Білім

Еліміздегі алғашқы орталық

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Халықаралық зерттеу құзыреттіліктерін дамыту орталығы» ашылды. Қазақстанда алғаш рет ашылған бұл орталық ғылыми мәдениет пен халықаралық ынтымақтастықтың өзегіне айналатын жаңа зерттеу алаңы болмақ.

Жұбанов университетінде осы орталықтың ашылуына орай өткізілген кездесуге Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Хериот-Уатт университетінің (Ұлыбритания) вице-канцлері Ричард Уильямс, Миннесота университетінің Халықаралық бастамалар департаментінің директоры (АҚШ) Марина Алейшо, профессоры Родни Уоллес, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова және профессорлық-оқытушылық құрам қатысты.

Лаура Қарабасованың айтуынша, АҚШ-тың Миннесота университетімен бірлесіп ашылған бұл орталық әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулерді дамытуға, зерттеу әдістері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

— Орталықтың ашылуы Жұбанов университеті үшін ғана емес, жалпы Қазақстан үшін маңызды. Адами капиталдың сапасы тікелей ғылым мен зерттеулердің сапасына байланысты. Әсіресе әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер адам өмірімен білім сапасын жақсартуға бағытталады. Бүгінде әлем өте тез өзгеріп жатыр, соған сәйкес зерттеу әдістері мен құралдары да жылдам жаңаруда. Сондықтан АҚШ-тағы жетекші университеттердің бірі — Миннесота университетімен әріптестік орнатып отырмыз. Бұл университет әлемдік рейтингтерде жоғары орын алады және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бойынша мықты ғылыми мектепке ие. Мақсатымыз — сол университеттің ғылыми экспертизасын, заманауи әдіснамасын Қазақстанға, нақтырақ айтқанда, Ақтөбеге алып келу. Өйткені әрбір оқытушының немесе ғалымның шетелге барып, білімін жетілдіруге мүмкіндігі бола бермейді. Осы орталық арқылы біз сол мүмкіндікті осында, өз университетімізде ұсынып отырмыз. Бұл орталық ғылыми диалог жүргізілетін алаң болуға тиіс, — деді Лаура Қарабасова.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн режимінде қосылып, жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, аталған орталықтың еліміздегі ғылым саласына қосар үлесі жоғары болатынына сенім білдірді.

Миннесота университетінің Халықаралық бастамалар департаментінің директоры Марина Алейшо өзі жұмыс істейтін оқу орны туралы ақпарат берді.

— 55 мыңнан астам студент білім алып жатқан Миннесота университеті — әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі. Оқу орнынан 26 Нобель сыйлығының лауреаты шыққан. Білім беру психологиясы бағыты бойынша университет АҚШ-та алғашқы ондыққа, нақтырақ айтқанда, сегізінші орынға ие, — деді.

Вице-министр Гүлзат Көбенованың айтуынша, бұл орталық Қазақстанның ғылым және жоғары білім саласы үшін маңызды орталыққа айналмақ.

—  Бүгінде білім саласында бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Университеттер үздіксіз дамып, талантты жастар үшін күрес жүріп жатыр. Қазір ата-аналар баланың білім алуына ерте жастан мән бере бастады, бұл — қалыптасып келе жатқан жаңа мәдениет. Мектептер нарығы да кеңейді: мемлекеттік, жекеменшік, лицейлер, әртүрлі бағыттағы оқу орындары көбейді. Соның нәтижесінде университетке мүлде басқа деңгейдегі, талапшыл, саналы жастар келіп жатыр. Біз, профессор-оқытушылар құрамы, сол жастардың үмітінен шығу үшін әрдайым бір қадам алда болуымыз керек, — деді ол.

Вице-министр Ақтөбе облысында ғылым саласына қолдау жоғары екенін, облыс әкімімен кездесуде интеллектуалдық әлеуетті дамыту мақсатында өңірлік деңгейдегі қолдау тетіктері туралы айтылғанын, бүгінде Жұбанов университеті өңірдің негізгі ғылыми-кадрлық орталығына айналып келе жатқанын тілге тиек етті.

Орталықтың салтанатты ашылуынан кейін қонақтар Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен, технологиялық үдерістерімен және ғылыми-инновациялық әлеуетімен танысты. Университет пен зауыт арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында оқу үдерісін жетілдіру, оның ішінде «Металлургия» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу жүзеге асырылып жатыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button