darmen мобильді қосымшасы арқылы ақпарат таратылып, әлеуметтік желілерде қауіпсіздік бойынша ұсынымдар берілген. Нәтижесінде құтқарушылар қар құрсауында қалған 7 адамды құтқарған. 80 адам эвакуацияланып, жылыту пункттеріне жеткізілген.
Облыс аумағындағы тасжолдарда енгізілген шектеулерге байланысты блок-бекеттер мен жол бойындағы кемпингтерде барлығы 2625 автокөлік жиналған. Оның 2075-і — жүк көлігі, 23-і — жолаушылар автобусы және 518-і — жеңіл автокөлік.
Жалпы, патрульдеу, жылыту пункттерін ұйымдастыру, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз ету, қар тазалау және түсіндіру жұмыстарына барлығы 201 адам мен 95 техника жұмылдырылды. Оның ішінде төтенше жағдай департаменті, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ЖТжАДБ» мекемесі және полиция департаментінің күштері тартылды.
Жиында «Қазгидромет» мекемесінің мамандары алдағы ауа райы болжамын ұсынды. Айгүл Саймова боран басылатынын, 19-20 желтоқсан күндері күн қайта жылитынын мәлімдеді.
Өңір басшысы Асхат Шахаров ауа райы қолайсыз болғанда азаматтардың қауіпсіздігі басты орында екенін айтты. Ол синоптиктер ұсынған ауа райы болжамын негізге ала отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету бойынша тиісті қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуін тапсырды. Сондай-ақ техника мен жеке құрамның әзірлігін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
— Біз үшін әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Қала және аудан әкімдері, тиісті қызметтер елді мекендердегі автомобиль жолдары, әлеуметтік маңызы бар нысандар және инженерлік-коммуникациялық желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қар тазалауды уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылдау керек. Сондай-ақ полиция, төтенше жағдайлар департаменттері және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалына аса қауіпті жол учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, жолдарды таза ұстау және инертті материалдарды уақтылы себуді қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта өңірдегі жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Д.ҚАЗИХАН.



